КӨРІСУ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Бүгін Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамының мерейлі бастауы ретінде тойланатын Көрісу күні. Қаламызда Наурызнаманың онкүндігі аясында Рудный қаласы әкімінің орынбасары Сәкен Қоқышев, қалалық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сәлімгерей Бексейітов және Қазақстанның үш дүркін чемпионы, ҚР спорт шебері Мирас Баршылықов осы маңызды ұлттық мереке күні қаламыздың құрметті азаматтарымен кездесті. Қоғам белсенділерімен бірге Наурыз мерекесінің тарихын, оның мәдени үшін маңыздылығы талқыланды.

Мерекелік құттықтаудың алғашқы иелері жергілікті ақын және білім саласының ардагері Сүндет Ұбайұлы, сондай-ақ «Құрмет белгісінің» иегері құрметті кенші Сейдахмет Нұрқанұлы болды.

«Мұндай іс-шаралар еліміздің тарихи дәстүрлері мен мәдени мұрасын сақтау және беру үшін маңызды. Ардагерлеріміздің қоғам дамуына және мәдени дәстүрлерді сақтауға қосқан үлесі баға жетпес. Мереке қарсаңында қаламызға сіңірген еңбегі үшін алғыс білдіріп, еске алып жүру біздің міндетіміз. Наурызнама онкүндігі дәстүрімізді жаңғыртып, ынтымағымызды арттырары сөзсіз. Адамдардың бір-біріне деген ізеттілігін, құрметін, ынтымағын арттыратын «Көрісу» мерекесі құтты болсын!»,-деп атап өтті қала әкімінің орынбасары Сәкен Балғабайұлы.

Бұдан соң, мемлекеттік қызмет ардагері Александр Владимировичті және атақты дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Анатолий Ивановичты құттықтап қайтты.

«Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» дейді дана халқымыз. Мейрам күні Сіздерге арнайы келіп отырмыз. Қаламыздың өркендеу жолындағы қоғамдық шараларға белсенділік танытып, жас ұрпақтың тәрбиесіне қосып жүрген қажырлы еңбектеріңізді атап өтпеске болмайды. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға береке, бала-шағаларыңызға амандық тілеймін!», — деді Сәлімгерей Сұлтанғазыұлы.

Атап өтетін жайт, биыл Қазақстанда Наурызды мерекелеу форматында өзгерістер енгізілді. Биылғы жылы 14-23 наурыз аралығында өткізілетін Наурызнаманың онкүндігін жариялай отырып, оның мәні мен мазмұнын байыту және дәстүрлі түрде жыл сайын атап өту ұсынылды. Бұл кезең әртүрлі іс-шаралар мен дәстүрлі мерекелік рәсімдерді қамтиды.

«Жалпы Наурызнама бойынша мерекені тойлау ел жаңаруының жаршысы ретінде табалдырықтан аттағалы тұрған ұлу жылын зор үмітпен және нық сеніммен бастауға жақсы себеп болады деп санаймын. Спорт саласында жүргендіктен көп уақытым дайындыққа немесе байқауларға қатысуға арнаймын. Көрісу күнінде қаламыздың құрметті азаматтарымен етене танысуға жақсы мүмкіндік болды. Әр мейрамның өз ерекшелігі бар. Осындай шырайлы көктемде жақсы жандармен қауысып, естеліктерімен бөлісіп кездескеніме қуаныштымын. Осындай ардақты тұлғаларымыздан өнеге алуымыз қажет», — деп бөлісті Мирас Баршылықов.

Мерекелік құттықтау иелері ақ жарма жылы тілектерін білдіріп, бұл мерекенің тарихына тоқталып, қазақтың салт- дәстүрлерінен сыр шертті.

ГҮЛІМ МҰРАТ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *