Жастар үшін жаңа мүмкіндіктер алаңы ашылуда

Қоғаммен кері байланыс орнатып, мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру – бүгінгі заман талабы. Осы мақсатта Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің басшысы, облыстық Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Ерлан Салықбаев Рудный қаласына жұмыс сапарымен келіп, қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті. Кездесуге қала мәслихатының депутаттары, мемлекеттік мекемелердің басшылары және қоғам өкілдері қатысты.

Басты назарда – халықпен тікелей жұмыс

Кездесу барысында Ерлан Амандыұлы кеңестің негізгі міндеттері жайлы айтып өтті. Оның ішінде мемлекеттік қызмет сапасын бақылау, халықпен тікелей байланыстағы мекемелер жұмысына мониторинг жүргізу және бюрократиялық кедергілерді азайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар сөз болды.

– Қазіргі қоғамда мемлекеттік қызмет көрсету сапасы – халықтың билікке деген сенімінің көрсеткіші. Біз барлық мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруға тырысып жатырмыз. «Электрондық үкімет», eQyzmet.kz секілді порталдар арқылы тұрғындар енді үйден шықпай-ақ қажетті қызметтерді ала алады. Осы жүйелер арқылы қызметке орналасуға да мүмкіндік бар, – деді Ерлан Салықбаев.

Оның айтуынша, бұған дейін мемлекеттік қызметке тұру үшін үміткер 9 заңнан тест тапсыратын болса, бүгінде бұл талап оңтайландырылып, тек 4 негізгі құжатқа негізделген. Олар – Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Мемлекеттік қызмет туралы» заң, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң және мемлекеттік қызметшінің Әдеп кодексі.

Жасанды интеллект көмегімен әділ іріктеу

Бүгінде мемлекеттік қызметке орналасу жүйесіне жаңа технологиялар енгізілген. Кандидаттар тестілеуден кейін жасанды интеллект арқылы сараланып, келесі кезең – сұхбаттасуға шақырылады. Жүйенің басты артықшылығы – ашықтық пен әділдіктің қамтамасыз етілуі.

– Мемлекеттік қызметте кәсібилікпен қатар, әділеттілік пен жауапкершілік те маңызды. Біз әрбір көрсетілген қызметтің сапасына мониторинг жүргіземіз. Соңғы кезде денсаулық сақтау саласында бірқатар заңбұзушылықтар анықталды. Мәселен, кейбір мекемелер тұрғындарға медициналық анықтама алу үшін нақты бір дәрігерлерге барып скринингтен өтуін міндеттеген. Бұл – заңсыз. Енді бұл қызметтер нақты ережеге сай жүргізіледі, – деді ол.

Кадрлық резерв пен жаңа буын мамандар

Биыл Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу жүргізіледі. Ерлан Салықбаевтың айтуынша, өткен жылы бұл жобаға еліміз бойынша 5 мыңнан астам адам қатысса, Қостанай облысынан 500 үміткер тіркеліп, 30 үздік маман таңдап алынған. Олар бүгінде әртүрлі басшылық қызметтерге тағайындалып үлгерген.

– Біз жас мамандарды мемлекеттік қызметке тарту үшін «Менің мамандығым – мемлекеттік қызметші» жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Жуырда Рудный қаласындағы мектептер мен колледждерде кездесулер өткіздік. Балаларға мемлекеттік қызметтің маңыздылығы мен болашағы жайлы түсіндірдік. Патриоттық сезімді оятып, мамандық таңдауға көмектесуді көздейміз, – деді Ерлан Амандыұлы.

Академия – білім мен тәжірибе алаңы

Мемлекеттік басқару академиясы – болашақ мемлекеттік қызметкерлерді даярлайтын негізгі оқу орны. Мұнда магистратура мен докторантура бағдарламалары бар. Оқу тегін де, ақылы да түрде өтеді. Оқуға түскен қызметкерлерге стипендия төленіп, жатақхана беріледі. Академия студенттері шетелде тағылымдамадан өтіп, озық тәжірибе жинақтай алады.

2025 жылы бұл оқу орнына құжат қабылдау сәуірде басталды. Жасы мен қызметтегі тәжірибесіне қарамай, кез келген азамат оқуға тапсыра алады. Бір орынға 20-дан астам адам таласуда. Осы жылы 21 магистрант Түркияға білім алуға аттанса, тағы бір топ маман АҚШ, Дубай және басқа да елдерде тәжірибе алмасуда.

Техникалық мамандық иелеріне сұраныс жоғары

Қазіргі таңда мемлекеттік қызметте 300-ге жуық бос жұмыс орны бар. Оның басым бөлігі – техникалық бағыттағы мамандықтарға: құрылыс, энергетика, архитектура және ТКШ. Сондықтан Рудный индустриялық институты мен колледждерінің түлектеріне үлкен мүмкіндік бар.

– Біз барлық жоғары оқу орындарымен меморандумдар жасап, олармен тығыз байланыста жұмыс істеп келеміз. Қазір мемлекеттік қызметте кәсіби техникалық мамандар ауадай қажет. Индустриялық аймақ пен машина жасау саласының дамуымен жаңа жұмыс орындары ашылуда. Мемлекеттік қызметке келем деушілер үшін есік әрдайым ашық, – деп түйіндеді Ерлан Салықбаев.

Гүлім МҰРАТ,

суретті түсірген автор

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *