Рудный қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жанындағы «Жанұя» отбасыны қолдау және белсенді ұзақ өмір сүру орталығында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, Қостанай облысы қалалық және аудандық бөлімдерінің басшыларының қатысуымен семинар-кеңес өтті.
Семинарда 2024 жылғы 14 маусымда мәдениет және ақпарат министрінің «Отбасын қолдау орталықтарының қызметін жүзеге асыру қағидалары» туралы бұйрығын қабылдағаннан кейін орталықтардың жұмысындағы алдағы өзгерістер және оларды жергілікті жерлерде ұйымдастыру мәселелері қаралды. Бұйрықта «өмірлік қиын жағдай» ұғымы, яғни адамның өмір сүру қызметін объективті түрде бұзатын және оны өзі жеңе алмайтын жағдай белгіленген.
Қағидаларға сәйкес Отбасын қолдау орталықтары (ОҚО) тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарға бір айға дейін уақытша тұруға мүмкіндік беріп, қолдау көрсетеді. Бұған дейін уақытша тұру мерзімі алты айға дейін болатын. Сонымен қатар орталықтарда кеңес беру және кешенді сүйемелдеу, әдістеме және ақпараттық-ағартушылық жұмыс бойынша құрылымдық бөлімшелер ұйымдастырылады.
ОҚО барлық жүгінген адамдарға (отбасыларға) ерікті түрде көмек көрсетіп, жан-жақты қолдау жасайды. Орталықтар өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) ерте анықтап, қолдау көрсету бойынша мобильді топтардың жұмысын ұйымдастырады.
Орталықтардың міндеттері:
— мемлекеттік отбасы саясатының шараларын, оның ішінде неке мен отбасын сақтау, отбасылық жанжалдарды шешу шараларын іске асыру;
— интеграциялық модель арқылы өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) мемлекеттік органдардың қолдауымен қамтуды үйлестіру;
— өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға (отбасыларға) әлеуметтік, заңды және психологиялық қолдау көрсету;
— тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарға бір айға дейін уақытша тұру мүмкіндігін беру;
— мемлекеттік отбасы саясатының бағыттары мен шаралары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу;
— мемлекеттік отбасы саясатын іске асыру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдармен, ұйымдармен, еріктілермен, консультациялық-кеңестік органдармен өзара іс-қимыл жасау;
— мемлекеттік отбасы саясатының үрдістерін мониторинг жасау және талдау;
— ҚР заңнамасына сәйкес тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша басқа да шараларды іске асыру.
Орталықтардың штаттық кестесі қажеттіліктер мен бюджет мүмкіндіктерін ескере отырып, ең төменгі штат нормативтерін сақтай отырып белгіленеді. Жаңа ережелерге сәйкес орталықтарға жыл бойы:
— өмірлік қиын жағдайға тап болған немесе оның қаупі бар адамдар (отбасылар);
— ішкі істер органдарында профилактикалық есепте тұрған қолайсыз отбасылар;
— шұғыл, дағдарыстық және қанағаттанарлықсыз деңгейдегі отбасылар;
— тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдар;
— сексуалдық зорлық-зомбылыққа тап болған адамдар;
— ажырасу процесіндегі отбасылар, ажырасу алдындағы немесе ажырасқаннан кейінгі жанжалды жағдайға әкелетін жағдайлар;
— неке қиюды жоспарлаған адамдар;
— өз еркімен жүгінген адамдар (отбасылар) қабылданады.
Орталықтар мемлекеттік органдармен және ұйымдармен, құқық қорғау органдарымен, соттармен, үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастықты жүзеге асырады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарға келесі қызметтер көрсетіледі: ақпараттық және анықтамалық қызметтерді ұсыну; жұмысқа орналастыруға, кәсіби оқытуға, қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға көмек көрсету; ақпараттық, заңдық және психологиялық көмек көрсету; кепілдендірілген көлемде тегін медициналық көмек алуға көмек көрсету; мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға жәрдемдесу; мемлекеттік қызметтерді, арнайы әлеуметтік қызметтерді және әлеуметтік көмек алуға кеңес беру, мемлекеттік органдар мен ұйымдарға одан әрі реттеу үшін жолдау. Тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарды анықтау қажет болған жағдайда орталық екі жұмыс күні ішінде оны тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін тиісті ұйымдарға жібереді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарды сәйкестендіру әлеуметтік дезадаптация мен әлеуметтік депривацияға әкелген қатал қарым-қатынастың бар-жоғын бағалау критерийлеріне сәйкес жүргізіледі.
Қостанай облысында қазіргі уақытта мемлекеттік сектордағы отбасын қолдау орталықтары Арқалық, Қостанай, Лисаковск, Рудный қалаларында, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында Әулиекөл ауданында жұмыс істейді. Жаңа қағидаларды енгізуге байланысты облыстың барлық аймақтарында отбасын қолдау орталықтарын ашу жоспарлануда. Семинар-кеңесте жаңа қағидаларды қабылдағаннан кейін туындаған проблемалық мәселелер талқыланды. Қағидалар бастамалары мемлекеттік отбасы саясаты және тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес аясында әлеуметтік қолдауды жақсартуға және құқықтарды қорғауға бағытталған.
Рудный қаласының «Отбасын қолдау және белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының жұмысына келетін болсақ, ол 2023 жылы құрылған. Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап орталық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Мұнда уақытша тұру үшін 50 төсек-орын бар. 1 шілдедегі деректер бойынша отбасыны қолдау және белсенді ұзақ өмір сүру орталығы өмірлік қиын жағдайға тап болған 32 отбасына немесе адамға көмек көрсетті. Бұл 471 әлеуметтік қызмет алған 10 отбасы. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына (9 отбасы немесе 31 адам) 478 арнайы әлеуметтік қызмет көрсетілді. 25 маусымда Рудныйда өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға (отбасыларға) ерте анықтау және жан-жақты қолдау көрсету бойынша мобильді топ құрылды. Оның құрамына әлеуметтік қорғау, білім беру бөлімі, полиция басқармасы, денсаулық сақтау, отбасыны қолдау орталығының қызметкерлері кірді.
Семинар барысында отбасын қолдау қызметіндегі басқа да жаңалықтар талқыланды. Мысалы, биылғы жылдың 28 маусымында цифрлық даму министрінің бұйрығымен отбасы мәселелері, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша «111» байланыс орталығының қызметі және оның орталық мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл қағидалары бекітілді. Байланыс орталығы «111» тегін және тәулік бойы жұмыс істейді. Оның негізгі міндеттері — отбасы мәселелері, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша үздіксіз ақпараттық-анықтамалық кеңес беру, ұйымдастырушылық, психологиялық көмек көрсету, орталық мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен түскен өтініштерге қатысты мәселелер бойынша өзара іс-қимыл жасау. Ресми байланыс арналары арқылы және 111.gov4c.kz сайты арқылы келіп түскен ауызша және жазбаша өтініштерді қабылдайды және қарайды. «111» байланыс орталығының қызметкерлері түскен өтініш мәселесін тиімді шешу мақсатында ғана алынған ақпаратты пайдаланады. Алынған ақпаратты басқа мақсаттарда пайдалану жол берілмейді.
Қостанай облысындағы, оның ішінде Рудный қаласындағы отбасын қолдау орталықтарының заңнаманың өзгеруіне бейімделуі мен жетілдіру жұмыстары жалғасын табатын болады.
Булат МУСИН,
автордың фотосы