10 желтоқсаннан бастап «Отбасы банк» жаңа тұрғын үй бағдарламасы аясында қосымша конкурс жариялады.
Бұл жолы несиеге берілетін тұрғын үйлер жергілікті атқарушы органның (әкімдіктің) кезекте тұрғандарына Сеченов көшесі, 1 мекенжайы бойынша ұсынылады. Бұл – 2023 жылы пайдалануға берілген жаңа 45 пәтерлі тұрғын үй.
23 пәтер әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға (ӘОТ) беріледі:
- 1 және 2 топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға;
- Мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға;
- Көпбалалы отбасыларға;
- Жетім балаларға.
Қалған 22 пәтер әкімдік кезегінде тұрған басқа азаматтарға, оның ішінде бюджет ұйымдарының қызметкерлеріне бөлінеді.
Брифинг барысында «Отбасы банк» Рудный қаласы бойынша қызмет көрсету орталығының басшысы Медет Аубакиров биыл қазан айында Сеченов көшесі, 1 мекенжайындағы үйге алғашқы байқау өткенін айтты. 45 пәтерге 40 адам өтініш берген. Алғашқы кезеңнен 22 адам өтіп, табыстарын растау үшін банкке шақырылған.
– Бұл конкурс кезекте тұрған азаматтарға үлкен мүмкіндік береді. Әсіресе, әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін жылдық 2%-дық мөлшерлеме үлкен жеңілдік. Басқа санаттар үшін ставка 5%-ды құрайды. Бастапқы жарна – тұрғын үй құнының 10%-ы. Бұл тұрғын үй сатып алуды қолжетімді ете түседі. Қазіргі уақытта 13 азамат табыстарын сәтті растады және сатып алу-сату шарттарын жасасуды күтуде. Қалған қатысушылар табыстарын растай алмағанымен, келесі байқауға қатыса алады. Осылайша, 10 желтоқсаннан бастап 32 пәтерге қосымша байқау жарияланады. Байқауға әкімдік кезегінде тұрған және «Отбасы банк» салымшылары қатыса алады, – деп мәлімдеді Медет Аубакиров.
Қатысушыларды іріктеудің негізгі өлшемшарты – мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегіне тіркелген мерзім.
НЕСИЕ БЕРУ ШАРТТАРЫ:
- Әлеуметтік осал топтарға жылдық 2% мөлшерлеме;
- Қалған санаттар үшін жылдық 5% мөлшерлеме;
- Бастапқы жарна – тұрғын үй құнының 10%-ы;
- Несие мерзімі – 19 жылға дейін.
Баспасөз брифингінде «Отбасы банк» Рудный филиалының басшысы Медет Аубакиров жаңа бағдарламаның ерекшеліктерін атап өтті:
«Біздің мақсатымыз – азаматтарға тұрғын үйге қол жеткізу үшін тиімді жағдай жасау. Қазан айында алғашқы конкурс өтті. Өкінішке қарай, кейбір үміткерлер табыс деңгейін растай алмады. Осыған байланысты желтоқсанда тағы бір мүмкіндік беріп отырмыз. Қатысу шарттары өте қарапайым, бастысы – жинақ шотында бастапқы жарна болуы қажет».
Сондай-ақ, ол әлеуметтік топтарға төменгі қабаттардан пәтерлерді таңдау мүмкіндігі қарастырылғанын қосты.
«Бұл бағдарлама арқылы әр отбасы өз арманындағы баспанаға қол жеткізеді деп сенеміз», – деді Аубакиров.
СЕЧЕНОВ КӨШЕСІ, 1 МЕКЕНЖАЙЫНДАҒЫ ҮЙДЕГІ ПӘТЕРЛЕРДІҢ ШАРШЫ МЕТРІ 180 МЫҢ ТЕҢГЕДЕН САТЫЛАДЫ.
- 1 бөлмелі пәтердің құны –
8 424 000 теңге;
- 2 бөлмелі пәтер – 12 168 000 теңге;
- 3 бөлмелі пәтер – 15 858 000 теңге;
- 4 бөлмелі пәтер – 18 162 000 теңге.
Өтінімдер «Баспана маркет» порталы арқылы қабылданады. Қосымша байқау 10 желтоқсаннан 24 желтоқсанға дейін жалғасады.
Тұрғын үйді брондау және барлық мәліметтерді otbasybank.kz порталынан алуға болады. Сұрақтар бойынша 300 байланыс нөміріне хабарласуға немесе Рудный қаласындағы Ленин көшесі, 93 мекенжайы бойынша «Отбасы банк» кеңсесінен алуға болады. Байланыс телефондары: +7-705-558-55-75 – Медет Аубакиров («Отбасы банк» қызмет көрсету орталығының басшысы, Рудный қ.); +7-747-444-28-36, +7-747-324-12-45, +7-747-584-75-98 – мамандар.
Айбар БЕРІК,
суретті түсірген
Султан СЕРТАЕВ