Бүгінде рухани өміріміздің өзегін көпшілік оқырманға, ертеңгі ел тізгінін ұстайтын жастарға насихаттауда, рухани мәдени байлығымызды дәріптейтін кітапхана. Сол байлықты өз оқырманына таныстырып жеткізетін тұлғаларымыз, ол – кітапханашылар.
Өткен жылы Қазақстан Республикасының Үкіметінің қаулысымен «24 қазан- кітапханашылар күні» болып бекітілген. Халқымызды білімге, әдебиетке және руханиятқа жетелейтін, құмарлататын біздің кітапханашылар. Осы мерекеге орай «Рудный орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» ММ мемлекеттік тілдегі кітапхананың оқу залынының кітапхана қызметкері Қарасын Бақаевамен сұқбаттастық.
— Өзініз жайлы, еңбек жолыңыз қалай басталғанын айтып өтсеңіз?
— Мен Қамысты ауданында дүниеге келдім. Өзім жас кезімде ұстаздық жолын таңдағам. Көп жылдар бойы оқушылармен жұмыс істедім. Уақыт өте, кітапхашы болуға шешім қабылдадым. Менің ойымша, екі мамандық бір-біріне ұқсас келеді. Қазіргі уақытта «Рудный орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» ММ мемлекеттік тілдегі кітапханасында 15 жыл жұмысымды атқарып келемін. Бұл кітапхана алғаш рет 2001 жылы егемендігіміздің 10 жылдығы қарсанында оқырмандарға өз есігін ашқан болатын. Кітапхана ашылған кезде кітап қоры 3 мың ғана болған. Қазіргі таңда 14 мыңға жетеді. Осыған сай оқырман саны да көбейіп келеді. Екі мыңнан астам тұрақты оқырмандарымыз бар. Олардың қатарында оқушылар, зейнеткерлер мен жастар.
— Күнделікті жұмыс барысына тоқталсаңыз?
— Біздің кітапхана түрлі іс-шаралар ұйымдастыруға асық. Осыған байланысты әріптестеріммен әрқашан ізденіп, оқырмандарымызбен жұмыс істейміз. Айтатын болсақ, 2014 жылдан бастап біздің кітапханада «Кездесу» клубы бар. Оның ішінде тұрақты 20 шақты оқырмандар, ата-әжелер мен жергілікті жазушылар бар. Ал 2022 жылдан «Дәстүрге аналар» жобасының әйелдер қауымы бізге қосылды. Осы кісілермен жиналып түрлі форматта іс-шаралар өткіземіз. Бірақ, айтып өткендей кітап қоры бізде үлкен, күн сайын жаңарып қосылып жатады. Осыған орай, тізімдерін тексеріп, компьютерге енгізіп отыру да оңай жұмыс емес. Сондай-ақ кітаптарға шолу жасау да біздің міндетіміз.
— Жас жеткеншектермен байланыс орнатылған ба? Кітапханаға жие келеді ме?
— Мектеп туралы айтсақ, Б.Майлин атындағы 7 мектеп-гимназиясы, 14 мектеп, А. Байтұрсынов атындағы мектеп және М.Дулатов атындағы мектептермен тығыз қарым-қатынастамыз. Оларды арнайы сыныппен қонаққа шақырып, түрлі өмір жолында биік белестерге жеткен немесе абыройлы азаматтармен кездесулер ұйымдастырамыз. Мақсатамыз- уақыттарын бос өткізбеу, құнды ақпараттарды бойларына сіңіру. Сондай-ақ, №5 балабақшамен жұмыс істейміз. Аптасына бір рет барып, ертегілер мен балаларға арналған өлеңдер оқимыз. Маған бөбектермен жұмыс жасаған ұнайды. Олар бар ынтасымен тыңдап, бәрін ұғып алады. Ол жастағы балалар барлығын түсініп отырады, көп сұрақтар қояды және келесі кездесулерімізді асыға күтеді. Осындай жұмыстар менің міндетіме кіреді.
Атап айтқанда, Қарасын Бақаеваның міндеттеріне тек оқу залында жұмыс жасау кірмейді. Әрқашан ізденісте болып, іс-шараларды ұйымдастырады. Кез-келген атаулы күндерде кітапхана қызметекерлері өз оқырмандарымен атап өтеді.
— Сіз үшін кітапхана ұғымы нені білдіреді?
— Біз әрқашан кітапты насихаттаймыз. Кітап – білім бұлағы болса, сол білімнің көзін ашар кітапханашылар екені мәлім. Бізге тіпті оқушылар үй тапсырмасын орындауға келеді. Бірге отырып, керек ақпараттарын іздей бастаймыз. Дегенмен, қазіргі қоғам телефон қармағына ілініп, кітап оқудан қалды. Барлық ақпаратты сол жерден табады. Бірақ барлық рухани азығымыз, қазына осы кітап ішінде. Кейде ғаламтордан алған ақпаратты жалған болуы да мүмкін. Сол себептен, кітап нағыз ақпарат көзі. Кітапхана ешқашан өзінің маңыздылығын жоймайды. Тіпті, күн сайын қоғамға керек болып жатыр. Адам қандай қиын жағдайға тап болса, барлық сұрақты кітаптан таба алады. Өзінің жанына жақын психологиялық болсын, әдеби романдар болсын немесе көңілді кітаптар болсын бізде баршылық. Өз талғамына қарай таңдауға, оқуға бәрін шақырамыз. Осы мерекеге орай барша әріптестеріме шығармашылық табыс, отбасыларыңызға саулық тілеймін! Жұмыс барысындағы қызықты сәттеріміз көп болсын! Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын!
Кітапханашылар күнінің белгіленуі мамандардың мәртебесін көтеруге тікелей әсер етеді. Бұл мереке алдымыздағы ұлттық мереке Республика күнімен тұспа-тұс келіп тұр. Барша кітапханашылар оқырмандырының ыстық ықыласына бөленіп, жаңалықтың жаршысы, таусылмас қазынаның қорғаны болыныздар! Кәсіби мереке күні, құтты болсын!
Гүлім Мұрат