Жақсылық зая кетпейді

Әулиекөл ауданындағы өрт басталғаннан бері 2091 адам эвакуацияланып, 12 тұрғын түрлі жарақат алды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел штабынан мәлім етті. Зардап шеккен әулиекөлдіктерге көмек көрсету мақсатында ел халқы “бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарды”. Рудный жұртшылығы да қайырымды шарадан қалыс қалған жоқ.

Ең алғаш боп ормандағы алапат өртті ауыздықтауға “ССКӨБ” АҚ ауыр техникалары мен қызметкерлері жіберілді. Су шашуға арналған, сыйымдылығы 30 текше метрлік БелАЗ бен 10 текшелік КамАЗ автоцистернасы Өрт сөндірушілерді сумен қамтамасыз етсе, Komatsu бульдозері өрттің жайылып кетпеуі үшін жер қопарды. Бүгінде бұл техника аудан орталығындағы зардап шеккендерге үйлер салуға арналған жер аумағын тегістеуге атсалысуда.

Рудный, Қашар, Горняцк кентінің әкімшілігі де халықтан азық-түлік, киім-кешек және тағы да басқа қажетті заттарды жинастырып, гуманитарлық көмекті көліктермен Әулиекөлге жөнелтті.

“Жамандық пайда етпейді, Жақсылық зая кетпейді” дегендей, адам, техника көмегі, гуманитарлық жүктен бөлек Рудный қаласындағы көптеген еңбек ұжымдары ақшалай көмек те көрсетуде. Мәселен, Рудный көпбейінді қалалық ауруханасы 829 мың теңге қаражат жинап, қорға аударды. Ақ халатты абзал жандар бұған дейін де Қарағандыда су тасқынан зардап шеккендерге осындай қолғабыс көрсеткен болатын.

Қайырымды шараға сүбелі үлесті ERG компаниясы да қосып, өрттің салдарын жоюға 1 миллиард теңге бөлмек.

– Мұндай апатпен күресте ауыpбіршілік ерекше маңызды. Жалынның тұтану аймақтарын ауыздықтауға «ССКӨБ» АҚ арнайы техникаларын аттандырдық. Өрттің салдарымен күрес де ауқымды жұмыс. Компания бөлген қаражат осы қалпына келтіру жұмыстары мен зардап шеккен аймаққа қажетті көмек көрсетуге жұмсалады,- деді ERG Директорлары кеңесінің төрағасы Александр Машкевич.

Қазір әлемде қалыптасқан геосаяси ахуалға байланысты ССКӨБ сатылымдары 50% төмендегеніне қарамастан, компания сын сағатта тұрғындарды қолдауға қаражат бөліп отырғандығы құптарлық.

Біз үйінен, бар дүние мүлкінен айырылған әулиекөлдіктер жаңа баспаналарына кіріп, жаңа өмірді бастауларына шын көңілден тілектеспіз. Алла жар болсын!

Айдын АСҚАР

газета «Рудненский рабочий»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *