Мемлекеттік рәміздерге – 32 жыл!

Мемлекеттік рәміз – әрбір мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, ажырамас абыройлы атрибуттарының бірі. Біздің республикамызда Ту, Елтаңбажәне Әнұран Мемлекеттік рәміздер болып табылады. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданғаны мәлім. Осы заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым – Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде атап өтіледі.

Мемлекеттік рәміздерге құрмет әрбір азамат үшін оны қалай құрметтеп, қалай пайдалануды білуден бастау алуы қажет. Ұлттық нышандарымызға әрдайым құрмет пен ұқыптылық нормалары сақталуы қажет.  Осы орайда мемлекеттік рәміздердің шығу тарихына және қоғамдағы рөлі жайында жөнінде материал дайындауды жөн көрдік. Сұхбатымыз мемлекеттік қызмет ардагері, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Жақсылық Кәкенұлымен өтті. Қоғам белсендісі рәміздердің түп-төркінінде ұлттық рухты көтеру, ізгілікті арттыру, әр адамның кеудесіне Отанға деген іңкәрлік сезімді ұялату жатыр деп санайды.

«Әр халықтың, әр мемлекеттің қалыптасу, өркендеу жолында өзіне тән киелі, қасиет тұтып ардақтайтын, құрмет тұтатын құндылығы бар. Олар мемлекеттік рәміздер деп білемін. Ол ата-бабамыздан жалғасқан қастерлі аманат. Рәміздер тарихы алғашқы қоғамдағы тотемге табынудан бастап, кейін түркілер дәуіріндегі көк бөріге табыну, орта ғасырдағы хандықтар мен патшалықтардың елтаңбалары мен жалаулары және теңгелеріндегі айшықты белгілерімен сабақтасады. Тарихи құндылықтарға дақ түсірмей күтіп ұстау, түпкі мән-мағынасын зерделеп жарыққа шығару, жастарға ұдайы насихаттау — міндетіміз. Отанға, елге деген құрмет ең алдымен мемлекеттік рәміздерге деген әрбір азаматтың жүрек соғысынан танылуы қажет»,- дейді мемлекеттік қызмет ардагері.

Президентіміздің сарабдал саясаты – өскелең жастың жастайынан ұлттық болмысына берік, бірлігі бекем, мемлекеттің мүддесін ойлайтын азаматшылдардың санын арттыруға бағытталғаны айтпаса да түсінікті. Бұл ретте Мемлекет басшысы «Мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібі жөніндегі заңнаманы күшейту маңызды. Сонымен бірге жастармен жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізген жөн. Бұл – бүкіл қоғамның міндеті. Мемлекеттік рәміздерді мазақ етуге, қорлауға, ешқашан жол бермеуіміз керек. Мұндай әрекеттерге барғандарды қатаң жазалаған жөн», – деп оның маңыздылығына тоқталған еді.

Отансүйгіштікті көрсету – туымызды жауырынға жауып, әнұранды орынсыз шырқай беруді көрсетпейді. Шынайы патриотизм ешкімнің насихатынсыз-ақ өз еркімен мемлекеттік рәміздерді құрметтеп, өзгеге үлгі бола білуден тұрады. «Рәміздерді жатқа білген – жөн кісі»,– дегендей, рәміздердің бейнелік мағыналары туралы мағұлматтарды білу әрбір азаматтың асыл парызы. Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы – ортасында сәулелі күн, астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті сипатқа ие. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Бүгінде бұл жазу «Qazaqstan» деп өзгертілген. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы – дөңгелек пішімді және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Алғашында «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның мемлекеттік әнұраны Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасы бойынша 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілген. Бірінші рет сол жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды. Әннің авторы Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

Президентіміздің жыл сайынғы Қазақстан Халқына Жолдауларында әрбір салаға қатысты бекітілген межелі міндеттердің нақты жоспары айтылғанда, ұлттық бірегейлік мәселесі де назардан тыс қалмайды.  Мемлекеттік рәміздер мерекесінің дәстүр бойынша аталып өтіліп, өткен жылдардан ерекше насихатталуы – жастар арасында патриотизмді арттыруға сеп болып отыр. Өскелең ұрпақтың тәуелсіздіктің қадірін біліп, бейқам, мамыражай алаңсыз күй кешудің, азаттықтың ақ таңын көрудің бақыт екенін сезінуде. Нәтижесінде елімізде ұлтжанды азаматтар мен азаматшалар саны артуда.

«Отаншылдық, мемлекетшілдік, ең алдымен, тәуелсіз еліміздің мемлекеттік рәміздерін қастерлеуден басталады. Ол азаматтың бойында мемлекетіне деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін қалыптастырады. Мемлекет іргесі сөгілмей берік болуы, халықтың береке-бірлігіне, мықтылығына, ынтымақтас ел болуының алғы шарты деп ойлаймын. Мемлекеттік рәміздер ұлттық бірегейліктің қалыптасу тірегі және мемлекеттің дамуының ажырамас бір бөлігі болып қала береді. Мемлекетімізде тұратын әрбір азаматтың борышы — қасиетті құндылықтарымызды жоғалтпай, қадірлеп, құрмет тұту деп білемін. Отаны үшін мақтаныш сезімін қалыптастыруда, ел тәуелсіздігін нығайтуда мемлекеттік рәміздердің алар орны мәдени құндылықтар, тарихи жәдігерлер, ұлт азаматтары және олардың еңбегі секілді ерекше. Сол себепті оны кеңінен қолдану, қадірлеу, оның мән-мамзұнын білу қазақстандық патриотизмді қалыптастыру жағынан алғанда да өте өзекті. Мемлекеттік рәміздерімізді ұлықтау тек 4 маусымда ғана емес, жыл он екі ай бойына жүйелі түрде жүргізілуі тиіс»,- деп атап өтті Жақсылық Кәкенов.

Жаңа заман талабына сай қайта өңделіп, көк байрағымыз көкке көтерілгенде, Әнұранымыз қатар қойылады. Әуеннің құдіреті сол, күні бүгінге дейін әлемнің өзге ұлт өкілдерінің де бірге шырқап, қазақ тілінің тарихына, дәстүрі мен мәдениетіне, әдет-ғұрпына да қызығушылықтары артты.

Тәрбие бастауы – отбасы мен білім беру ошақтарында. Бұл ретте ҚР мемлекеттік нышандарының маңыздылығын насихаттау жыл сайын республика бойынша байқаулар ұйымдастырылып, білім беру ошақтарында өскелең жастың отаншыл болуына түрлі шаралар өтеді. Әрбір мемлекеттік мекеменің қабырғасында, ұйымдардың басым көпшілігінде арнайы стендтар дайындалған. Мемлекеттік Рәміздерімізге деген құрметті басты орынға қойып, мерейлі мерекені атап өтетін іс-шаралардың көбейіп жатқаны – кезінде алаштың ұлт болып қалыптасуына күш салған Үш бәйтерегіміз мен Бес арыстың ақ үмітінің ақталғаны.

 

Гүлім МҰРАТ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *