Мызғымас достық мекені

Құшағы кең қазақ елі көптеген өзге ұлт өкілдерін бауырына тартты. Қазақстанда бір шаңырақ астында өмір сүріп жүрген түрлі ұлттар мен ұлыстардың бірлігі, ынтымағы басқа мемлекеттерге үлгі.

Б.Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясында қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері білім алуда. Бұл – нағыз патриоттардың қазақ жеріне, мемлекеттік тілге деген құрметі. Олар тек қазақ тілін ғана емес, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да құрметтейді. Соның бір үлгісі 9-сынып оқушысы Марк Ли.

Бойына қазақи тәрбиені сіңірген Марк жастайынан өнерге әуес болды. Бұл қабілетін байқаған атасы ұлттық аспабымыз домбыра тартуды үйретіп, атақты күйшілеріміздің күйлерімен таныстыра бастады. Бастауыш сыныпты аяқтаған соң қаламыздағы музыка мектебіне үйірмеге жазылып, домбыра тартуды тереңірек меңгере бастады. Осы жылдар арасында түрлі, қалалық, облыстық, республикалық байқауларға қатысқан мектебіміздің оқушысы

Марк биылғы оқу жылында республикалық «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасында «Өнерлі өрге жүзер» номинациясының жеңімпазы атанды. Осындай ұлттық аспапта ойнауды дәріптеп жүрген оқушымызды «Коре Ильбо» Корея республикалық газетінің тілшісі Федор Мин байқап, мектебімізге арнайы Маркпен кездесу үшін келіп, өз елінің патриоты, талантты оқушымыздың жетістігі, қабілеті жайлы сұхбат алған болатын. Көп ұзамай мақала басылымға да шықты. Мектебімізге арнайы келіп, газет басылымына шыққан мақаланы табыстап, жүрекжарды игі тілегін білдірді. Біз өз тарапымыздан Корея республикалық газетінің тілшісі Федор Минге оқушымыздың мерейін асқақтатып, халықаралық деңгейде таныстыра білгеніне алғысымызды білдіреміз.

Марк Ли «Ақберен» VIII республикалық өнер байқауында жүлделі 1 орынды иеленді. Оқу озаты, мектебіміздің мақтанышы «Қазақстанның әрбір азаматы қазақ тілін білуі тиіс» дейді және қазақ тілін мақтан тұтады. Ұлты бөлек, ойы қазақ Марк «Мың бала», «Тіл шамшырақтары», «Ақберен», «Жаңа жұлдыз», «Юный музыкант», «Алаш үміті», республикалық сайыстарының жеңімпазы. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының этнос топтарының балалары мен жастары арасында мемлекеттік тілді насихаттайтын «ЕркінSoile» бейне роликтер байқауының жеңімпазы. «Звуки весны», «Праздник весны», «Тілге құрмет-елге құрмет» челленджі, өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілінен «Тіл шамшырақтары», «Тіл-мемлекет тәуелсіздігінің символы» облыстық сайыстарда бірнеше жылдар дүркін додадан озып шығып, бас жүлдеге ие болды.

Қазақтың домбырасында қазақ күйлерін дәріптеп жүрген мемлекетіміздің патриот азаматы. Ли Марктың репертуарында 40 күй бар. Мысалы, Құрманғазының «Сейтек», Дина Нұрпейісованың «Дәулеткерей», Махамбеттің «Жұмыр қылыш», Ермұрат Үсеновтың «Майра» күйлерін шебер орындайды. Облыстық Махамбет оқулары «Ұлы арман» номинациясы Махамбеттің күйлерін орындаушылар конкурсынан ІІ орын жеңімпазы. «Kostanay music games» конкурсы «Халық аспаптары» номинациясынан І дәрежелі лауреаты атанды.  Балалар музыка мектептері және өнер мектептерінің білім алушылары – жас музыканттардың республикалық фестиваль байқауында жеке орындаушылар арасындағы ІІІ орын иегері.  Қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларын сүйіп оқиды.

Бүгінде Марктың соңынан ерген 2-сынып оқушысы, ұлты башқұрт Киргизбаева Альмира Ансарқызы және биыл мектеп табалдырығын аттаған армян ұлтының қызы Исоян Хазал Захарқызының мемлекеттік тілге деген сүйіспеншіліктері мен құрметі қуантады.

Исоян Хазал армения ұлтының өкілі 2021-2022 оқу жылы ата-анасы мемлекеттік тілде білім беретін мектепке әкелді. Әкесі – Исоян Захар, анасы Исоян Анна. Анасы армян тілінен басқа тілді мүлдем білмейді. Әкесі өз ана тілін және орыс тілін біледі. Қазақстанда қалып, болашағы осы елде өркендейді деген мақсатпен мектепке берген. Үйдегі әке-шешесі, атасы тіл білмегендіктен қазақ тілінде көмек бере алмайды. Қазақ тілін әлі жетік меңгере қойған жоқ, бастысы ниеттері түзу, тілдік орта бар. Педагогтер бар мүмкіндіктерін салуда.

Киргизбаева Альмира 2-сынып оқушысы, башқұрт ұлт өкілінен. Әкесі Қиргизбаев Ансар, анасы – Нуржанова Айнаш. Басында мүлдем қазақ тілін білмеген, бүгінде таза қазақ тілінде сөйлейді. Өз кезегінде мұғалімдердің еселі еңбегі көрінеді. Би-аға мектебіне өзге ұлт өкілдері білім алуға ниет білдірсе, жұмыла кешенді түрде жұмыс жасалады. Оқу екпіндісі, көркем шығармаларды сүйіп оқиды. Білім додаларына қатысып жүрген өте белсенді оқушылардың бірі. Сурет үйірмесіне қатысады.

Мектептегі өзге ұлт оқушылары – қаламыз үшін үлкен мақтаныш, мектеп оқушыларына үлгі. Оқушылардың тіл үйренудегі, қазақ тіліне де деген ынта – жігерлері де ерекше. Ендеше алдағы уақытта ана тілімізде еркін сөйлейтін өзге ұлт өкілдері көбейіп жатса, игі. Қазіргі жаһандану заманында әлемді ақпараттар ағыны жаулаған кезде көп тіл білудің өзектілігі де артып келеді. Сондықтан өз ана тілімізді ұмытпай, керісінше оның қолдану аясын кеңейту кейінгі ұрпаққа міндет!

Айдын ҒАЛЫМҰЛЫ

газета «Рудненский рабочий»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *