Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауының бұған дейінгі Жолдаулардан әлдеқайда жүгі ауыр, жауапкершілігі мол
Себебі, алдағы уақытқа қоғамның бағыт-бағдарын айқындайтын қабырғалы құжат әдеттегідей, әлеуметтік, экономикалық мәселеге емес, саяси реформаларға негізделіп жасалды. Бұл ретте, Президенттің сөз басында «Бүгінгі Жолдаудың мән-маңызы айрықша. Оның арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да бөлек. Біз алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге Жаңа Қазақстанды құруға кірістік» деп еліміздің алдына үлкен перспективалық мақсаттар тұрғанын назарға алды.
Өз бастамасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен «Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды. Отандық ақпарат құралдарының Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуға тиіс.
Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, тіпті идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты.
Мемлекет ашық ақпараттық кеңістік пен сұранысқа ие әрі пәрменді ақпарат құралдарын құруға айрықша назар аударады. Бұқаралық ақпарат құралдары билік пен халықтың арасындағы тиімді байланыс арнасы бола отырып, елдегі қордаланған мәселелерді көтере алады және көтеруге міндетті. Бірақ, мұны жоғары жауапкершілікпен жасау керек…
«Журналистер өз еліне және азаматтарына шынайы жанашыр болуға тиіс…
Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес екеніне сенімдімін. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек» деді.
Расында да, БАҚ туралы заңға өзгеріс енгізудің уақыты келгендей. Қазір БАҚ-тың, яғни Бұқаралық ақпарат құралдарының орнына, Бұқаралық коммуникация келді. БАҚ-қа не кіреді дегенге келсек, оған газет, журнал, радио-теледидарды кіргіземіз. Сондай-ақ оған сайттарды қосуға болар. Бұл дәстүрлі Бұқаралық ақпарат құралдары. Дегенмен, қазіргідей жаһандану үдерісінде заманауи өмір-тіршілік мұнымен шектеліп қалмауда. Бұған қоса, уақыт талабымен, әлеуметтік желі, ақпарат тарататын түрлі басқа да құралдар легі келіп қосылды.
Болашақта қабылданар БАҚ туралы заңға осы және еліміздегі Журналист мәртебесіне, оның әлеуметтік категориясына қатысты өзекті мәселелер ескерілер деген үміттеміз. Демократияның басты тетігі саналатын тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдарына Мемлекет басшысының тікелей назар аударуын – жақсылықтың нышаны, игі істердің бастамасы деп білеміз.
Жарасқан БЕКНАЗАРҰЛЫ,
журналист