Жаңа Қазақстан – жаңа талап

Бiз мүлде жаңа қоғамға, Жаңа Қазақстанға бет алып жатырмыз. Жаңа қоғамның сипаты iскерлiк болса, бұл жолда жетiстiктерiмiз де аз емес. Ал шешiмi күрделi мәселелер де бар. Ол – әлеуметтiлiк мәселе. Бұл салада қоғам өмiрiнде түбегейлi шешiмi табылмай тұрған мәселе, ол – коррупция. Елiмiзде осы мәселеге арнайы қабылданған заңдар да, атқарылып жатқан жұмыстар да баршылық, бiрақ бұл мәселе әлi толық шешiмiн тапқан жоқ.

Сыбайлас жемқорлық – әлеуметтік-экономикалық даму, нарықтық экономиканы құру, инвестициялар тарту процесін баяулататын және демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететін, елдің даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс.

Сыбайлас жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Бұл кесел дамушы елдердегідегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет.

Жарасқан НҰРЫБАЙ, «ССКӨБ» АҚ қызметкері:

«Қоғамдағы көкейтесті мәселе болып, өзек жарды проблемаға айналып отырған сыбайлас жемқорлық – ел ішіне білінбей кірген індет секілді. Ал біздің осы жауға қарсы қолданар қаруымыз – қоғам. «Қоғам – өмірдің айнасы» дейміз ғой. Айналамыз таза болса, өзіміздің әсемдігіміз еріксіз байқалады. Сондықтан да қоғам қарсы болса, жай емес, тегіс қарсы болғанда ғана бұл індетті жоймақпыз. Бұл індетті жою – бізге міндет.

Жемқорлық қоғамға ғана залалын тигізіп қоймайды, сенің өміріңді құрдымға жіберер кесапат. Қоғамдағы болып жатқан әртүрлі көрініс болсын, соның бір картинасы жемқорлық деп елестетуге болады. Тіпті, оның өзі үлкен бір сала болып алғандай. Ішінара тармақтарға да бөлініп кеткен. Білім саласындағы жемқорлық, құқық саласындағы жемқорлық, тағысын-тағы. Ақпарат тасқынында судай бұрқырап аққан бұл кесапатқа жоламауды, оны жолатпауды көздейік. Кінәлі адамдардың қылмысын әшкере ету де жемқорлықтың алдын алу болып табылады. Бұл шағым сіздің жемқорлықпен күресуіңіздің куәгеріндей».

Әлима НҰРСЕЙІТОВА, зейнеткер:

«Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне септігін тигізуде.

Сондай-ақ қоғамда кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын атқаруда ынта танытпай, жұмыс жүргізбеуі де жемқорлықтың тамырын тереңдете түседі. Әрине сыбайлас жемқорлық дәрі беріп емдейтін сырқат емес. Айналасындағы салауатты, таза және сау ортаны шарпып, тыныс-тіршілігін тарылтатын, заңсыз әрекеттермен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, дара кәсіпкерлердің, азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі – халықтың өзінде. Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу керек. Ол үшін аталған дертке бірлесе атсалысып, қарсы жұмылуымыз қажет. Сонда ғана ел мүддесі үшін зор үлес қосатынымыз және халық сенімінен шығатынымыз анық».

«Әділдік жоқ жерде пара белең алады», «Дүние – байлық неге керек, денсаулығың болмаса, Төрелігің неге керек, халықтың көңілі толмаса» деген нақыл сөз бар. Халқымыздың өсіп-өркендеуіне нұқсан келтіріп тұрған қоғам дертімен күресуге барлығымыз атсалысайық. Жаңа Қазақстанды келтіреміз десек, ескі жаман әдетімізден арылайық, достар!

Айдын АСҚАРҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *