Қостанай облысы бойынша экономикалық тергеулер департаментінің өкілдері «Рудный су арнасы» ЖШС қызметкерлерімен кездесу өткізді.
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Қостанай облысы бойынша экономикалық тергеулер департаменті экономикалық және қаржылық құқық бұзушылықтарды ескерту, анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу бойынша іске асыру функцияларын жүзеге асыратын құқық қорғау органдарының аумақтық органы болып табылады.
«Рудный су арнасы» ЖШС қызметкерлерімен кездесуде экономикалық тергеулер департаментінің қызметкерлері қаржы пирамидаларымен күресу әдістері туралы ақпарат берді.
– Негізінен қаржы пирамидаларының ұйымдастырушылары біздің республикамыздың шекарасынан тыс жерде орналасады, ал пирамиданы құрып, біздің елде немесе тіпті біздің облыста құрылымдық бөлімшенің жауапты басшысын қалдырады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде қаржы пирамидасын ұйымдастырғаны және басқарғаны үшін жауапкершілік 217-бапта көзделген. Жазаның ең ұзақ мерзімі – 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу, сондай-ақ коммерциялық және қаржылық салалардағы белгілі бір лауазымдарды атқаруға тыйым салу.
2023 жылдың жазының аяғына дейін қаржы пирамидалары бойынша істерді полиция мен экономикалық тергеулер департаменті тергей алатын болса, енді мұндай істердің тергеуі тек ЭТД-ге ғана жүктелген, – дейді Қостанай облысы бойынша экономикалық тергеулер департаментінің аға жедел уәкілі Асар Ғұбайдоллин.
Қылмыстық қудалаудан бөлек, күрес көбінесе азаматтарды қаржы пирамидаларына тартпауға бағытталған алдын алу шаралары арқылы жүргізіледі. Бұл жұмыстар «Кибернадзор», IMAP ақпараттық жүйелері арқылы жүзеге асырылады.
«Кибернадзор» жүйесі интернетте құқыққа қайшы материалдарды анықтау, есепке алу, бағалау және бұғаттау бойынша мемлекеттік органдар жүргізетін жұмысты жүйелеу және оңтайландыруға арналған. Оның көмегімен қаржы пирамидасының сайттарына және басқа да алаяқтардың сайттарына қолжетімділік бұғатталады.
IMAP ақпараттық жүйесі Instagram әлеуметтік желісіндегі қаржы пирамидаларының аккаунттарына жазылған Қостанай облысының тұрғындарын анықтауға мүмкіндік береді.
– Бүгінгі күні осы жүйеде біздің облыстың 531 тұрғыны жазылған 46 аккаунт бар. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері жүйе арқылы оларды тауып, адаммен байланысып, қаржы пирамидасының құрбаны болмау туралы хабарлайды, – деп қосты Асар Ғұбайдоллин.
Сайттарды, аккаунттарды, материалдарды бұғаттаудан басқа, олардың жойылуы сияқты әдіс те қолданылады. Құқыққа қайшы контентті тарататын аккаунт анықталғаннан кейін, иесінен зиянды ақпаратты көпшілікке таратпау үшін оны жоюды сұрайды. Егер адам бас тартса, ол өткен жылдың қыркүйегінде енгізілген Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 150-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Бұл бапта жеке тұлғаларға 150 АЕК (553 800 теңге) көлемінде айыппұл салынады.
– Біздің департаменттің бастамасымен қаржы пирамидасының жарнамасын таратқан бір адам жауапкершілікке тартылды, – деп атап өтті Қостанай облысы бойынша экономикалық тергеулер департаментінің аға жедел уәкілі Асар Ғұбайдоллин. – Бұл факт Қазақстан аумағында алғаш рет болып, прецедентті жағдай жасады. Егер сіз Instagram-да қандай да бір компанияның жарнамасын жариялағыңыз келсе, бірақ оның нақты немен айналысатынын білмесеңіз, ол қаржы пирамидасы болуы мүмкін екенін ескеріңіз. Егер сіз кездейсоқ қаржы пирамидасы әрекетінің белгілері бар контентті жарияласаңыз, уәкілетті органдар сізді ӘҚБтК-нің 150-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартуы мүмкін.
Егер сізге интернетте немесе көшеде жылдам ақша табу ұсынылып, бірақ ол үшін біраз ақша салу қажет болса, бұл жерде бір шикілік бар екенін біліңіз. Мұндай жағдайда Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне хабарласуыңызға болады, ол қаржы пирамидаларының және адал емес компаниялардың белгілері бар компаниялардың тізімін жүргізеді.
Иван ЛЕЩЕВ,
Алексей ФРОЛОВТЫҢ суреті