Созылмалы аурулар тұрақты бақылауды қажет етеді
Рудный қалалық емханасында созылмалы ауруларға шалдыққан науқастарға арналған Ауруларды басқару бағдарламасы (АББ) жұмыс істейді. Бұл жүйе артериялық гипертензия, 2-типті қант диабеті, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттердің жағдайын бақылауға, асқынулардың алдын алуға және уақтылы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Емханадағы АББ кабинеті күн сайын сағат 9:00-ден 16:00-ге дейін жұмыс істейді. Мұнда диспансерлік есепте тұрған науқастарға тұрақты тексерулер жүргізіліп, мамандар кеңес береді. Пациенттердің көпшілігі – 40 жастан асқан азаматтар, себебі бұл жаста созылмалы аурулардың даму қаупі жоғарылайды.
АББ бағдарламасы Қазақстанда 2013 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Рудный қалалық емханасының дәрігері Ксения Неманихина бұл бағдарламаның маңыздылығын атап өтті:
– Диспансерлік есепте тұрған пациенттер әр тоқсанда бір рет тексеруден өтеді. Мысалы, артериялық гипертензиясы бар науқастар 149-бұйрыққа сәйкес холестерин, креатинин, микроальбуминурия бойынша анализдер тапсырады. Оларға ЭКГ, жүрек УДЗ жасалады. Ал қант диабеті бар науқастар үшін қандағы қант пен гликозилирленген гемоглобин деңгейін тексеру міндетті. Қажет болған жағдайда эндокринолог немесе окулистке жолдама беріледі, – дейді дәрігер.
Бүгінде емханада Face ID жүйесі енгізілген. Бұл пациенттерге жеке кабинеттеріне кіруге және өздерінің медициналық деректеріне оңай қол жеткізуге мүмкіндік береді.
– Біз пациенттерді электронды жүйе арқылы тіркейміз. Егер адам тексерілуге келсе, оны Face ID көмегімен сәйкестендіреміз. Егер қандай да бір себеппен суретке түсу мүмкін болмаса, ол Egov немесе Kaspi.kz арқылы цифрлық құжатын көрсетіп, алты таңбалы код арқылы тіркеледі. Бұл жүйе пациенттің бұрынғы тексеру нәтижелерін қарауға мүмкіндік береді, – дейді Ксения Неманихина.
Медицина министрлігінің бұйрығына сәйкес, артериялық гипертензиясы бар науқастар жарты жылда бір рет тексеруден өтеді. Ал, 2-типті қант диабеті мен созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар науқастар әр үш ай сайын тексерілуі керек. Егер ауру жеңіл деңгейде болса, пациентке 6 ай сайын тексеруден өту жеткілікті. Алайда гипертония мен қант диабеті қатар кездесетін адамдар үшін жағдай қиындайды – олар әр тоқсанда бір рет келуі тиіс.
– Егер науқастың қан қысымы көтерілсе, біз дәрілік дозаны өзгертеміз. Егер қандағы қант деңгейі жоғарыласа, диабетке қарсы терапияны түзетеміз. Көптеген науқастар өз денсаулығына дұрыс қарамайды: қысым көтерілгенін байқаса да, дәріні уақытында ішпейді, дұрыс тамақтанбайды. Бұл инфаркт немесе инсультке әкелуі мүмкін. Сондықтан біздің басты мақсатымыз – адамдарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға үйрету, – дейді дәрігер.
Қазақстанда Ауруларды басқару бағдарламасына қатысатын науқастар өз жағдайының жақсарғанын, асқыну жиілігінің төмендегенін атап өтуде.
Дәрігерлердің айтуынша, бағдарламаның тиімділігі пациенттердің өз денсаулығына деген жауапкершілігіне байланысты. Егер адамдар уақытылы тексеруден өтіп, дәрігерлердің ұсыныстарын орындаса, олардың өмір сүру сапасы жақсарып, қауіпті асқынулардың алдын алуға болады.
Жәнібек ҚАЛАБАЕВ,
суретті түсірген
Сұлтан СЕРТАЕВ