Маңдайшаң қай тілде?

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында «маңдайша» ұғымы заңнамаға енгізілді

Тіл – мемлекеттің тұтастығының кепілі. Сондықтан елімізде мемлекеттік тілдің қолданылуын кеңейту және оны көрнекі ақпаратта дұрыс пайдалану мәселесі әрқашан өзекті. Осыған орай, Рудный қаласы әкімдігінің мәдениет бөлімінің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл және жарнама» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Жиын барысында 2024 жылы жүргізілген мониторинг жұмыстары талқыланып, 2025 жылға арналған іс-шаралар жоспары қаралды.

2021 жылдан бастап «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, көрнекі ақпараттың, оның ішінде маңдайша жазуларының, хабарландырулардың, жарнамалардың, бағалар мен мәзірлердің мемлекеттік тілде жазылуы міндеттелді. Бұған дейін олар екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде қатар жазылуы тиіс болса, жаңа өзгерістерге сай, енді мемлекеттік тіл бірінші орында тұрады, ал орыс және басқа тілдер қажет болған жағдайда ғана қосымша жазылады. Сонымен қатар, мәтіндердің орфографиялық нормаларға сай болуы және дұрыс аударылуы талап етіледі.

Ағымдағы жылдың 13 қаңтарында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпаратқа қол жеткізу, қоғамдық қатысу, мемлекеттік наградалар және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Осы заң аясында «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, «маңдайша» ұғымы ресми түрде бекітілген болатын. Алдағы уақытты жергілікті атқарушы органдар маңдайша жазуларын орналастыруға рұқсат беру тәртібін айқындады. Енді барлық мемлекеттік және жекеменшік мекемелердің сыртқы көрнекі ақпараттары заң нормаларына сай болуы тиіс. Бұл өзгеріс кәсіпкерлердің жауапкершілігін арттырумен қатар, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуді көздейді.

Мониторинг нәтижелері: қандай қателіктер анықталды?

2024 жылы жүргізілген тексеру барысында 56 нысан қамтылды. Олардың қатарында ірі сауда орындары, супермаркеттер және шағын дүкендер бар. Рудный қалалық тілдерді оқыту орталығының басшысы Жанат Досубаева бұл бағытта нақты шаралар қабылданып, тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.

«Мониторинг нәтижесінде мемлекеттік тілдегі маңдайша жазулары мен жарнамаларда грамматикалық қателердің көп болуы, қазақ тіліндегі мәтіндердің дұрыс орналастырылмауы (заң бойынша, мемлекеттік тілдегі жазба бірінші тұруы керек) және кейбір кәсіпкерлік нысандарында қазақ тіліндегі маңдайша жазуларының мүлдем болмауы сынды жағдайлар орын алды. Ең басты назар аударатын жағдай — бағалар мен мәзірлердегі аудармалардың мағынасын жоғалтуы немесе дұрыс болмауы. Көбіне кәсіп ұйымдарында арнайы аударма бөлімі жоқ. Кейбір кәсіпкерлер аударманы онлайн жүйе арқылы жасатып, қате аудармаларды маңдайшаға жазып қояды. Бұл заңға қайшы келеді. Сондықтан біз мониторинг және рейдтік шаралар барысында кәсіпкерлерге әдістемелік көмек көрсетіп, дұрыс аударма жасауға жәрдемдесеміз», – деді ол.

Кәсіпкерлер не айтады?

Кәсіпкерлер үшін тағы бір өзекті мәселе – маңдайша жазуларын өзгерту процедурасының күрделілігі. Көп жағдайда бұл процесс қосымша шығындар мен бюрократиялық қиындықтар туғызады. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қалалық филиалының өкілі Серікбай Әбілғазиев жаңа заң талаптарының маңыздылығын мойындай отырып, кәсіпкерлерге қатысты кейбір қиындықтарды да атап өтті:

«Әрбір бизнес-нысан үшін маңдайша – танылудың, клиент тартудың, табысты болудың маңызды бір бөлшегі. Маңдайша жазуларын жаңарту және ескі жазуларды алып тастау кәсіпкерлерге қаржылық шығын әкеледі. Сондықтан жіберілген қателіктер бойынша түзетуге уақыт беру мүмкіндігін қарастыру керек – деді ол.

Полиция басқармасының өкілі Назира Кудесова бұл мәселеге түсіністікпен қарап, заңға қайшы келетін қателіктер болса, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 30 күндік мерзім ішінде заң талаптарына сәйкес өзгерістер енгізуге мүмкіндік берілгені дұрыс», – деп өз ойымен бөлісті.

Шешім: барлық тараптар бірлесе әрекет етуі керек

Дөңгелек үстел барысында мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында мемлекеттік және жекеменшік нысандардағы көрнекі ақпараттың заң талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету үшін мониторинг жұмыстары жалғастырылатындығы атап өтілді.

«Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бұл тек кәсіпкерлерге ғана емес, барлық тұрғындарға да қатысты. Тілді дамыту тек заңнамалық өзгерістермен шектелмей, оның күнделікті өмірде тұрақты қолданылуы арқылы жүзеге аспақ. Биылғы жұмыс жоспарына сәйкес кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік көмек көрсету жалғасады. Мемлекеттік және жекеменшік мекемелер үшін әзірленген қазақ-орыс тілашарлары таратылады. Кәсіпкерлерге заң нормалары туралы ақпарат беретін арнайы жадынамалар мен жіберілген қателіктер бойынша ескерту чек-парақтары жасалады және қалалық мәдениет, ішкі саясат, кәсіпкерлік бөлімдері, Полиция басқармасы және жергілікті әкімдік бірлесе отырып, жұмыс тобын құрады. Алдағы уақытта жұмысты қарқынды жүргізу мақсатымыз»,- деп атап өтті қалалық мәдениет бөлімінің басшысы Жанна Джамбурчина.

Болашақта мемлекеттік тілдегі жарнамалар мен маңдайша жазулары заң талаптарына толық сәйкес келуі үшін әрбір кәсіпкер өз жауапкершілігін сезінуі тиіс. Қоғам болып атсалысқанда ғана бұл бағыттағы мәселелерді толық шешуге мүмкіндік тумақ.

Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 21 бабы: «Бланкілер, маңдайшалар, хабарландырулар, прейскуранттар, баға көрсеткіштері, басқа да көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде және орыс тілінде жазылады, ал қажет болған жағдайда басқа тілдерде жазылады».

Аякөз ҚОЖАБЕКОВА,

суретті түсірген

Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *