Баспасөз туры жылу желілерінің қайта жаңғыртылып жатқан нысандарында өтті
«Рудный жылу желілері» ЖШС 2020 жылға дейін «ССКӨБ» АҚ құрамында болып, тек тариф есебінен ғана дамуға мүмкіндік алған. Бұл қаражат ауқымды жөндеу жұмыстарын жүргізуге жеткіліксіз еді, соның салдарынан жылу желілері айтарлықтай тозған. Жағдай «Рудный жылу желілері» мемлекеттік меншікке өткеннен кейін өзгеріп, республикалық бюджет есебінен күрделі жөндеу жұмыстары басталды.
Ұйым басшысы Олег Абылқаиров Корчагин көшесіндегі №3 айдау сорғы станциясында қала және облыс БАҚ-тарына сұхбат берді. Соңғы бірнеше жыл ішінде атқарылған жұмыстар туралы егжей-тегжейін хабарлады.
Барлығы төрт сорғы станциясында қайта құру жұмыстары жүргізілді, 70-80 жылдардан бері жұмыс істеп келген сорғы агрегаттары толық ауыстырылды. Олардың орнына Даниялық «Grundfos» фирмасының жабдықтары орнатылды. Бұл жылу тасығыштардың айналымын арттырып, әр үйдегі қысым айырмасын жақсартты. Сонымен қатар, электр қуатын тұтыну да төмендеді.
Құбырларды ауыстыруға келер болсақ, зақымдану статистикасы келесідей: 2021 жылы – 255 жағдай, 2022 жылы – 327. Мұндай өзгеріс 2022 жылдың соңында «Железорудная ТЭК» ШКМК мен «Рудный жылу желісі» ЖШС бірігіп, «Рудный жылу желілері» ЖШС атты жаңа кәсіпорын құрылуына байланысты болды. Оның құрамына жеке сектордың 44 шақырымдық желілері кірді. 2023 жылы зақымдану саны тағы күрт өсті – 636 жағдай тіркелді, соның ішінде 241 – жеке секторда.
2023 жылы жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2024 жылы апат саны айтарлықтай азайды – 636-дан 374-ке дейін, соның ішінде жеке секторда – 181 жағдай.
Биылғы жылыту маусымында магистральді жылу желілерінде бірде-бір зақымдану тіркелмеген. Бірінші кезек аясында Топорков, Марите, 40 жыл Октябрь, Горняков, Ленин көшелерінде құбырлар ауыстырылды. Екінші кезекте – ЖЭО-дан бастап Топорковқа дейін, одан сорғы станциясына дейін, Корчагин бойымен және 20-шы шағынауданға дейінгі магистраль ауыстырылды. Жаңа магистраль 50 жыл Октябрь көшесімен Корчагиннен Ленинге дейін жүргізілді. Үшінші кезекте ЖЭО-дан Топорковқа дейінгі және Топорковтан бұрынғы трикотаж фабрикасы ауданына дейінгі магистраль жаңартылды.
«Соңғы жылдары магистральді құбырлардың жартысынан көбі ауыстырылды. Кей тұрғындар бұрын көшелерде мұндай қазу жұмыстары болмағанын, жазда суды өшірмегенін айтады. Бірақ бұл керісінше жақсы деген сөз емес. Жылу желілерінің қалыпты жағдайда жұмыс істеуі үшін жыл сайын 10–12 шақырым желі ауыстырылуы керек», – деді Олег Абылқаиров.
2025 ЖЫЛҒА АРНАЛҒАН ЖОСПАР
Биыл тариф есебінен Топорков және Парковая көшелерінде 800 метр магистральді желі ауыстырылады.
Жеке секторда облыстық бюджеттен қосымша 700 миллион теңге бөлініп, жеке секторда 10 шақырымдық шағын аудандық жылу желілері ауыстырылады.
«Жөндеу жұмыстарын жоспарлағанда, көшелер бойынша емес, кварталдар бойынша бөліп жасадық. Биыл 48, 49, 50-кварталдар мен 4-шағынауданында жылу желілері ауыстырылады. Сонымен қатар, 3-шағынауданның бір бөлігінде де жұмыстар жүргізіледі. Бұл кварталдардағы желілерді жаңартумен қатар, әр үйге жеке жабу арматурасын орнатамыз. Бұл кейін апат болған жағдайда, бүкіл көше емес, тек бір үйді ажыратуға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді Олег Абылқаиров.
Сонымен қатар, кәсіпорын басшысы жеке сектор тұрғындарының газбен жылытуға көшу қажеттігін қолдайтынын айтты. Бүгінде мұндай мүмкіндік 2200 үйде бар, бірақ 3000 жекеменшік үйдің ішінен тек 200-ге жуығы ғана газға қосылған.
Қазір 50 кварталда, Майлин және Шевченко көшелерінде желілер облыстық бюджет есебінен толық ауыстырылуда. Мұнда Астана қаласынан «Инсайт» ЖШС мен Рудный қаласынан «Стройрем-2030» ЖШС атты екі мердігер ұйым жұмыс істеуде. Жұмыстар кестеге сай жүруде. Маусым айында аяқталып, келесі учаскелерге көшеді.
Келесі нысан – Топорков көшесі. Мұнда тариф есебінен магистральді құбырлар ауыстырылуда. Бір учаске осы аптада аяқталады, екі учаскеде құбырлар төселіп, оқшауланып, топырақпен көму жұмыстары жүргізілуде.
Баспасөз турының келесі нүктесі – Строительная көшесі. Инженерная көшесімен қиылысында шағын аудандық желілер қайта жаңғыртылуда. Бұл мердігер өткен жылы аяқтай алмаған екі учаскенің бірі. Маусым айының соңына дейін мұндағы жұмыс аяқталып, шілдеде Дзержинский мен 40 жыл Октябрь көшелерінің қиылысындағы учаскеде жұмыс басталады.
Арай АХМЕТ,
суретті түсірген Даулет КУЛАТАЕВ