Отбасылық құндылықтарды ұлықтап…

«Ер жігіт ел-жұртының панасындай, жақсы әйел жалпы жұрттың анасындай» деген екен жыр сүлейі Сүйінбай Аронұлы. Сөз қадірін білгенге әйел адамның қоғамдағы рөлі туралы бұдан артық теңеу табу қиын. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне, оның ішінде қыз-келіншектермен етене жұмысқа арнаған сол жақсы әйелдердің бірі Рудный қаласында тұрады. Таныс болыңыздар – Бекзада Дуанова.

Кейіпкеріміз Өзбекстан Республикасының Науаи облысы, Аяққұдық ауылында дүниеге келген. 1985-1990 жылдары Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық универитетінде «Қазақ тілі және әдебиеті» мамандығы бойынша білім алып, еңбек жолын Құлқұдық ауылындағы №1 мектебінен бастайды. Кейін Ұшқұдық қаласына қоныс аударып, жергілікті мәдениет үйінде үйірме жетекшісі, кейін директоры, аудандық халыққа білім беру бөлімінің маманы, мектеп директоры қызметтерін атқарады. Бекзада Жәдігерқызының жұмысына деген адалдығы, еңбекқорлығы, ізденімпаздығы мансапта тағы бір баспалдаққа көтерілуіне себеп болады. Осылайша ол 2010-2016 жылдары Үшқұдық ауданы әкімінің орынбасары лауазымын атқарып, отбасылық құндылықтарды нығайтуға күш салады.

Бүгінде тарихи Отанына оралған Бекзада Дуанова «Арман» мәдениет үйінің әдіскері, кейіннен басшысы ретінде Горняцкі кентінде ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен отбасылық құндылықтарды насихаттауды мықтап қолға алған.

– Отанның отбасынан басталатынын ескерген дана халқымыз отбасы тәрбиесіне көп көңіл бөліп, ұлы өссе – ұяттымен, қызы өссе – қылықтымен көрші болған. Әсіресе, қызды тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу екенін ұғынып, оны «қырық үйден» тыя білген. Содан келіп, қазақ қызы ибалы, инабатты, иманды болған, – дейді қыз тәрбиесіне тоқталған Бекзада Жәдігерқызы.

Кейіпкерімізді қоғамның жегі құртына айналған жастардың отбасын құрып алып, көп ұзамай ажырасуы қатты алаңдатады. Өйткені елімізде жыл сайын 120 мың неке қиылса, оның бестен бірі ажырасумен аяқталады. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемде алдыңғы ондыққа еніп отыр.

– Дәстүрлі қазақ отбасында ажырасу деген мүлдем болмаған. Қалыңын беріп, қызын алған құдасымен жақсы байланыс орнатып, жастарды жаңа отбасылық өмірге дайындап, керек болса ақылдарын айтып, ұрыс-керіс шықса бақылап, екі жақты жарастырып отырған. Жастар болса ауыл ақсақалдары мен үлкендердің сөзінен аспаған. Қазіргі таңда заманмен қоса адам өзгерді дейміз. Сол адамды өзгертіп отырған өзіміз. Жаңа өмірге аттанған жас отбасының қиыншылықтармен күресу қабілеті әлсіз болады. Сондықтан оларды бірден бөлек шығармай, алдымен ата мен ененің «өмір мектебінен» өткізуіміз тиіс, – дейді ол.

Бүгінде білікті басшы ғана емес, аяулы ана, адал жар атанған Бекзада Жәдігерқызы отағасымен бірге ұлы мен келініне тағылымды тәрбие беріп, екі немересінің қызығына тоймай келеді. Нағыз көпке үлгі болар отбасы. Ұлтына жанашыр апамыздың отбасылық құндылықтар тақырыбында әлі айтпағы көп. Солардың бірқатарын жақында ҚХА белді мүшесі ретінде елордада ҚР Президентінің қатысуымен өтетін үлкен Ассамблеяның 31-съезінде арнамақ. Ендеше, іске сәт!

Айзат ИБРАГИМ

газета «Рудненский рабочий»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *