Отпен ойнама!

Рудныйда жалған шақыру жасаған тұрғынға айыппұл салынды

Рудный қаласындағы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері 22 сәуір күні орын алған жалған шақыру оқиғасы туралы мәлімдеді. Сол күні 101 қызметіне бір әйел қоңырау шалып, газ плитасын өшірмей кетіп, пәтердің кілтін үйде ұмытып кеткенін хабарлаған. Ол үйіне кіре алмай, өрт шығуы мүмкін деген қауіппен құтқарушылардың көмегіне жүгінген.

Оқиға орнына жедел жеткен төтенше жағдайлар қызметі ешқандай газ иісі де, түтін де байқалмағанын анықтады. Пәтерде бәрі тыныш, газ өшірілген. Кейін белгілі болғандай, әйел бұл жағдайды тек есікті аштырып алу үшін ойлап тапқан. Яғни, құтқарушыларды «тегін слесарь» ретінде пайдаланбақ болған.

– Біз кез келген шақыртуға дереу әрекет етуге міндеттіміз. Себебі бір ғана минут адам өмірін сақтап қалуы мүмкін. Алайда мұндай жалған хабарламалар шынайы төтенше жағдайларды кешіктіреді. Бұл – мүлде жол беруге болмайтын жағдай, – деді брифинг барысында азаматтық қорғау капитаны Ренат Елеуов.

Тексеру нәтижесінде әйелдің әрекеті Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 438-бабына – «Арнайы қызметтерді көрінеу жалған шақыру» – сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық деп танылды. Оған 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (шамамен 117 000 теңге) айыппұл салынды.

Рудный қаласының ТЖБ өкілдері осындай «әзілдердің» ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Себебі дәл сол уақытта қалада біреуге шын мәнінде көмек қажет болуы мүмкін.

Қауіпсіздік ережелерін сақтайық

Төтенше жағдайлар басқармасы көктем мен жаз мезгілдерінде өрт қауіпсіздігіне қатысты бақылауды күшейтуде. Әсіресе, саяжайлар мен жеке тұрғын үйлер орналасқан аумақтарда қоқыс жағу, от жағу қатаң тыйым салынған.

– Соңғы жылдары отпен абайсыз жұмыс істеу салдарынан болған өрттердің саны артып келеді. Мұндай жағдайлар көбіне қала маңындағы бау-бақша алқаптарында тіркеледі. Сондықтан тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажет екенін ескертеміз, – деді азаматтық қорғау капитаны Ренат Елеуов.

Қаланың шеткі аумақтарын бақылау үшін дрондар пайдаланылып жатыр. Олар арқылы мамандар күн сайын мониторинг жүргізіп, түтін шыққан жерлерді анықтап, тиісті органдарға жедел хабар береді.

Егер қайталанған құқық бұзушылық орын алса немесе адамның денсаулығына, мүлкіне зиян келсе, жауапкершілік күшейтіледі, тіпті қылмыстық жаза қолданылуы мүмкін.

Ескерту: Өртті немесе қауіпсіздік ережесін бұзған жағдайларды байқасаңыз, дереу 101 немесе 112 нөміріне хабарласыңыз.

Өрт қауіпсіздігін бұзғандарға қандай жаза қолданылады?

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес, қоқыс жағу немесе рұқсатсыз от жағу әрекеттері үшін азаматтар жауапкершілікке тартылады:

  • 410-бап – Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу:
  • Жеке тұлғаларға – ескерту немесе 5 АЕК (шамамен 18 460 теңге) айыппұл;

336-бап – Қалдықтарды жағу кезінде өрт және экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтамау:

  • Жеке тұлғаларға – 20 АЕК (шамамен 73 840 теңге);
  • Лауазымды тұлғаларға – 50 АЕК (шамамен 184 600 теңге);
  • Шағын бизнес субъектілеріне – 200 АЕК (738 400 теңге);
  • Орта бизнеске – 300 АЕК (1 107 600 теңге);
  • Ірі кәсіпкерлерге – 500 АЕК (1 846 000 теңге).

 

Айбек БЕРІК,

сурет ашық

дерек көздерінен

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *