Жақсы бастама

Жоғары нәтижелерге қол жеткізген жоғары оқу орындарының түлектері мемлекеттік қызметке конкурссыз тағайындалу мүмкіндігіне ие болды.

2023 жылы Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына енгізілген өзгерістердің арқасында мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілер жойылды. Енді мемлекеттік грант негізінде жоғары оқу орындарын (орташа GPA — 3,33-тен жоғары) сәтті аяқтаған ең үздік түлектер аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурссыз тағайындалу мүмкіндігіне ие болды. Бұл шешім мемлекеттік аппаратқа жас әрі дарынды мамандарды тартуға бағытталған.

Қазіргі уақытта Ветеринарлық бақылау комитетінің аудандық бөлімшесінде осындай төрт түлек қызмет атқаруда.

– Бұл жас мамандарды еліміздің өңірлеріне жұмыс істеуге ынталандыратын үлкен серпін. Сонымен қатар, мұндай тәсіл кадр тапшылығын азайтуға ықпал етеді, – деп атап өтті ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Рудный қалалық аумақтық инспекциясының басшысы Ерік Аленов. – Біз бұл жаңа шаралар мемлекеттік аппаратқа болашағы зор жас мамандарды тартып, мемлекеттік органдардың жұмысын тиімдірек ететіндігіне сенімдіміз. Біздің ұжымда осындай екі түлек жұмыс істейді. Олар болашағы зор, жас мамандар, іс жүзінде жұмысқа дайын.

Облыс бойынша 22 түлек аудандық және ауылдық деңгейдегі мемлекеттік лауазымдарға конкурссыз тағайындалды. Солардың бірі – А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің GPA 3.79 болған түлегі Әлия Сәлімжанова. Ол ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Қостанай облыстық аумақтық инспекциясының Рудный қалалық инспекциясына конкурссыз бас маман лауазымына тағайындалды.

Әлия Ұзынкөл ауданындағы Обаған ауылында дүниеге келген. 2017 жылы Қостанай мемлекеттік университетіне (қазіргі Қостанай өңірлік университеті) ветеринария мамандығы бойынша оқуға түсті. 2023 жылы осы мамандық бойынша магистратураны аяқтады. Магистратурада оқып жүргенде Қостанай қалалық аумақтық инспекциясында тағылымдамадан өтті. Сол жерде мемлекеттік ветеринарлық инспектордың жұмысымен танысты. Бір жылдан кейін конкурссыз мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндігін пайдаланып, Рудныйда мамандығы бойынша жұмыс тапты.

– Мемлекеттік қызмет ресми жұмысқа орналасуды қамтамасыз етеді, маңызды жобалармен жұмыс істеуге, мансаптық өсуге және кәсіби дамуға мүмкіндік береді, – деп бөлісті Рудный қалалық аумақтық инспекциясының бас ветеринариялық инспекторы Әлия Сәлімжанова. – Рудныйда өз мамандығым бойынша жұмыс таптым. Бірден мемлекеттік органға жүгіндім, маған қажетті құжаттар ретінде диплом, оқу орнынан архивтік анықтама және жеке куәлік қажет екенін айтты. Қажетті құжаттарды жинап, өтініш жаздым, үш жұмыс күнінде Рудный қалалық аумақтық инспекциясына бас маман ретінде қабылдандым. Екі айға жуық жұмыс істеп келемін. Алдағы уақытта Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына оқуға түсуге жоспарлап отырмын, қазір әзірше үйренетінім көп, мемлекеттік қызметте табысты мансап құру үшін дамуым керек. Маған адамдармен жұмыс істеу, оларға көмектесу ұнайды. Мамандығым бойынша мысықтар мен иттерге ота жасаймын, құжаттармен көмек көрсетемін, кіру-шығуға рұқсат береміз, сондай-ақ сертификаттар береміз. Менің жұмысым облыс, Қазақстан, ТМД, шетел бойынша жылжытылатын объектілерге бақылау және қадағалау жүргізуден тұрады. Мысықтар мен иттерден басқа, дайын өнімдер, ұн, жұмыртқа, ет және тағы басқа тауарларды тексереміз.

Әлияның айтуынша, мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылдау жаңалығы түлектерді мемлекеттік қызметке тұруға ынталандырып қана қоймай, сондай-ақ бастапқы тәжірибесіз мансапты бастаудың оңтайлы жолы болып табылады.

– Бұл өте жақсы бағдарлама, – деп қосты Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің қалалық аумақтық инспекциясының басшысы Ерік Аленов. – Бұл тек сәттілік емес, студенттердің үлкен еңбегі екенін атап өткім келеді. Мемлекет бастапқыда грантпен көмектеседі, жас маманның мемлекет алдында жауапкершілігі бар екенін түсінеді, оқу барысында бар күш-жігерін салады, сөйтіп дайын маман болып шығады. Мемлекет оны қолдайды. Өте дұрыс бағдарлама. Адам еш кедергісіз мемлекеттік қызметке қабылданады, бұл студенттерге үздік болуға ынталандырады. Біздің мемлекеттік мекеме жас мамандармен толыққанына қуаныштымын. Қазір менімен бірге үш жас маман жұмыс істейді. Бұрын конкурс бір айға дейін созылуы мүмкін еді, ал қазір тіпті байқамаймыз, бос орынға апта ішінде маман тағайындалады.

Жоғары GPA-мен түлектерді мемлекеттік лауазымдарға конкурссыз тағайындау мемлекеттік басқаруды дамытуға және жас мамандарды қолдауға жасалған қадам болып табылады. Енді үздік түлектер қоғамға барынша пайда әкелетін салада мансапты бастауға нақты мүмкіндігі бар.

Иван ЛЕЩЁВ,
суретті түсірген Алексей ФРОЛОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *