2024-2025 оқу жылында Рудный қаласындағы 20 жалпы білім беретін мектептер өздерінің өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу жөніндегі маңызды миссиясын жалғастыруда.
Бүгінгі күні қала мектептерінде 16 мыңнан астам оқушы білім алуға кірісті, оның ішінде 1533 бірінші сынып оқушысы бар. Біздің түсірілім тобымыз №10 мектеп-гимназиясында өткен мерекелік жиынға қатысып қайтты.
Міржақып Дулатов атындағы жалпы білім беретін мектепте биыл бірінші сыныпқа 96 оқушы қабылданса, 11 сыныпта түлектер саны 27. Жиынға қатысқан қонақтар, ұстаздар, ата-аналар және оқушыларды мектеп директоры Ағатай Абзал Әміржанұлы жаңа оқу жылымен құттықтап, оқушыларға табыс тіледі.
Абзал Ағатай, мектеп директоры:
«Мектеп табалдырығын аттағалы отырған жас бүлдіршіндерге сәттілік тілейміз! 11 сыныпқа ауысқан 27 оқушыға өткен жылдың түлектерінің жолдарын берсін. 2023-2024 оқу жылы сәтті аяқталды. Мектеп бітіруші 26 түлектің 23-і жоғары білім беру ордасының оқу грантын ұтып алды. Бұл мектебіміздің білім беру сапасының артып келе жатқанының және ұстаздардың еңбектерінің нәтижесінің дәлелі деп білеміз. Мектеп жаңа оқу жылына 100 пайыз дайын. Оқу жабдықтары, материалдық база жаңа форматта өзгертіліп, жабдықталуда. Еліміздің өркендеп, дамуына еңбек етер азаматтар шығады деп үміттенеміз. Осы мақсатта мектеп білім береді, тәрбиелейді. Ата-аналар сіздердің жетістіктеріңізге қуанады. 2 қыркүйекте барлық сынып оқушыларына «Менің отаным — Қазақстан» сынып сағатында білім күні мерекесі өз жалғасын табады. Барша ата-аналарға денсаулық, шыдамдылық, ұстаздарға көмек көрсете отырып, білім жолында біріге еңбек етуді тілейміз! Барша жас түлектерге ақ жол!»
Салтанатты жиынның ерекше сәті ретінде 1 сынып оқушылары өздерінің алғаш оқыған өлеңдерін оқыды. Оқу ісі жөніндегі орынбасары Айткүл Шайкейбекова 2024-2025 оқу жылына арналған мектеп басшысының бұйрығын таныстырды. Жаңа оқу жылының басталуымен қатар, 11 сынып үздік оқушысы Ғалым Жансұлу «Әліппе» кітабын 1 сынып оқушысына салтанатты түрде табыстады. Мектеп түлектері мереке қарсаңында барлық білім алушыларды құттықтады.
Мереке барысында мектептің басты нышаны – алғашқы қоңырау салтанатты түрде соғылды. Алғашқы қоңырауды соғу рәсімін 11 сынып оқушылары Шаймерденова Лаура мен Жұмағали Акимхан және 1 сынып оқушылары Каумен Ерасыл мен Амиржан Асылжан жүргізді. Бұл ерекше сәтте оқушылардың жүздерінде қуаныш пен толқу байқалды.
Ұстаздар мен оқушылардың жылы лебіздері
Жылдамқұлова Әсел Отарқызы, қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі:
«Мен қазақ тілі және әдебиет пәні бойынша білім беріп келе жатқаныма 15 жыл. Биылғы 11 «А» сыныбы өз жетекшілігімде 2 жыл бойы білім алды. Оқушыларыма сәттілік тілеймін. Қазақ мектебінің білім сапасы жоғары деп айта аламын. Алдағы уақытта бірінші сыныпты бастаған бүлдіршіндерге сәттілік тілеймін. Жоғары оқу орнына грантқа түскен барша оқушылардың жолы болсын!»
Жадыра Мырзағалиева, 11 сынып оқушысы:
«Биылғы жылы биология және география пәнін таңдадым. Әзірге мамандық бойынша нақты шешім қабылдамадым, бірақ уақыт бар деп ойлаймын. Мамандық таңдау үлкен жауапкершілік. Барша оқушыларға жаңа оқу жылында сәттілік тілеймін!»
Ақтоқты Ерлан, 11 сынып оқушысы:
«Менің таңдаған пәндерім — ағылшын тілі және дүниежүзі тарихы. Алдағы уақытта аудармашы мамандығына түскім келеді. Білім күні қарсаңында баршаңызға амандық, ұстаздарға табыс, оқушыларға оқуға деген талпыныс тілеймін!»
Рудный қаласының мектептерінде «Қауіпсіздік сабақтары»
Мерекелік шарада полицейлер Рудный қаласының мектептерінде «Қауіпсіздік сабақтары» өткізді. Полицейлер оқушыларға жол қозғалысы ережелері, электросамокаттар мен скутерлерді қауіпсіз пайдалану, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және жазғы уақытта шомылу қауіпсіздігі туралы ескертулер айтты. Сондай-ақ, Қазақстанда ауыр қылмыстар бойынша қылмыстық жауапкершілік 14 жастан бастап туындайтыны туралы және құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелеріне тоқталды. Полицейлер оқушыларға мектептен тыс уақытты тиімді пайдаланып, өз уақыттарын дұрыс ұйымдастырудың маңыздылығын түсіндірді.
Рудный қаласы полиция басқармасының жедел басқару орталығының бастығы, полиция майоры Ибраев Берік Асқарұлы:
«Білім күнімен құттықтаймыз! Жаңа оқу жылы сәтті болсын! Полиция басқармасының атынан айтар ескертуіміз — оқушылар жол қозғалысы кезінде сақ болыңыздар. Әлеуметтік ұстаз арқылы бізге жүгінуге болады. Сұрақтармен талқылайтын мәселелер болса, әрдайым жауап беруге дайынбыз».
Бұл мерекелік шара барлық қатысушыларға қуаныш пен шабыт сыйлап, жаңа оқу жылының басталуын қуанышпен атап өтті. Барша оқушылар мен ұстаздарға жаңа оқу жылында сәттілік пен табыс тілейміз!
Гүлім МҰРАТ,
автор суреті