Дін сөзі арап тілінен алынғанда – сыйлық, үкім, есеп, жаза, мойынсұну, бағыну, құлшылық, шариғат заңы, жол және ұлт деген мағыналарды қамтиды. Әрине бұның барлығы адамзаттың еркін, тыныш өмір сүру заңдылықтары қамтылған. Дегенмен, қазіргі таңда халық арасында алауыздық пен кертартпалықты келтіріп шығаратын теріс діни ағымдар ауқымды етек жайып келуде. Осы тақырып аясында қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Сабыржан Есмурзинмен сұхбаттастық.
— Ислам діні кеңінен тараған бүгінгі таңда асыл дініміздің мақсат мүдделерін өзгертіп пайдаланып жүрген түрлі діни ұйымдар пайда болып жатыр. Осы діни ағымдар және олардың адамзатқа келтіретін қауіп-қатерлері жайлы толық әңгімелеп берсеңіз.
— Ең алдымен Ислам дінінің қалыптасу жолына тоқталып өтсем. Жалпы қазақ халқы сан ғасырлардан бері ислам қалаушылардан бірі саналатын Әбу Ханифа р.а. бастаған дін шеңберінде ханафи мазхабын ұстанып келеді. Жалпы қазақ халқы өз діні мен дәстүрін берік ұстанатын болғандықтан, қазақ жерінде діни теріс ағымдар кіре алмаған деседі. Дін танушылардың пайымдауынша, бертін келе, кеңес үкіметі тараған уақыттан бастап, Орта Азияға, соның ішінде қазақ еліне түрлі діни диструктивті ағымдар арнайы жасақталып кіргізілген деген мәліметтер бар. Сондай-ақ, соңғы кездерде ел арасында жат ағымдардың кеңінен таралып жатқандығы да жасыратын дүние емес.
Бүгінгі таңдағы жат ағымдардың бірі ол – Сәләфилік бағыты болып саналады. Және оның үш түрлі ағымы яғни, матхалит, суруриттер және жиһатқа бейім такфирлер деген ағымдар ел арасында таралып келеді. Өкінішке орай, көптеген жастарымыз осы теріс ағымдардың жетегінде кетіп жатыр. Оның басты себептеріне келсек, діни білімнің жоқтығынан, ұлттық идея мен салт-дәстүрімізді жетік білмегендіктен орын алып жатқан жағдайлар болып есептеледі.
Бұл ағымдардың төндіретін қауіп-қатерлеріне тоқталатын болсақ, ең қауіпті тұсы елді, ұлтты сан-саққа бөліп, ел арасында алауыздықты келтіріп шығарады. Жалпы жат ағымның мақсаты да сол саясиланған идеялогиялық мақсат екендігі белгілі жәйт.Сол себепті де біз өз кезегінде болашақ иелері болатын жастарымызға асыл дінімізді тура насихаттап, оларды қауіпті істерден сақтандырып отыруымыз керек.
— Қазіргі уақытта Рудный қаласында ұйымдасып жатқан жат ағымдар жайлы немесе сол ағымның жетегінде кеткен жастар жайлы анықталған ақпараттар бар ма және ондай азаматтарды қалай тануға болады?
— Жалпы жат ағым құрушыларды анықтау және оларды қадағалап отыру өте қиын жағдай. Себебі әр адамның дінді таңдау еркіндігі шектелмеген және олар арнайы мемлекет тарапынан белгілі бір мекемеге немеме ғимаратқа барып тіркелмейді. Біздің қаламыздың жастары арасында да кейбір теріс ағымдарды қолдап, еліктеп, оған еретін жастар кездесіп жатады. Теріс ағым жетегінде жүрген азаматтарды жалпы сырт келбетінен, киім киістерінен және кей жағдайларда ішкі сенімдерінен яғни салт-дәстүрімізге, дінімізге қарсы шығу міселелерінен де тануға болады, яғни, қазақтың қандай да бір дәстүрін адасушылық деп танитын болса, ол жат ағымның белгісі.
— Теріс ағымдардың алдын алу үшін қандай әрекеттер жасау керек?
— Қазақстан заңы бойынша кез-келген діни ұйымдарды мектептерге барып уағыз насихат жүргізулеріне тыйым салатындықтан , білім мекемелерінде біз түсінік жүргізе алмаймыз. ҚРДБ ақпараттық топ ішкі саясат басқармасымен бірге жалпы халық арасында түсінік жұмыстарын жүргізу, профилактикалық шаралар ұйымдастыру, азаматтар арасында уағыз насихаттар алып бару, лекциялар, жұма күнгі уағыздар арқылы жат ағымдардың алдын алу шаралары жүргізіліп отырады.
Әдетте экстремизмге бірінші кезекте жастармен қатар, күнделікті өмірде әділдік таппай ашынған, әлеуметтік жағдайының ауыртпалығын көтере алмай күйзелген жандар бейім тұрады. Қозғалыстардың таралуына анағұрлым икем жерлер, негізінен алғанда – әлеуметтік-экономикалық ахуалы мүшкіл аудандар мен елді мекендер, мәдениет пен білім ошақтарынан алыс аймақтар, түрмелер, тағы басқалар. Ел арасындағы деструктивті діни ағымдар арқылы қолдан жасалып жатқан алауыздықты ауыздықтау үщін түрлі үгіт-насихаттар жүргізумен қатар әлеуметтік жауапкершілік тұрғыдан оларға қарсы күресте отбасы институтының рөлін көтерген, ашық түсіндіру жұмыстарын жүргізген маңызды болмақ. Мұндай жүйелі жұмыстар күнделікті өмір жағдайында қолға алынса өз нәтижесін берері анық. Ұлт болашағы – өскелең ұрпақтың қолында. Сондай-ақ, оларды дұрыс бағытта жетілдіруге сіз бен біз жауапты екенімізді ұмытпайық!
Салтанат КӘДІРҚЫЗЫ