Мамандықтар әлеміне саяхат

Бейімбет Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясында оқушыларға кәсіби бағдар беру мақсатында «Мамандықтар марафоны» атты іс-шара өтті.

Бұл шара «Жұмысшы мамандықтар жылына» арналып, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Мектеп ұжымы мен оқушылар түрлі мамандықтардың кәсіби киімін киіп, әртүрлі салалармен танысып, өздерінің болашақ мамандықтарына деген қызығушылықтарын арттырды.

№7 мектеп-гимназиясында өткен «Мамандықтар күні» оқушылар үшін ерекше оқиға болды. Бұл күні балалар өз болашақ мамандықтарын таңдауға бағытталған түрлі шараларға қатысып, кәсіби әлемге алғашқы қадамдарын жасады. Іс-шара аясында ұйымдастырылған конкурстар мен бейнероликтер оқушыларды кәсіптік тұрғыдан жан-жақты жетілдіруге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, мектептегі дарынды оқушылар арнайы марапаттарға ие болып, олардың жетістіктері мен еңбекқорлығы жоғары бағаланды. Бұл оқушылардың өз мақсатына жету үшін қосымша мотивация алуларына септігін тигізді.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланғандықтан, біз осы жоба аясында «Мамандықтар марафонын» өткізуді ұйғардық. Біздің басты мақсатымыз – оқушыларды кәсіби бағытта тәрбиелеу, олардың болашақ мамандықтарына деген қызығушылығын арттыру. Біз мотивация беру мақсатында демеушілік арқылы ақшалай сыйлықтар тағайындап, осы шараны ерекше деңгейде өткізудеміз, – дейді №7 мектеп-гимназиясы директорының орынбасары Алтын Молдашева.

Іс-шара барысында барлық сыныптар белсене қатысты. Бастауыш сынып оқушылары үшін «Мен және отбасым» атты фотосурет байқауы ұйымдастырылды. Бұл байқауда балалар ата-аналарының кәсібі мен отбасылық рөлдері туралы фотосуреттер жасап, көрмеге ұсынды. Мұндай іс-шаралар балаларды отбасы мен қоғамдағы жауапкершіліктеріне мән беруге тәрбиелейді.

– 5-6 сынып оқушылары ата-аналарының мамандығы туралы бейнеролик түсірді. Бұл бейнероликтерде балалар ата-аналарының кәсібі мен олардың жұмыс барысы туралы айтып, кәсіби салаларға деген қызығушылықтарын көрсетті. Ал 7-8 сынып оқушылары жеребе арқылы мамандық таңдап, сол мамандықтың киім үлгісін киіп келді. Бұл оқушылардың нақты мамандықтар туралы ақпарат алуына және өздерін сол мамандықта қалай сезінетіндерін көруге мүмкіндік берді. Ал 9-10 сынып оқушылары «Мамандықтар марафоны» атты сайыста өз жобаларын қорғап, ситуациялық сұрақтарға жауап берді. Бұл оқушыларға шешім қабылдаудың, талдау жасаудың және нақты іс-әрекетке дайын болудың маңыздылығын көрсетті, – деп толықтырды Алтын Молдашева.

Қазіргі уақытта кәсіптік бағдар беру тек дәстүрлі әдістермен ғана емес, жаңа технологиялар арқылы да жүзеге асырылады. Мектеп оқушылары мен ұстаздары бейнероликтер түсіріп, кәсіби мамандықтар туралы ақпаратты интернет арқылы таратып отырды. Бұл әдіс оқушылардың болашақ мамандықтар туралы білімдерін кеңейтіп, олардың кәсіби таңдауына көмектеседі. Бұл бейнероликтер арқылы оқушылар әртүрлі мамандықтардың ерекшеліктері мен қажетті дағдылары туралы нақты түсінік алды.

Жоспар бойынша, «Жұмысшы мамандықтар жылына» арналған іс-шаралар мектеп қабырғасында жалғасатын болады. Сонымен қатар, мектеп басшылығының айтуынша, қала және облыс деңгейіндегі кәсіпорындарға барып, оқушыларды түрлі мамандықтармен таныстыру жоспарланған. Әрбір оқушы үшін бұл тәжірибе болашақ мамандық таңдауға көмек көрсетеді. Кәсіпорындар мен өндірістік орындардағы экскурсиялар арқылы оқушылар мамандардың жұмыс барысымен танысып, практикалық дағдыларды үйренуге мүмкіндік алады. Бұл оқушыларға өз болашақ мамандығына деген көзқарастарын қалыптастыруға көмектеседі.

Іс-шара барысында мектеп мұғалімдері де белсенділік танытып, әртүрлі мамандықтың кәсіби киімдерін киіп, оқушылардың мамандықты таңдау процесінде маңызды рөл атқарды. Мектеп ұжымы өз тәжірибелерімен бөлісіп, балаларға мамандықтарды таңдау кезінде қандай аспектілерге назар аудару керектігі туралы кеңестер берді.

– Мектеп ұжымы да шараға белсене қатысты, ұстаздар мамандық иесі ретінде киініп, оқушыларға кәсіби тәжірибе туралы ақпараттар берді. Бұл іс-шара әрбір оқушы үшін маңызды әрі тиімді болып табылады, себебі ол болашақ мамандықты таңдауға деген қызығушылықтарын оятады, – деп атап өтті Алтын Молдашева.

«Мамандықтар марафоны» – бұл оқушыларға кәсіби бағдар беру іс-шарасы, оларды болашақ мамандықтармен таныстырып, таңдауларына әсер ететін ерекше мүмкіндік болды. Іс-шараның ұйымдастырылуы балалардың кәсіби таңдау жасауда маңызды қадам болып табылады. Әрбір оқушы осы шарадан өзіне қажетті ақпарат алып, болашақ мамандығы туралы нақты түсінік қалыптастыра алады. Мұндай шаралардың маңызы зор, себебі олар оқушыларды дұрыс мамандық таңдауға итермелейді, сонымен қатар олардың өз-өздеріне деген сенімін арттырады.

 

Жәнібек ҚАЛАБАЕВ,

суретті түсірген

 Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *