Кен алыбындағы «Соколовская» шахтасы тау-кен шахталық жабдықтарын жаңартуды жалғастырып жатыр. Кәсіпорын бөлімшесіне шахталық шөмішті жүктиегіш жеткізілді.
Бүгінгі таңда жаңа техника минус 330 метр көкжиекте еңбек вахтасын атқарып жүр. Ол рельс жолының бойында орналасқан сутөккіш арықтарды тазалайды.
– Мұндай техника бізге қажет. Жүктиегіш тау-кен қалдықтарын тазалау, сутөккіш арықтар мен орларды тазалауға таптырмайтын техника. Бастапқыда маған бұл жұмыс жайсыздау болды. Электровозда жұмыс істеу кезінде электр қажет болса, бұл жерде ең бастысы – ауаның болуы. Ол қозғалтқышқа беріледі және гидравликаның көмегімен барлық жабдықтардың жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Велосипед секілді, еш қиындық жоқ, – дейді жаңа техниканың тізгінін ұстаған Генадий Селедцов.
ШШЖ-М бір ауысымда 20 текше метр тау жынысын тиеуге қабілетті. Жүктиегіш шахтерлердің жұмысын толық механикаландырды. Техника алты адамнан тұратын бригаданың жұмысын алмастыра алады. Бұл еңбек шығындарын азайтады.
Компанияның басты құндылықтарының бірі – қауіпсіздік. Тың техника осы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге септеседі. Өндіріс орындары таза және құрғақ болады. Бұл шахта қызметкерлері үшін қолайлы еңбек жағдайларын жасауға ықпал етеді. ШШЖ-М теміржолдардың коррозиялық тозуының да алдын алып, шахтерлердің сенімді және тоқтаусыз жұмысын қамтамасыз ете отырып, өндірістік процесті де жақсартады.
Айдын АСҚАРҰЛЫ