Жолда сақ болыңыз!

Рудный оқушыларына жол қозғалысы ережелері туралы айтылды

Рудныйда Полиция басқармасының инспекторлары мектеп оқушыларына, балалар орталықтары мен бақтардың тәрбиеленушілеріне жол ережесі бойынша сабақтар өткізді. Бұл шара 20-30 мамыр аралығында өтіп жатқан «Назар аударыңыз, балалар!» акциясының аясында ұйымдастырылды. Басты мақсат балаларға жол ережелерін сақтаудың маңыздылығын еске салу және оларды жолда қауіпсіз жүріс-тұрысқа үйрету болды. Сабақ барысында балаларға жолды қалай дұрыс кесіп өту, велосипедпен жүру және басқа да маңызды ережелерді сақтау керектігін Рудный қаласы Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Марат Сахратов түсіндірді.

 — Аталмыш акция шеңберінде өңір полицейлері балалардың жол-көлік жарақатының алдын алу, көшелерде және жолдарда қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын бекіту мақсатында танымдық, профилактикалық іс-шаралар өткізуде. Балаларды жазғы кезеңде қауіпсіз демалуға дайындап, табиғи ортадағы мінез-құлықтың маңызды ережелерін еске түсірудеміз. Сонымен қатар, төтенше жағдайлар туындаған және қауіп төнген кезде іс-қимылдарға үйрету, жол қозғалысы ережелерін білу деңгейін тексереміз.  Балаларға жол қозғалысы ережелері туралы еске салынды, жазғы кезеңнің басталуына байланысты скутерлермен, мопедтермен, мотоциклдермен жүру, жүргізуші куәлігінсіз жүргені үшін әкімшілік жауапкершілік тақырыбына ерекше назар аударылды,- дейді Марат Сахратов.

Кездесу барысында оқушыларға жазғы демалыс кезінде сақталуы тиіс негізгі сақтық шаралары: су айдындарында, жаппай демалу орындарында және тұрмыста қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелері еске салынды. Полицей балалардың ата-анасының еріп жүруінсіз көшеде болмауы тиіс уақытты сақтауына ерекше назар аударды. Сондай-ақ, ол балаларға интернет желісінде қарым-қатынастың негізгі ережелерін сақтау қажеттілігі туралы, оның ішінде жеке деректерін орналастыру туралы хабардар етті, атап айтқанда, алаяқтық туралы ескертті.

Келесі аспектілерге ерекше назар аударылды:

— Жас жаяу жүргінші тек тротуарда немесе жол жиегінде жүруі керек.

— Жүріс бөлігін тек бағдаршамның рұқсат беру сигналына, жаяу жүргіншілер өткелі бойынша немесе қиылыстарда өтуге болады.

— Көшені алдын ала тексермей тұрып тұрған көліктің, ағаштардың кесірінен жолға шығуға болмайды.

— Жақын қозғалатын көліктің алдында жүріс бөлігінен өтуге тыйым салынады.

— Жас жаяу жүргіншілер жолдастарын жол ережелерін бұзудан сақтандырып, жолдан өту кезінде қарт адамдарға көмектесуі керек.

— Жол қозғалысы ережелерінің талаптарын әрдайым сақтау қажет.

Теориялық білімнен басқа, оқушыларға жол қозғалысының негізгі ережелері бар жадынамалар таратылды. Сондай-ақ, балалар полиция көлігінде отыруға мүмкіндік алды, бұл олардың үлкен қызығушылығы мен қуанышын тудырды. Әңгіме соңында Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары балаларға қызықты және қауіпсіз демалыс тіледі.

Жалпы жыл басынан бері Қостанай облысында балалардың қатысуымен 19 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның салдарынан 19 кәмелетке толмаған зардап шекті. Талдауға сүйене отырып, 80% жағдайда балалар жаяу жүргінші ретінде жарақат алады. Бұл жағдайда, олар өздері кінәлі болып жатады. Басқа жағдайларда балалар жолаушы болып, жол апатына ұшырайды.

 Балалардың қауіпсіздігі жеке үлгіден басталады. Ата-аналар қазір демалыста балалардың қауіпсіздігін қамтамамасыз етуілері қажет, — дейді полиция қызметкерлері.

Ағымдағы жылдың басынан бастап Рудный қаласының аумағында 13 жол қозғалысын бұзу оқиғалары тіркелген. Оның ішінде жүріс бөлігін белгісіз жерде кесіп өткен бір кәмелетке толмаған бала зардап шеккен.

Осындай келенсіз жағдайлардың алдын-алу мақсатында «Назар аударыңыз, балалар!» акциясының аясында Рудный жастар ресурстық орталығының қызметкерлері, полицейлермен еріктілер қаланың басты көшелеріндегі жаяу жүргіншілер өткелдерінің жанындағы тротуарларда бояулар мен трафареттердің көмегімен ескерту жазуларын салды. Бұл жол қозғалысына қатысушыларға жолда мәдениетті және қауіпсіз мінез-құлықты сақтау қажеттілігін еске салады. Шаралардың мақсаты — балалар мен ересектердің жол қозғалысы ережелері туралы хабардарлығын арттыру және жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының санын азайту.

«Назар аударыңыз-балалар!» өз жұмысын жалғастыруда және қала полицейлері осындай сабақтарды басқа оқу орындарында да өткізуді, сондай-ақ халық арасында ақпараттық материалдарды таратуды жоспарлап отыр.

 

 Інжу БЕЙБІТ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *