Түлектер үшін соңғы қоңырау соғылды
2024–2025 оқу жылында Рудный қаласы бойынша оқушылар контингенті 16 171 адамды құрады, олардың ішінде 1527-сі – 9-сынып, ал 590-ы – 11-сынып түлектері. «Алтын белгі» иегері атануға 20 түлек үміткер, 11-сыныптың 27 оқушысы үздік аттестатқа, ал 9-сыныптың 58 оқушысы үздік куәлікке үмітті.
Биыл 5, 6, 7, 8 және 10-сынып оқушылары үшін де «Қазақ тілі» пәнінен емтихан өткізіледі. Былтырғы дәстүр бойынша, 23 мамыр – оқу жылының соңғы күнінде Рудный қаласының барлық мектебінде «Білімім – Отанымa» ұранымен Бірыңғай сынып сағаты өтті. Бұл маңызды шара оқушылар мен ұстаздардың бірлескен жұмысының қорытындысын шығарып, бір-біріне алғыс айтуға, оқу жылының ең жарқын сәттерін еске алуға мүмкіндік береді.
9 және 11-сынып түлектері үшін оқу жылының аяқталуына арналған «Соңғы қоңырау» салтанатты іс-шарасы 24 мамырда өтеді.
Біз №10 мектеп-гимназиясында өткен салтанатты жиынға қатысып қайттық. Мұнда Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко қала түлектерін, ұстаздар мен ата-аналарды 2024–2025 оқу жылының аяқталуымен құттықтады. Әкім түлектерге жарқын болашақ, өз күштеріне сенімділік, барлық бастамаларында сәттілік пен жаңа жеңістер тіледі.
– Барлық түлектерге шын жүректен зор денсаулық, үлкен жетістіктер мен жарқын болашақ тілеймін. Алдарыңыздан кең көкжиек ашылып, өмір жолдарыңыз жарқын оқиғаларға, жақсы жандарға және маңызды жетістіктерге толы болсын, – деді Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко.
Түлектердің жүрегінде қуаныш пен қимастық сезімі қатар өрілді – мектеппен қоштасу сәтінде бұл сезімдердің қатар жүруі заңды. Көпшілігі көз жасын тыя алмады, өйткені мектеп – екінші үй. Балалық шақтың ең жарқын жылдары өткен ордадан кету, жылдар бойы бағыт-бағдар берген ұстаздармен қоштасу – оңай емес.
Ал №7 Бейімбет Майлин атындағы мектепте биылғы оқу жылында мектеп 11-сыныптан — 53, 9-сыныптан — 93 түлекті үлкен өмірге шығарып салуда. Олардың әрқайсысы — мектеп мақтанышы. Мектеп бітірушілер сапында республикалық, халықаралық олимпиадалар мен байқаулардың жеңімпаздары, спорт шеберлері, “Алтын белгі” және ерекше аттестат үміткерлері бар. Мысалы, Парахатова Жаннұр — “Алтын белгі” үміткері, IELTS халықаралық сертификатының иегері. Жакиев Айдын — тоғызқұмалақтан Қазақстанның төрт дүркін чемпионы, Азия чемпионы. Ал Кусаинова Айгерім — республикалық өнер байқауларының бірнеше дүркін жеңімпазы.
Салтанатты жиынға Рудный қаласы әкімінің орынбасары Сәкен Балғабайұлы пен білім бөлімінің әдіскері Гүлнар Шәбденқызы қатысып, жас түлектерге жүрекжарды тілектерін арнады. Мектеп директоры Қымбат Исланбекқызы ұстаздар мен оқушыларға алғыс айтып, болашаққа жарқын жол тіледі.
Сынып жетекшілері Ербол Серікбайұлы шәкірттеріне деген жүрекжарды лебіздерін білдіріп, мектеппен қоштасу – жаңа өмірдің бастамасы екенін атап өтті.
Түлектерге білімнің “Алтын кілті” биылғы жылдың мақтанышы, “Алтын белгі” үміткері Парахатова Жаннұрға табысталды. Ол өз сөзінде мектепке деген шексіз алғысын білдіріп, ұстаздарының еңбегін ерекше атап өтті.
Салтанатты жиын 1-сынып оқушыларының тілектері мен қоштасу вальсіне ұласып, мектеп қабырғасынан алғаш қадам басқан бүлдіршіндер мен өмір жолына жаңа қадам жасаған түлектердің арасындағы рухани байланысты бейнеледі.
«Үздік мектеп-2025»
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі жариялаған «Үздік мектеп-2025» ұлттық рейтингінде Рудный қаласынан екі білім ордасы үздіктер қатарынан көрінді.
Бейімбет Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясы мен №4 мектеп-лицейі еліміздегі ең үздік 100 мектептің қатарына енді. Бұл мәртебе білім сапасы, педагогикалық құрам, оқушылар жетістігі, халықаралық бағалау жүйелері (PISA), мектепті аккредитациялау және түрлі жобалар мен байқаулардағы белсенділік көрсеткіштеріне негізделіп берілді.
9-сынып оқушылары үшін қорытынды емтихандар 2025 жылғы 29 мамыр мен 10 маусым аралығында өтеді. 11-сыныптар үшін – 30 мамыр мен 16 маусым аралығы.
БҒМ №125 бұйрығына сәйкес, 152 9-сынып оқушысының 18-і және 590 11-сынып оқушысының 17-сі қорытынды аттестациядан босатылған. 11-сынып түлектеріне аттестат тапсыру және «Алтын белгі» төсбелгісін табыстау 19 маусымда, барлық емтихандар аяқталған соң өтеді.
ҰБТ өткізу
Негізгі ҰБТ-ға тіркеу биыл 12 сәуір мен 25 сәуір аралығында өтті. 2025 жылғы ҰБТ 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өткізіледі. Биыл ҰБТ-ға 590 түлектің 506-сы (яғни 86,2%) қатысады. Өткен жылы бұл көрсеткіш 547 түлектің 457-сі (83,5%) болған. Биыл да оқушыларға негізгі кезеңде екі мүмкіндік беріледі.
Түлектерге жарқын болашақ, сәттілік пен сенімділік тілейміз!
Айбар БЕРІК,
суретті түсірген автор