Менің сүйікті ұстазым

Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді.

Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, балаларды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ та, сол баланы тәрбиелейтін ұстаздарды да ардақтауға міндеттіміз. Шынымен де, бізге ата-анадан кейінгі тәрбие беруші ұстаз. Ұстаздардың қадірлі екені «Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт» деген ата-бабаларымыздың мақалының өзінен айқын көруге болады.

Менің де мектеп табалдырығын аттаған сәттен сүйікті ұстазым пайда болған-ды. Оның әр балаға тараған жылы сезімі мені де баурап алған ғой…Менің алғашқы ұстазым – Римма Серікқызы. «Есімде әліппені жаттатқызып, Ең алғаш қолға қалам ұстатқаның», – деп өлең жолдарында айтылғандай, Римма Серікқызы маған әліппені алғаш ұстатып, күлімсіреп, оқушы атанғанымызбен құттықтағаны әлі есімде. Сол сәттен бері Римма Серікқызы бізге өте жақын жандардың біріне айналды. Айтқанын орындап, ренжітпеуге тырысамыз. Өйткені, алғашқы ұстазым соған лайықты жан. Ұстазымыз бізге ешқашан дауыс көтеріп сөйлемейтін, әр нәрсені ақылмен жеткізетін. Ол бізге тек білім беріп қана қоймай, тазалыққа, ұқыптылыққа, еңбекке, елімізді сүюге, ана тілімізді құрметтеуге үйретті. Осы төрт жылдың көзді ашып-жұмғанша қалай тез өтіп кеткенін байқамадым. Кеше ғана бірінші сыныпқа қадам басқан едім, енді, міне, төртінші сыныпты ойдағыдай аяқтадық. Аяулы ұстазымыздың анамыздай қамқорлық көрсеткенін естен шығармаймыз. Ұстазымыздың бізге артқан сенімі мен үмітін ақтаймыз.

Алғаш 5-сыныпқа ауысарда кішкене қорқақтап, қобалжығаным рас… Алайда, сынып жетекшіммен алғаш танысу сәтінен бастап, қорқынышым су сепкендей басылды. Керісінше, ол кісінің мейірімге толы жүзі мен мәдениеті мені айрықша баурап алды десем, артық айтқаным емес. Анам қандай қадірлі болса, ұстазым да мен үшін қымбат жанға айналды.Қазіргі таңда әрі қарай таным, білім жолын көрсетіп жатқан ұстазым – Мұсаева Айгерім Нұржанқызы. Ол – ешкімге ұқсамайтын еңбекқор, білімді, мейірімді жан. Бәрімізді өз баласындай көріп, ақыл айтып, көп нәрселерді үйретіп жүретін осы ардақты жанның орны мен үшін қашан да ерекше. Өмірде өз анаңнан кейінгі қадірлі тағы бір адам болса, ол – ұстаз. Әр бала Күзгі серпінмен қыркүйектің алғашқы жұлдызынан бастап мектеп әлеміне аттанады. Осы уақыттан бастап шырайы жылы, жүрегі мейірім шуағын төккен  сүйікті ұстаздарымызбен қауышамыз.

Қорыта келе,менің сүйікті ұстазым ол-Айгерім Нұржанқызы. Себебі ұстазымның қасиеттері ұстазға тән және де мен ұстазыма ұқсағым келеді. Ол кісі сияқты балаларға жақсы тәлім-тәрбие бергім келеді. Біз есейе келе, оң мен солды тани бастаған уақыттан бастап, әр жас өспірімнің өз «идеалы» болады деп ойлаймын. Мен үшін үлгі етер тұлға ол менің құрметті ұстазым Айгерім Нұржанқызы. Менің ұстазыма тән қасиеттер — ол баланы құрметтеу, әрбір баламен жыЛы шырай таныта сөйлейді. Оның бізді жасы кіші екінімізге қарамастан сыйлауын, құрмет тұтуын ерекше бағалаймын.

Самира СЕЙТЖАН

Дм. Карбышев атындағы №14 ЖББМ

5-сынып оқушысы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *