Жуырда Қостанай облысының Әулиекөл ауданында орын алған алапат өрт бүкіл ел жұртшылығын игілікті іске жұмылдырды. Халықтың көп бөлігі жапа шеккендерге азық-түлік, киім-кешек жөнелтіп жатса, басқалары өрт салдарын жоюға атсалысты. Жанын шүберекке түйіп, орманды тілсіз жаудан сақтап қалуға бар күш-жігерін жұмсаған өрт сөндірушілер де назардан тыс қалмады. Мысалға, Рудный мешітінің жамағаты Әулиекөл ауданына барып, оларды азық-түлікпен қамтамасыз етіп, ыстық ас әзірлеп берді.
Айта кетейік, табиғи апаттың алғашқы күндері өртті ауыздықтауға “ССКӨБ” АҚ ауыр техникалары мен қызметкерлері жіберілді. Рудный, Қашар, Горняцк кентінің әкімшілігі де халықтан азық-түлік, киім-кешек және тағы да басқа қажетті заттарды жинастырып, гуманитарлық көмекті көліктермен Әулиекөлге жөнелтті.
Одан бөлек Рудный қаласындағы көптеген еңбек ұжымдары қайырымдылық қорларына ақша аударып, жұмылсақ — жұдырық екенімізді іс жүзінде дәлелдеді.
Айзат ИБРАГИМ
газета «Рудненский рабочий»