22 наурыз күні рудныйлықтар көктемгі жаңару күні – Наурыз мейрамын атап өтті
Рудный қаласында бұл мейрам таңертеңнен басталды. Сағат 10:00-де орталық алаң нағыз мерекелік кейіпке еніп, қала тұрғындарының жүзінде шаттық сезілді. Театралдық көріністер, ұлттық дәстүрлер, жанданған музыка мен билер – мұның бәрі көктемгі мерекенің ерекше атмосферасын қалыптастырды.
Мереке аясында спорттық жарыстар ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтары белсенді түрде қатысты. Жарыстардың жалпы жүлде қоры 1 миллион теңгеден асты. Бағдарламаға қазақ күресі, арқан тарту, қол күрес, гір көтеру, қой көтеру және асық ату сынды ұлттық спорт түрлері мен ойындар енді. Әсіресе, қазақ күресіне деген қызығушылық жоғары болды, оның жеңімпазына 600 мың теңге көлемінде жүлде тағай ындалды. Бұл жарыстар ұлттық мұрамыздың маңыздылығын көрсетіп, ата-бабамыздан қалған дәстүрлерді сақтау қажеттігін тағы бір мәрте еске салды.
Дәстүр бойынша, Рудный қаласының орталық алаңында Наурыз мерекесіне орай бес тақырыптық киіз үй тігілді. Олар қазақ халқының бай мәдениеті мен тарихын бейнелейтін ерекше атмосфераны қалыптастырды.
Орталық алаңда Наурыз мейрамының басты белгілерінің бірі – ұлттық тағамдар молынан ұсынылды. Қала кәсіпкерлері мен мемлекеттік мекемелер мерекеге келген қонақтарды тегін палау және бауырсақпен қарсы алды. Барлығы 1 тонна палау мен 2 тонна бауырсақ таратылды. Бұл бірліктің, молшылықтың және әрбір азаматқа деген қамқорлықтың символына айналды.
Кешке қарай алаңда үлкен мерекелік концерт өтті. Жергілікті өнер ұжымдарының әсем әндері мен билері мерекелік көңіл-күй сыйлады.
– Баршаңызды көктемнің жарқын мерекесі – Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Бұл – жаңару мен бірліктің, татулық пен ізгіліктің мейрамы. Біздің Рудный қаласы жылдан-жылға дамып келеді. Жылу және су желілері жаңғыртылып, жаңа балабақшалар салынуда, жалдамалы тұрғын үйлер саны артып жатыр. Біз осы бағытта жұмыс істеуді жалғастырамыз, – деді өз құттықтау сөзінде қала әкімі Виктор Ионенко.
Әкім қала тұрғындарына жаңа жетістіктер, амандық және әр отбасына бақ-береке тіледі. Сонымен қатар, бес көпбалалы отбасы жаңа пәтердің иесі атанды.
– Бұл күн – жаңа бастамалар мен жақсылықтың символы. Осы үйлер сіздерге береке мен бақыт әкелсін! – деді қала әкімі.
Сондай-ақ, Қазақстанның шорт-трек тарихында алғаш рет Азия ойындарында алтын медаль иеленген жерлесіміз, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Глеб Ивченкоға демеушілер атынан жаңа пәтердің кілті табысталды. Кілтті спортшының анасы Анна Ивченко қабылдап алды, өйткені Глеб бұл кезде Астанада болатын. Ол өзінің видеоүндеуінде алғысын білдіріп, рудныйлықтарды Наурыз мерекесімен құттықтады.
Алаңда мерекелік шаттық пен көтеріңкі көңіл-күй сезілді. Қала тұрғындары дәстүрлі қазақ тәттілері мен ұлттық тағамдардан дәм татты.
– Маған мерекелік шаралар қатты ұнады! Бүгін әткеншекке мініп, концерт тамашалап, киіз үйге кірдім. Сондай керемет әсер алдым! – деді қала тұрғыны Анастасия Милюкова. Наурыз – бұл жаңа жылдың, достық пен бірліктің, мейірімділік пен қонақжайлықтың бастауы. Бұл мереке ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан қазақ халқының салт-дәстүрлерін жаңғыртуға септігін тигізеді.
– Баршаңызға зор денсаулық, Наурыз мейрамы құтты болсын! Бұл мереке әр отбасына қуаныш, сәттілік, бейбітшілік пен молшылық әкелсін! – деп құттықтады Рудный қаласының тілдерді оқыту орталығының басшысы Жанат Досубаева.
Гүлім МҰРАТ,
суретті түсірген
Сұлтан СЕРТАЕВ