ММА: үлкен күш – үлкен жауапкершілік

Жерлестеріміз өзге елдің төрінде көк туымызды желбіретті

Жақында 24-26 маусым аралығында Мәскеуде MMA free fighting бойынша әлем чемпионаты өтті. Турнирге 7 елден 400-ден астам спортшы, оның ішінде Қазақстан құрамасынан 50 спортшы қатысты. Еліміздің намысын қорғаған спортшылардың төртеуі – рудныйлық жас өрендер.

Аралас ұрыс өнері немесе ММА – кең танылып келе жатқан жаңа спорт түрі. Халық арасында ММА-ны «ережесіз ұрыс» деп атайды. Турнирге 7 елден 400-ден астам спортшы қатысты. Дағыстан, Кабардино-Балкария, Осетия, Шешенстан, Армения, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейден мықты командалар бақ сынасты. Қазақстан құрамасы сапында 50 спортшы, оның ішінде төрт рудныйлық өнер көрсетті. Мәскеу төрінде өткен жарыста елдегі жағдайға байланысты командалардың көпшілігі қатыса алмады.

«Бізге 4 алтын медальдың барлығын алу бақыты бұйырды. Іріктеуден кейін екі ай бойы аптасына 5 мәрте тыңғылықты дайындалдық. Олар күн сайын таңертең жүгіріп, кешкі уақытта топтық жаттығулар орындады», — деді «Спарта» клубының жаттықтырушысы Талгат Латыпкан.

«Спарта» жекпе-жек клубына 4 спортшы қатысты: Дильшат Жеңісов 8-9 жас 27 келі, Замира Садықова 10-11 жас 38 келі, Абдуллаев Дияр 10-11 жас 36 келі, Салимов Артур 10-11 жас 40 келі.

«Біз негізі қатты қорықтық, өйткені қарсыластарымыз өте мықты еді. Алайда біз де осал емеспіз. Жеңіске жеткен сәтте қуаныштан төбем көкке бір елі жетпегендей күй кештім.  Алғашқы жекпе жекте Дағыстан елінің спортшысынан басым түссем, екінші ұрыста Шешенстан елінің күрескерін құлаттым. Үшінші кезекте Оңтүстік Осетия спортшысымен шығып, есеп тұрғысынан басым түстім. Соңғы ұрыста төрешілердің шешімімен Махачкала қаласының спортшысын жеңдім», — деді рудныйлық Дияр Абдуллаев.

«Мен 2 ұрысты өткіздім. Қарсыластарым Кабардино-Балкария және Дағыстаннан болды. Бірінші жекпе-жекте есеп көрсеткіші жағынан басым түссем, екіншісінде техникалық нокаутпен жеңдім», — деді жерлесіміз Замира Садыкова.

Рудныйлықтар жастығына қарамастан ақыл-ойының мықтылығын, жауынгерлік рухын көрсетті. Жаттықтырушы атап өткендей, балалар «Әлем чемпионы» атағын жеңіп алып, тапсырманы 100 пайызға орындады.

«Маған қала қатты ұнады. Мен барлық күш-жігерімді жеңіске жетуге жұмсадым. Ата-анамның, туыстарымның үмітін ақтағым келді. Соңғы финалда ең қиын жекпе-жек болды. Бірінші кезеңде Дағыстан спортшысын техникалық нокаутпен жеңдім.  Екінші, үшінші кезеңде қарсыластарым Мәскеу қаласынан болды. Екеуін де баллдық көрсеткіштен басым түсіп ұттым», — деді «Спарта» клубының мүшесі  Артур Салимов.

 

Арай Марат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *