Рудный қаласында мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне арналған дін саласы бойынша ағартушылық кездесу өтті. Іс-шараның мақсаты — зайырлы мемлекет ұстанымдарын түсіндіру, жалған діни ағымдардың зиянына назар аударту және азаматтардың діни сауаттылығын арттыру.
Қостанай қаласынан арнайы ҚР ІІМ-нің полковнигі әрі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің оқытушысы, Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Дәулет Құрматаев шақырылды. Оның айтуынша, Қазақстан екінші модельге сәйкес келетін мемлекет. Яғни, дін мемлекеттен бөлінген. Мұндай құрылым қоғамда толеранттылықты, құқықтық негіздегі басқару жүйесін қалыптастырады.
«Зайырлы мемлекет дегеніміз – діни сенім бостандығы сақталған, бірақ дін мен мемлекеттік істер ажыратылған құрылым. Бұл атеизм де емес, дінсіздік те емес. Керісінше, әрбір азаматқа діни еркіндік берілуі»,- дейді Дәулет Құрматаев.
Дін — рухани мәдениеттің бір бөлігі
Профессор Құрматаев діннің тарихи және философиялық рөлін де атап өтті. Ол діннің мифологиядан бастау алып, қоғамдық сана мен мәдениеттің іргетасына айналғанын мысалға келтірді. Буддизм, христиан және ислам діндерінің пайда болу тарихына қысқаша шолу жасап, олардың адамзат тарихына тигізген оң ықпалына тоқталды.
«Дін туралы айтқанда, әрбір діннің жәйдан-жәй пайда болмағанын түсіну маңызды. Әрқайсысы белгілі бір тарихи кезеңде, адамзаттың рухани жол іздеген сәтінде дүниеге келді. Мысалы, буддизм. Аңыз бойынша, бір жас жігіт сарайдағы байлық пен сән-салтанаттан бас тартып, қашып шығыпты. Себебі, ол өмірдің шынайы келбетін, қарттықты, ауруды, өлімді көріп, шошып кеткен. Жолда жүріп ол жараланып қалады. Сол кезде бір әйел оған қамқорлық көрсетіп, мейірім танытады. Аңызда сол әйел осы сәтте ерекше рухани жағдайға жетеді деседі, бұл жағдайды «ағарту», яғни «просветление» дейді. Ал Будда деген сөз – «ағартылған», «рухани оянған» деген мағынаны білдіреді. Осылайша, буддизм ағартушылық пен жан тыныштығына жету жолы ретінде қалыптасты (бұл бейресми, аңызға іспеттес түсіндірме).
Жалпы діндер адамның ішкі ізденісінің, қоғамдағы құндылық дағдарысының нәтижесі ретінде пайда болды. Алдымен мифтер мен аңыздар болды, кейін адамзатқа белгілі бір тәртіп, рухани бағдар керек болып, құрылымды жүйе ретінде дін келді. Христиан мен ислам діндері де белгілі бір кезеңдерде, адамзат әділетсіздік пен азғындауға тап болған шақта пайда болды», — дейді А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-нің оқытушысы.
Псевдодіни ағымдардың қаупі
Сонымен қатар, Дәулет Құрматаев этникалық діндер қатарында даосизм секілді наным-сенімдер мен бүгінгі күні қоғамда қауіпті көрініске айналып отырған жайт: жалған, деструктивті діни ағымдарға жеке тоқтала кетті.
«Дінді тек ғұрыптар жиынтығы деп қабылдамау керек. Ол — рухани мәдениеттің бөлінбес бір бөлігі. Егер оны бұрмалап, жалған бағыттарға түссек, бұл қауіпті салдарға әкелуі мүмкін. Сол себепті бізге діннің шынайы тарихын, мағынасын білу, нағыз дінді жалған ағымдардан ажырату өте маңызды. Секта-бұл мемлекеттен оқшауланған, оның заңдары мен құндылықтарын мойындамайтын ұйым. Мұндай ағымдар жеке тұлғаның санасын бұзады, қоғамдағы алауыздықты арттырады, адамды шынайы өмірден алшақтатады»,- дейді ол.
Дәулет Құрматаев әлеуметтік желілерде көп таралатын бейресми діни насихат көздері жастардың ой-санасына ықпал етіп жатқанын айтып, осы тұста рухани сауаттылықтың маңызын ерекше атап өтті. Дінді жүрекпен және ақылмен түсініп, қабылдау — экстремизм мен радикализмге қарсы тұрудың басты жолы екенін еске салды.
Мемлекеттік саясат пен діни сенім — екі бөлек алаң
Спикер сөз соңында діни сенім мен мемлекеттік саясаттың ара жігін ажырата білу қажеттігіне тоқталды. Мемлекет барлық әлеуметтік және саяси мәселелерді тек заң аясында шешеді, ал дін — әр азаматтың рухани таңдауы.
Ол дін мәселесіне қатысты әлемде қолданылатын екі түрлі модельді таныстырды:
- Дін мемлекет негізі болып саналатын модель (мысалы, Ватикан, кейбір араб елдері);
- Дін мемлекеттен бөлінген модель (Қазақстан, Франция, Түркия т.б.)
Қазақстан осы екінші модельді ұстанады, яғни зайырлы, құқықтық, толерантты қоғамға басымдық береді.
Жиын соңында қатысушылар өз сауалдарын қойып, көкейде жүрген мәселелер бойынша пікір алмасты. Кездесу ел азаматтарының діни білімін тереңдетіп қана қоймай, зайырлы мемлекеттің мәнін түсіндіруге үлкен серпін берді.
Осындай кездесулер қоғамда дінге қатысты дұрыс көзқарас қалыптастыруға, түрлі ағымдарға қарсы иммунитетті күшейтуге көмектеседі. Бүгінгі ақпараттық заманда тек зайырлы қағидаттарды ұстана отырып, ел тыныштығы мен тұрақтылығын сақтау мүмкін болмақ.
Жанарай
НУРМАХАНБЕТОВА,
суретті түсірген
Даулет КУЛАТАЕВ