Әлемде шахмат – ақыл-ойды дамытатын спорт түрі болып саналады. Қазіргі таңда шахмат ойыны ең танымал спорт түрінің бірі десе болады, өйткені олыстық, республикалық, тіпті дүниежүзілік аренада үлкен байқаулар өтеді
Талай танымал талантты ойыншылардың тұсауын кескен Рудный топырағындағы шахмат клубы қазіргі күні 50 шәкірт тәрбиелеуде. Клубта кіші буын өкілдері шеберліктерін шыңдап, аталмыш спорт түрінің қыр — сырын меңгереді. Оған қоса, әуесқой шахматшылар да жиі келеді. Жеке тұлға ретінде қалыптасуға мүмкіндік беретін шахмат ойынының жаттықтырушысы, оның қарамағынан мыңнан аса бала өткенін айтады.
«Мен 30 жылдан астам №1 БЖСМ шахмат бөлімінде жұмыс істеймін. Бүгінгі күнде біздің шахмат клубында 50 оқушы жаттығады. Жас ерекшелігі — 6 жастан 10 жасқа дейін. Алдағы уақытта, жаңа оқу жылында ойынға қызығушылық танытатын балалар секцияға жазылады. Жаз уақытында да бос уақыттарында жаттығатын оқушыларымыз бар. Айта кету керек, бізге тек балалар емес, үлкен кісілер де келеді. Бұл клуб үшін жақсы, себебі көбісі өз құрдастарын жеңе бастайды, ал үлкен кісілермен ойнап жаңа білім алады, өздерін дамытады»,-дейді №1 БЖСМ шахмат бөлімінің жаттықтырушысы Анатолий Безруков.
20 шілде – дүниежүзілік шахмат күні.Осы мереке қарсаңында аталмыш клубқа арнайы қала әкімі Виктор Ионенко тәрбиеленушілермен тілдесіп, өзі де өрендермен шахмат ойнаған болатын.
«Шахмат күніне орай Рудный қаласының әкімінің қатысуымен турнир өтті. Менің бақытыма орай, жетекші әкіммен қарсылас болып ойнауға мені таңдады. Шахмат турнирі қызықты да, тартысты өтті. Ол кісі жоғары дәрежеде ойнады. Бұл мен үшін ұмытылмас сәт және үлкен тәжірибе болды. Шахмат клубына 2 жыл қатарынан қатысып жүрмін, осы уақытқа дейін облыстық және қалалық турнирлерде жүлделі орындарға ие болдым. Болашақта Магнус Карлсен сияқты кәсіби шахматист болғым келеді»,-деп бөлісті 8 жасар Нұрсұлтан Мұңбаев.
Шахмат ойыны — спорттың жоғары дәрежелі зияткерлік түрі. Ол ересек адам үшін де, бала үшін де жақсы хобби бола алады. Өз баланыздың шахматқа қызығушылығын оятып, ой өрісін дамытқыныз келсе, Гагарин 11 мекенжайы бойынша №1 спорт мектебінде 10:00-ден 17:00-ге дейін тегін негізде шахмат үйірмесіне жазылуға мүмкіндік бар.
Гүлім Мұрат