Мемлекет тарапынан 12 рудныйлық бизнес жобаларына грант ұтып алды
Рудный қаласында жаңа бизнес бастау мен дамытуға бағытталған мемлекеттік гранттардың бірінші легін бөлу бойынша комиссия отырысы өтті.
Қаржылық қолдау әлеуметтік осал санатқа жататын азаматтарға өтеусіз негізде беріледі. Бұл жеке кәсібін ашып, табысты бизнеске айналдыруға, тұрақты табыс көзіне ие болуға мүмкіндік беретін нақты құрал.
2025 жылы бір гранттың мөлшері – 400 айлық есептік көрсеткішке тең, бұл 1 572 800 теңгені құрайды. Қаражат бір реттік негізде және тек бір рет беріледі. Оның жұмсалу тәртібі қатаң реттелген: грант тек кәсіпкерлік қызметті дамытуға бағытталуы тиіс.
Алынған қаражатқа құрал-жабдық, еңбек құралдары, технологиялық қондырғылар, ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстары, көшеттер, бұталар, тұқымдар мен көшет материалдарын сатып алуға, сондай-ақ өндірістік орынжайды жалға алуға жұмсауға болады.
Грантты тұтынушылық мақсатта пайдалануға тыйым салынады. Несие өтеу, баспана немесе жер телімін сатып алу, акциздік өнім өндіру сияқты шығындар грант есебінен өтеуге тыйым салынған.
Грант алуға өтінімдер 2025 жылғы 21 мамырдан бастап business.enbek.kz порталында қабылданды. Рудный қаласынан 18 үміткер тіркеліп, олардың 17-сі комиссия отырысына келіп, өз жобаларын таныстырды. Қорытындысы бойынша 12 грант беру туралы шешім қабылданды. Комиссия шешімі үш жұмыс күні ішінде шығарылды.
МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУҒА ИЕ БОЛЫП, ӨЗ БИЗНЕС-ЖОБАСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУҒА МҮМКІНДІК АЛҒАНДАР:
- Гүлниса Юлдашева – «Наубайхана» жобасы,
- Алена Воропаева – «Аэродизайн студиясын ашу»,
- Бағила Оразбаева – «Диеталық самса мен батон өндіретін цех ашу»,
- Гүлнұр Өтеуәлиева – «Жартылай дайын өнімдер өндірісі»,
- Регина Айтқұлова – «Шай хикаялары»,
- Ақмарал Сәлімбаева – «Қыз жасауы» жобасы,
- Ақмарал Берекебаева – «Тігін қызметтері»,
- Лаура Батырхан – «Шарлармен безендіру қызметтері»,
- Рима Райымқұлова – «Жартылай дайын өнімдер»,
- Бауыржан Тұрсынов – «Темір жолдас» шеберханасы,
- Марал Ақтауыва – «Аспаздық өнімдер шығару»,
- Малика Іспембетова – «Нейроника» балаларды түзету және дамыту орталығы.
Жобаларды қарау кезінде комиссия мүшелері бірнеше өлшемшартқа назар аударды. Атап айтқанда, бизнес-идеяның бірегейлігі, даму және кеңейту әлеуеті, жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндігі бағаланды. Мұндай тәсіл тек жекелеген азаматтардың бастамасын қолдап қана қоймай, жергілікті экономиканың дамуына да серпін береді.
2025 жылға Рудный қаласына 24 мемлекеттік грант қарастырылған. Демек, екінші лег аясында тағы 12 грант бөлінеді. Өтінім қабылдау мерзімі туралы ақпарат қосымша хабарланады. Ал Қазақстан бойынша бірінші лекте 4 501 грант бөлінген.
Мемлекеттік гранттық қолдау бағдарламасы – шағын және микробизнесті дамытуға, сондай-ақ қиын жағдайға тап болған азаматтарға қоғамға бейімделуге көмектесуге бағытталған. Бұл бағдарлама бойынша грантты жұмыссыз ретінде тіркелген немесе жеке кәсібін бастағанына үш жыл толмаған кәсіпкерлер ала алады. Бірақ ол үшін үміткер белгілі бір әлеуметтік санатқа жатуы керек. Атап айтқанда: көпбалалы ата-аналар мен жәрдемақы алушылар, қоныс аударушылар мен олардың еңбекке жарамды отбасы мүшелері, мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен олардың отбасылары, мүгедектігі бар жандар, қандас мәртебесі бар азаматтар және асыраушысынан айырылғандар. Мемлекеттік гранттар жаңа іс бастаған адамдарға нақты көмек беріп, олардың өз ісін дөңгелетуіне, жергілікті экономиканы дамытуына және отбасылық табысын арттыруына мүмкіндік береді.
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ