Лудоманияны елемеуге болмайды

Қазақстанда халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеу және ынталандыру шаралары енгізілуде.

Биылғы жылдың шілде айында Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық реттеуді жою мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

Қазақстанда лудомания әдет пен құмарлықтың бұзылуы ретінде танылды, алайда бұл диагнозды тек медициналық мекемелерге жүгінген кезде ғана қоюға болады. Ойынға тәуелділікті емдеу — күрделі әрі ұзақ процесс.

Мемлекеттік қызметшілердің жұмысына лудоманияның қалай әсер ететіні туралы қала әкімдігі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Сәкен Көкішевпен сөйлестік.

– Қазақстандағы мемлекеттік қызметшілер арасында ойынға тәуелділіктің дамуына қандай факторлар ықпал етеді?

– Лудомания — адамның өз әрекеттерін бақылау қабілетін жоғалтатын, құмар ойындарға патологиялық бейімділігі. Мемлекеттік қызметшілер үшін бұл мәселе аса маңызды, өйткені олардың қаржылық тәртібі ерекше жауапты болуы керек. Көп жағдайда олар бұл мәселесін жасырады, себебі жұмыстан айырылудан немесе беделіне нұқсан келтіруден қорқады.

Ойынға тәуелділіктің пайда болуына жұмыс барысындағы стресс, жеке қаржыны бақылаудың болмауы, қаржылық ресурстарға қолжетімділік, алдын алу бағдарламаларының жоқтығы ықпал етуі мүмкін. Сондай-ақ ойын кейде жауапкершілік пен қысымнан «қашудың» жолы ретінде қабылданады.

– Мемлекеттік қызметшілер арасындағы лудоманияның таралуы туралы статистикалық мәліметтер бар ма?

– Қазіргі уақытта дәл осы топқа қатысты нақты деректер аз, бірақ жалпы алғанда құмар ойындардың, әсіресе онлайн форматтағы ойындардың танымал болып келе жатқаны белгілі.

– Лудомания мемлекеттік қызметшілердің кәсіби қызметі мен қоғамдық міндеттеріне қалай әсер етуі мүмкін?

– Ойынға тәуелділік қаржылық қиындықтарға әкеліп, ол сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне немесе қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдалануға себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар бұл жұмыс тиімділігіне кері әсер етіп, эмоционалдық күйзеліске әкелуі мүмкін.

– Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға қатысуы заңнамалық тұрғыда қалай реттеледі?

– Қазақстанда құмар ойындар туралы заңнама және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң бар. Мемлекет басшысы қол қойған «Ойын бизнесі туралы» Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, белгілі бір лауазымды тұлғаларға құмар ойындарға қатысуға тыйым салынды.

Жауапты мемлекеттік лауазым иелеріне, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдарға және оларға теңестірілген тұлғаларға құмар ойындарға қатысуға антикоррупциялық шектеулер енгізілді. Енді мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, сондай-ақ бюджеттік ұйымдардың басшылары да құмар ойындарға қатыса алмайды. Бұл шектеулерді бұзған жағдайда жұмыстан босату қарастырылған.

– Мемлекеттік қызметшілер арасында лудоманияның алдын алу үшін қандай шаралар қабылдануда?

– Ағарту бағдарламалары бар, бірақ олардың саны мен қамту ауқымы жеткіліксіз болуы мүмкін. Мүмкін, қаржылық сауаттылық бойынша міндетті курстар, психологиялық қолдау және анонимді кеңестер сияқты қосымша шаралар қажет шығар.

– Мемлекеттік қызметшілер арасындағы лудоманиямен күрестің шетелдегі табысты мысалдары бар ма?

– Кейбір елдерде тәуелділерге психологиялық қолдау көрсететін және олардың қаржылық тәртібін қатаң бақылауды қамтитын арнайы бағдарламалар бар. Мысалы, Сингапурде мемлекеттік қызметшілерге құмар ойындарға қатысуға тыйым салынған.

«Ойын бизнесі туралы» Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, 21 жасқа толған Қазақстан азаматы алты айдан 10 жылға дейін құмар ойындарға және (немесе) бәстірулерге қатысуға өзін шектеу туралы уәкілетті органға өтініш бере алады.

Өтініште өтініш берушінің аты-жөні, жеке куәлік деректері, құмар ойындарға және (немесе) бәстірулерге қатысу шектеуінің мерзімі, жеке немесе электрондық-цифрлық қолтаңба көрсетілуі тиіс. Бұл өтініш қайтарылуға немесе кері шақырылуға жатпайды.

Бұған қоса, жақын туыстары немесе отбасы мүшелері соттың әрекетке қабілеттілікті шектеу туралы заңды күшіне енген шешімі негізінде уәкілетті органға тиісті өтініш беруге құқылы.

– Осы мәселені мемлекеттік деңгейде елемеудің салдары қандай болуы мүмкін?

– Мәселені елемеу сыбайлас жемқорлықтың артуына, мемлекеттік органдар жұмысының тиімсіздігіне, сондай-ақ қоғам үшін теріс әлеуметтік және экономикалық салдарға әкелуі мүмкін.

– Мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға қатысуын бақылауды жақсарту үшін не істеуге болады?

– Тәуелділікке қатысты қатаң тексерістер енгізу, тұрақты психологиялық кеңес беру және қаржылық жағдайды мониторингтеу, сондай-ақ антикоррупциялық шектеулерді бұзғаны үшін жауапкершілікті арттыру қажет болуы мүмкін.

– Лудоманияға шалдыққан мемлекеттік қызметшілерді қолдау жүйесін қалай жақсартуға болады?

– Анонимді қолдау қызметтерін құру, көмек алу үшін қолжетімді әрі қауіпсіз арналары бар жүйелерді дамыту, сондай-ақ тәуелділігін мойындап, көмекке жүгінгендерге арналған көтермелеу және жазалау жүйесін жетілдіру қажет.

 

Евгения ДМИТРИЕВА,
«РР» мұрағатынан алынған фото

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *