Рудный қаласы әкімдігі жанындағы Жастар істері жөніндегі кеңес отырысы өтті
Рудный қаласында өткен Жастар істері жөніндегі кеңестің отырысында жастардың мәселелерін шешуге бағытталған бірқатар маңызды сұрақтар талқыланды. Жиынды Рудный қаласы әкімінің орынбасары Сәкен Қоқышев ашып, жастар саясатына байланысты маңызды шешімдер қабылдау қажеттігін атап өтті.
Кеңесте жастар саясатын іске асыру мәселесі бойынша Рудный қаласы әкімдігіне қарасты «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Шохова Ақпилек баяндама жасады.
2024 жылы Жастар ресурстық орталығына бөлінген 56,5 млн теңге көлеміндегі бюджет аясында 284 іс-шара ұйымдастырылып, 9065 адам қамтылды. Жазғы маусымда «Жасыл ел» жастар еңбек отрядтарына 167 жас жұмысқа тартылды. Отрядтар тек абаттандыру жұмыстарымен шектелмей, табиғатқа шығу, веложарыс, тренингтер сынды белсенді шараларға қатысты.
Сонымен қатар, еріктілердің қатысуымен 101 акция өткізілді. «Birqemiz qamqor» жобасы аясында «Сила малых дел» жобасы 300 мың теңге грант жеңіп алып, жылдың үздік жобаларының бірі деп танылды. Жастарға арналған дебаттық клубтар мен КВН командалары да өз жетістіктерімен бөлісті.
Салауатты өмір салтын насихаттау бойынша баяндама жасаған «Инновациялық білім беру» қоғамдық бірлестігінің өкілі Вероника Мин бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанын атап өтті. Қаладағы білім беру ұйымдары медициналық мекемелер мен құқық қорғау органдарымен бірлесіп, салауатты өмір салтын дәріптейтін тұрақты іс-шаралар өткізіп келеді.
Әскери-патриоттық тәрбие беру мәселесі бойынша Рудный қаласы білім бөлімінің әдіскері Шомаева Айслу баяндама жасады. Ол жастарды патриоттық клубтарға, волонтерлік қозғалыстарға, соның ішінде «Таза Қазақстан» экологиялық акцияларына және басқа да шараларға қатыстыру қажеттігін атап өтті.
Тұрғын үй мәселесі бойынша Рудный қаласы тұрғын үй қатынастары бөлімінің бас маманы Кабенова Айнұр баяндама жасады. 2024 жылы 94 жас мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алған, оның ішінде: 64 жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар және 30 бюджеттік сала қызметкерлері.
Сонымен қатар, «Қостанай жастары» бағдарламасы аясында 20 квота бөлініп, 52 өтінім қабылданған. Бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыру үшін тұрғын үй беру бойынша ақпараттық-түсіндіру шараларын күшейту ұсынылды.
2025 жылға арналған жұмыс жоспарын ұсынған Рудный қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Ермешекова Гүлшат Кеңес мүшелерімен жоспардың негізгі бағыттарын талқылап, бекітті. Рудный қаласындағы жастарды қолдау және дамыту бойынша шаралар жүйелі түрде жалғаса бермек.
Рудный қаласы
әкімдігінің
«Рудный қалалық
ішкі саясат бөлімі» мемлекеттік мекемесі