Шала туылған нәрестелерді өмірге оңай бейімделуге мүмкіндік беретін сапалы тоқыма киімдерімен қамтамасыз ету мақсатында жұмыс атқаратын «28 ілмек» клубы 2012 жылдан бастап мыңдаған отбасы үшін жаңа өмірдің символына айналды.
Статистикаға сүйенсек, елімізде жыл сайын 250 мың нәресте мерзімінен бұрын өмірге келеді. Шала туған сәбилердің өмірге бейімделу барысында тез жетілуге дәрі-дәрмктерден бөлек, жүннен дайындалған тоқыма бұйымдар көмек көрсетеді екен. Бұрындары қазақ халқы шала туған балаларды тымаққа салып өсірген болса, қазірде ауруханаларда тыныс алу орталығы дұрыс жұмыс жасамай, ұзақ ұйықтап кетудің алдын алу, ішкі дене жылулығын сақтап тұру үшін таза жүн тоқыма жүндерінен жасылған киімдер пайдаланылады. Көбінесе бас киім, шұлық және кеудешелер. Себебі, жаңа туған сәбидің басындағы жылу тез жоғалады және аяғы мен қолдарының ұшына келгенде қан айналымы салқындап, жүрмей қалуы мүмкін. Табиғи материал жай ғана жылытып қоймайды, сонымен қатар массаж әсерін жасайды.
Қазіргі таңға дейін республикалық деңгейде жоба мүшелері 200 мыңнан аса зат тоқып, кәдеге жаратқан. Игі жобаның аясы Қазақстанның барлық өңірін қамтып қана қоймай, Грузия, Латвия, Украина, Өзбекстан, Беларусь, Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей секілді мемлекеттерде де жалғасын тауып жатыр. Осы орайда, Рудный қаласының еріктілер ұйымы да қарқынды түрде жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта 20 адамды құрайтын бір топ әйел, мемлекеттік грант аясында сәбилерге арнап киім, ойыншықтар тоқиды. Негізінен клуб перзентханада шала туылған нәрестелер үшін және «Мерей» мамандандырылған үйімен жұмыс істейді. «28 ілмек» клубының координаторы Ирина Баранкова барлық іс-шараларды ұйымдастыру мен келісімсөз жұмыстарымен айналысады. Оның айтуынша мекеме басшылары балаға қажет нәрсенін тізімін беріп, қаражат сомасын есептеді. Оның ішіне тоқыма киімдер мен моториканы дамутыға арналған ойыншықтар кіреді.
«Бастапқыда уақытымды өткізбеу үшін, осыдан 6 жыл бұрын «28 ілмек» клубының мүшелігіне ендім. Алдымен жиынтықтарды тоқысам, содан кейін ұйымдастырушылық сәттерді өзіме алдым. Ақылдаса келе, клуб қыздарымен грантқа қатысуды шештік. Жұмыс өте көп. Қазірге уақытта шала туылған нәрестелерге, сәбилер үйіне және «Мерей» мамандандырылған орталығына арналып киімдер, ойыншықтар тоқылып тапсырылу керек. Сонымен қатар, жақында 12 балабақшадағы мамандандырылған топ үшін тактильді ойыншықтар мен театр қуыршақтары жіберілді. Заман талабына сай, әлеуметтік желіне белсенді түрде өз жұмыстарымызды саламыз. Көптеген қала тұрғындары қолдау көрсетуде»,- дейді ол.
Клуб өмірді гүлдендіретін балақайларға қол ұшын беруге әрқашан асығады. Әрі қарай бақыт сыйлау үшін, болашақта қарттар үйімен де жұмыс жасауда жоспарлауда. Ұйымдастырушылар кез келген тоқи алатын немесе тоқуды үйренгісі келетін тұрғындарды клуб мүшелігіне кіруге шақырады.
Сания САҚТАҒАН