Мектептер оқулықпен 90 пайыз қамтылған.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, республикадағы мектеп оқушыларының қолына оқулықтар 25 тамызға дейін тиеді. Бұл үшін министрлік мектеп басшыларына мектептерді оқулықтармен қамтамасыз ету бойынша жұмысты жеделдетуді тапсырып отыр. Қазіргі таңда ел мектептерінің оқулықпен қамтамасыз етілуі 90 пайыз шамасында.
Сондай-ақ, Оқу-ағарту министрлігі білім беру ұйымдарының жаңа 2024-2025 оқу жылына дайындығын тексеру нәтижесі бойынша, республиканың барлық мектептерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталып, күрделі жөндеу жұмыстары 280 оқу орнында жалғасып жатқанын хабарлады.
«Біз мектептердің жағдайын және жаңа оқу жылына дайындығын мұқият талдадық. Біздің мақсатымыз – 3,9 миллион оқушыға қауіпсіз және жайлы жағдай жасау. Жаңа оқу жылын табысты бастау үшін жергілікті атқарушы органдармен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуді жалғастырамыз», – деді Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету Комитетінің төрағасы Ернұр Дауенов.
Еске салайық, 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстандағы 7,9 мың білім беру ұйымында 3,9 млн бала білім алатын болады.