Жас түлектер үшін зор мүмкіндік

Кәсіби дағдыларды игеру, мамандық бойынша жұмыс тәжірибесін жинау, болашақта одан да табысты жұмысқа орналасу. Осындай мүмкіндіктерді жоғары оқу орындары мен колледждердің түлектеріне Халықты жұмыспен қамту орталықтары мемлекеттік бағдарламасын іске асырудағы маңызды бағыттардың бірі болып табылатын «Жастар тәжірбиесі» ұсынады.

Халықты жұмыспен қамту жұмыссыздарды тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетеді, уақытша жұмыс орындарын ұсынады. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды ұйымдастырады. Сонымен қатар, азаматтардың барлық санаттарына арналған бос орындар жәрмеңкесін және халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бүгінгі күні орталық ұсынып отырған мемлекеттік бағдарламалар жайлы Мансап орталығының маманы Зульфия Байженова толығырақ айтып берді.

«Бүгінгі таңда «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасының аясында білім беру ұйымдарының түлектеріне жұмыспен қамтуға жәрдемдесу үшін шаралар қолданылады. Солардың бірі- «Жастар тәжірбиесі». Түлектер алған мамандығы бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесін жинауға көмектесу үшін Мансап орталығы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шарасын ұйымдастырады.«Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес білім беру ұйымдарын алдыңғы 5 жыл ішінде бітірген және 35 жастан аспаған жұмыссыз түлектер жоба қатысушылар ретінде белгіленеді», – деп орталық маманы атап өтті.

Жастар тәжірбиесі — 12 айға дейінгі мерзімге қарастырылған. Салықтарды, міндетті зейнетақы жарналарын және басқа да әлеуметтік аударымдарды ескере отырып, айлық жалақы 30 айлық есептік көрсеткішті (103.500тг) құрайды. Бағдарламаға арналған жұмыс орындары меншіктің барлық түріндегі кәсіпорындар мен ұйымдарда құрылады. Айта кетейік, ең бастысы жұмыс орындары түлектің білім беру ұйымында алған кәсібіне сәйкес болуы тиіс.

«Біздің орталық 22 жергілікті меншік және мемлекеттік ұйымдармен серіктес. Олардың қатарында: «Арасан» фирмасы, «Рудный су арнасы» ЖШС және білім ордалары. Бізде кәсіпорындардан лаборантқа, есепшілерге, заңгерлерге, экономистерге, аспаздарға, кондитерлерге көптеген өтініштер келіп түсті. Сонымен қатар,  жұмысшы мамандықтары: механиктер, автослесарлар, токарларға да сұраныс жоғары. 2023 жылдың статистикалық мәліметтеріне сүйенсек орталық 45 түлектерді «Жастар тәжірибесі»  бойынша жұмысқа орналастырды. Бұл көрсеткіш біз үшін жақсы нәтиже» , — дейді мансап орталығының маманы Зульфия Байженова.

Жастар тәжірбиесіне қатысу үшін түлек тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына өтінішпен жүгіну тиіс. Өтінішке мынадай құжаттардың көшірмелері қоса беріледі:ж еке басын куәландыратын құжат, электрондық цифрлы қолтаңба, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің болуын растайтын құжат. Одан кейін, өтініш тексеріліп, жұмыс берушімен келісімшарт жасалады.

Қаламызда «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша жұмыспен қамтылған жастарыымыздың бірі – Сая Келебаева. Ол «Арасан» ЖШС-нің Рудный қалалық филиалында тәжірибеден өтуде.

«Мен биылғы жылы Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің «Азық-түлік технологиясы» мамандығы бойынша оқуымды аяқтадым. Қолыма диплом алып, өз туған қалама оралдым. Тамыз айында жоба жайлы естіп, Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіндім. Жұмыс беруші болып «Арасан» ЖШС-нің Рудный филиалы тағайындалды. Тәжірибеден өту уақытым – 1 жыл. Қазіргі лауазымым- микробиолог.. Жұмыс барысына келсек, арнайы стерилизацияланған «бокс» кабинетіне кіріп сыра өнімін тексеруге бастаймыз. Ол үшін 3-5 күн қажет. Сыраны фильтрден өткіземіз, соңында егер өнім оң нәтиже көрсетсе түрлі зең, микроағзалар көрінеді. Ол кезде дереу басшылыққа хабарлаймыз. Жұмыс қатты ұнайды. Тексерулер жасау, өніммен жұмыс істеу мен үшін қызықты. Мансап орталығына алғыс білдіремін. Аталмыш жоба жастар үшін үлкен мүмкіндік. Өйткені, жоғары оқу орынын бітірген соң, тәжірибеден өтпеген мамандарға тұрақты жұмыс табу қиынырақ», — деп бөлісті жас маман.

Қазіргі таңда «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімі» жобалары аясында жастарды жұмыспен қамту үшін мемлекеттік және жеке меншік жұмыс берушілері қызығушылық танытуда. Дейтұрғанмен, жұмыс беруші үшін негізгі ережелер жалақы, салық, әлеуметтік аударымдар бойынша қарыздар болмауы керек. Ал, жастар жағы жобаға қызығушылық танытса, Пионерская көшесі, 21 мекенжайы бойынша «Жұмыспен қамту орталығына» жүгінсе болады.

Сания САКТАГАН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *