Жас ұстаздар бақ сынасты

Қаламызда Б.Майлин атындағы тірек мектебінің бастамасымен жас мамандар арасында «Мұғалім сымбаты» атты шеберлікті шыңдау сайысы өтті

Жас мұғалімдерге тәжірибелік қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған сайысқа тірек-серіктес мектептердің жас мамандары қатысып бақ сынасты. Сайыс мақсаты — жас мұғалімдерді ынталандыру, қызметкерлердің шығармашылық әлеуетін және мұғалім мамандығының беделін көтеру мен дамыту.

Байқау мәртебелі мұғалім мамандығының беделін арттырып қана қоймай, мұғалімдер арасындағы ең жарқын таланттарды анықтауға, жас мамандарды шыңдау, педагогикалық мәдениеттің жалпы деңгейін көтеруге мүмкіндік берді. Байқау таныстыру, менің қиялымдағы мұғалім сымбаты шеберлігі, педагогикалық жағдаятты шешу бойынша үш кезеңнен өтті. Жалпы қала мектептерінің ағылшын, тарих, биология мен химия пәндерінің 11 мұғалімі қатысты. Қалалық серіктес мектептердің жас мамандар арасындағы сайысын ұйымдастырып, оның мазмұнды өткізілуіне қолдау жасаған тірек мектебінің үйлестірушілері — мектеп директоры Қымбат Бірманова мен ұйымдастырушылық сәттерін бақылаған жас мамандар мектебінің жетекшісі, әрі физика пәнінің мұғалімі Гүлжаухар Құрманова.

– Бүгінгі күні бірден үш жылға дейінгі мерзімде жоғарғы оқу орнын бітіріп келген жастар іріктеліп жас мамандар мектебіне 1 қыркүйектен бастап құрамына кіреді. Үш жыл қатарынан жоспар құрылып, оның өзектілігіне қарай жаңартылып, бірге ынтымақтасамыз. Биылғы жылғы жоспарымыз жүзеге асырылып жатыр. Атап өтсек, түрлі сайыстар, мектепшілік, қалалық олимпиадалар, форумдар, апталықтар, ашық сабақ фестивалі, психологпен кеңес, этика мен ережерледі үнемі түсіндіріп отырамыз. Барлығы кезең-кезеңімен өтіп отырады. Бүгінгі ұйымдастырылған байқауда осы тізімге кіреді. Жас ұстаздар өте белсенді, жаңа идеяларға толы, берілген тапсырмаларға оң көзқараспен қарап жұмыс істеуге дайын, – дейді Гүлжаухар Құрманова.

Жас маман – жақсы істің жаршысы демекші, жастар өздерінің жауапкершілігін көрсетіп,  шығармашылық қабілетін және өнерге бейімділігін ортаға салды. Таныстыру сайысында байқауға қатысушылар өзі туралы және өзінің қызмет атқаратын ұжымын қызықты етіп таныстыру үшін күй тәртіп, ән шырқады. «Менің қиялымдағы мұғалім сымбаты» бөлімінде қатысушының шығармашылық қабілетін, өнерге бейімділігін ашу болды. Көзге түскен биология пәнінің мұғалімі әріптестерінің көмегімен дайындалғанын атап өтті.

– Мен Б.Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясында 3 жыл қатарынан еңбек етіп келемін. Ұстаз болу бала кезімнен арман болды. Мұғалім- ол оқушыға өзіндегі барды емес, өзіннен керемет деңгейдегі білімді, ізденпаздықты, тәрбиені мен тәртіпті үйрету керек. Өзім дұрыс жолға сілтеп, өнегелі ұрпақ тәрбиелеуге мақсаттымын. Заман талабына сай, қазіргі оқушылар да өзгерген. Олармен өзгеше тәсілдерді қолданамын. Мысалы: психологиялық әдістер, интерактивті ойындар және ең бастысы микроскоп сыңды түрлі құрал-саймандарды көп пайдалануға, яғни тәжірбиелік сағаттар өткіземін. Байқауға қатысқаныма қуаныштымын, себебі өз бойымнан жаңа шығармашылық қырларды байқадым. Менің ойымша басқа мектептермен іс-шаралар өткізу маңызды. Бір-бірімізбен қарым-қатынас орнатып, тәжірбиемен алмасамыз. Байқаудың кезеңдерінде қазақилықты нақыштап көрсеттім, ал үй тапсырмасына мұғалімдер бірлестігінен бөлек, оқушыларымда атсалысты. Біз екі күн қатарында дайындалдық, өте көп күш жұмсалды. Тіпті қала сыртында атқа мініп бейнеролик түсірдік. Мен қазіргі таңдағы актуалды «оқушылармен бірге бір толқында жүретін ұстаз» тақырыбын алдым. Осының бәрі жақсы нәтижесін беріп, жүлделі орынды аламын деген ойдамын,- деп бөлісті Гульфира Жалдыбаева өз сөзінде.

Өте қызықты әрі тартысты  өткен сайысқа жас мамандар тиянақты дайындықпен келгендіктерін көрсетті. Жас болса да, ұстаз деген атқа лайық жас мамандар педагогикалық жағдаяттарды жан-жақты орындады. 11 жас маманның барлығы да өз ісінің үздігі болуға лайықты екендігін қазылар алқасы атап өтті. Қазылар алқасы мұғалім жауапкершілігі турасында ой қозғап, бүгінгі іс-шара барысында ұсынылған тапсырмалар жас мұғалімдердің кәсібіне пайдалы болатындығына сенім білдірді. Іс-шара соңында әділқазылар алқасының мүшелері мұғалімдердің кәсіби шеберлігін шыңдауға ықпалы зор сайыстың жоғары деңгейде өткізілгеніне ризашылықпен пікір айтып, үздіксіз ізденісте еңбек ететін маманның жолы ашық, жетістіктер мол болатынын, мектеп ұжымының биік жетістіктерге қол жеткізуіне тілектестіктерін білдірді. «Мұғалім сымбаты» байқауының жүлдегерлеріне арнайы сыйлықтар табысталды.

Сания САКТАГАН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *