Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін сақтау талабы тек құқықтық қатынастарды жүзеге асырудың элементі ғана емес, әр қызметкердің жеке басын сипаттайтын талаптардың бірі болып келетіні сөзсіз.
Қызметшілердің айналасындағы адамдармен қаншалықты сыпайы және дұрыс ұстауына тек мемлкеттік органның ғана емес, мемлекеттің, өз басының жетістігі мен алға қойылған мақсат мен міндеттерге қол жеткізу мүмкіндігі де байланысты.
Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытындағы әдебіне қоса олардың жұмыстан тыс уақыттағы әрекеттеріне қоғам тарапынан қатаң талаптар қойылғанын ескеру керек.
Бұл талаптар Әдеп кодексінде қызметкердің қызметтен тыс уақыттағы стандарттары бөлігінде өз көрінісін тапқан.
Жұмыстан тыс уақытта мемлекеттік қызметші жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануға, тиісті көрсетілетін қызметтерді алу кезінде өзінің лауазымдық жағдайын баса көрсетпеуге және қоғамға қарсы мінез-құлық жағдайларына жол бермеуге тиіс.
Дегенмен, әрбір мемлекеттік қызметші бірінші кезекте сол қоғамның мүшесі, Конституциямен, басқа да заңдармен көзделген құқықтар мен міндеттерге ие мемлекетіміздің азаматы.
Яғни, жұмыстан тыс уақытта мемлекеттік қызметші де басқа да қоғамның мүшелері сияқты құқықтар мен міндеттерге ие.
Мысалы, мемлекеттік қызметшілерге көңіл көтеруге, демалыс орындарына баруға, белгілі бір хоббиімен айналысуға тиым салынбаған. Алайда, мемлекеттік қызметші өзінің жауапкершілігін, мәртебесін сезіне отырып, барлық іс-әрекеттерін әдеп нормаларының шеңберінде жүзеге асыруы тиіс.
Сондай-ақ, қазіргі танда өзекті болып тұрған лудомания мәселесі бойынша да, мемлекеттік қызметшіге ойын мекемесін барудан тартыну, сияқты талап та қойылған.
Бұл ретте, жұмыс бабымен қандай-да бір тәуелділікте болатын лауазымды адамдармен ақшалай немесе өзге де мүліктік сипаттағы құмар ойындарға қатысу мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық екені де ұмытпағанымыз жөн.
Өз кезегінде, мемлекеттік қызметшінің қызметтен тыс уақыттағы жасаған құқық бұзушылықтары әдептілік стандарттарын сақтамаумен үйлескен жағдайда ғана, тәртіптік жазаға тарту мәселесі қаралуы мүмкін.
Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде мемлекеттік қызметшілердің киім киіс үлгісі, қымбат көліктермен жүруі немесе шетелге шығуымен байланысты әрекеттері қоғам тарапынан сұрақтар туғызады.
Әдеп кодексіне сәйкес мемлекеттік қызметшілер қарапайым болуы керек, оның сырт келбеті ресмилікпен, ұстамдылықпен және ұқыптылықпен ерекшеленетін жалпыға бірдей қабылданған іскерлік стиліне сай болуға тиіс.
Дегенмен, айта кеткендей, мемлекеттік қызметшіге басқа да азаматтарға секілді қандай бір заттарды алуға, киімдерді киюге немесе шетелге демалуға баруға нақты шектеулер жоқ.
Сондықтан, мемлекеттік қызметшінің әдептілік стандарттарын бұзғаны жөнінде кез келген ақпарат түскен жағдайда оның кінәсі тек осы фактіге қатысты жан-жақты, толық тексерулердің нәтижесінде ғана анықталады.
Қорытындылай келе, әрбір мемлекеттік қызметші жұмыс және жұмыстан тыс уақыта өзінің іс-әрекеті мен мінез-құлқы үшін жауап беретінін және де кез келген жағдайда әдеп нормаларын сақтау қоғамның мемлекеттік қызметке деген жоғары сенімінің негізі болып табылатынын есте ұстауы тиіс.
Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Қостанай облысы бойынша департамент қызметшілеріне қатысты шағым болған жағдайда, Департаменттің Әдеп жөніңдегі уәкілі Г.А. Кабиеваға хабарласуынызға болады. Байланыс телефоны: 39-12-15, почта: gu.kabieva@kyzmet.gov.kz.