Оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасаймыз

Жақында шаһарымыздағы № 19 мектепке ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді. Жалпы мектеп ұжымының айтар жаңалығы мұнымен таусылмайды. Түлектердің ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындығы, мектептегі жылу мәселесі, білім ордасының алдыға қойған міндеті туралы мектеп директоры Гүлжазира Смагуловадан сұраған едік.

 Сіз басшылық етіп отырған № 19 мектепке ұлт ұстазы, Алашорда көсемі Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді. Құттықтаймыз! Бұл мектеп үшін, қала үшін үлкен мәртебе деп есептеймін. Енді осы жөнінде толығырақ айтсаңыз, Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына орай мектепте қандай іс-шаралар өткізілді?

— Рақмет, Қазақстан Республикасы үкіметінің 2022 жылғы 21 қыркүйегінде 714 бұйрығымен біздің мектебімізге Ахмет Байтұрсынұлы есімі берілді. Осы жақсы жаңалықты естігеннен бері білім ордамызда «Ахмет жүрген жолмен» атты кіші экспедицияны құрған болатынбыз. Соның жоспарымен сонау Ахметтің туған жеріне Торғай даласына ұжыммен жол тарттық. Мектеп мұражайымен танысып, екі жақты келісім шартқа отырдық. Торғай даласындағы ауыл тұрғындарының қаражатына салынған кесенеге барып дұға бағыштадық. Торғайдағы Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлына арналған мұражайда тың ақпараттарға ие болдық. Және сол мұражаймен де екі жақты келісім шартқа отырдық. Осы іс шаралардың төңірегінде бізде «Ахаң үні» атты ақпараттық танымдық мектепішілік газет апта сайын жарыққа шығады. Және осымен аттас телеарна да өз жұмысын бастады. Оның барлығы да оқушылардың Ахмет Байтұрсынұлы туралы ақпаратқа кеңірек ие болуы үшін жасалып отыр. Сонымен қатар Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық Драма театрына «Алаштың Ахметі» атты қойылымға барған болатынбыз. Және «Таған» театры біздің мектебімізге келіп «Алихан, Ахмет» атты премьерасын қойған еді. 9 желтоқсан күні мектебімізде Ахмет Байтұрсыновқа арналған ескерткіш тақта қойылды. Мұның барлығы Ахметтің 150 жылдығына орай жасалып жатқан игі іс-шаралар.

Білім ордасына тоқталайық, негізгі бағыты қандай? Қазіргі уақытта мектепте қанша оқушы білім алуда?

Біз Ахаң ұрпақтарын тәрбиелеуші ретінде балаларымыз білімді, сауатты болуы керек деп санаймын. Осы бағытта оқушылардың физикалық, әлеуметтік, зияткерлік, эмоционалдық дағдыларын қалыптастыру үшін мектебімізде жалпы 6 секция, 11 ерікті клуб және бірнеше үйірмелер жұмыс істеуде. Сонымен қатар «Оқуға құштар мектеп» жобасы, «Руханият» жобасы, жайдарман және дебат секілді жобалардың барлығы біздің тәрбиелік бағытымызды айқындай түседі. Бүгінгі таңда мектеп қабырғасында 1300 оқушы білім алуда. Оқушылардың 80 пайызы сыныптан тыс бос уақытын тиімді өткізу үшін осы үйірмелер мен секцияларға барады.

Қазіргі таңда актуалды болып отырған тақырып — жылу мәселесі, сіздердегі ахуал қалай?

Әрине, жылу мәселесі қыс мезгілінде күн тәртібінен түспейтіні анық. Біздің мектепте күнделікті шаруашылық жұмыстар жөніндегі мектеп директорының орынбасары термометрді тексеріп отырады. Қазіргі таңда оқу кабинеттерінде 23-25 градусты көрсетеді, тек акт залында ғана 17 градус болып тұр.

Материалдық техникалық базасы қандай? Білім ордасына жөндеу жұмыстары жоспарда бар ма?

Жалпы біздің мектеп 1973 жылы қаланған. Содан бері тек қана 2019 жылы күрделі жөндеу шатырға ғана жасалды. Оған мемлекеттік бюджет есебінен 78 млн бөлінген еді. Материалдық техникалық база туралы айтатын болсақ, 2019 жылы 14 миллионға «физика, биология» кабинеттері, 2022 жылы 19 миллионға «химия және математика» кабинеттері сатып алынды. Яғни жаңа модификациялық кабинет деп айтамыз, осының барлығы оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасауымыз деп білемін. 2021-2022 оқу жылдарында мектептің барлық жиһаздары жаңартылды. Әр оқу кабинетінде компьютер жиынтығы кең жолақты интернетке қосылған.

Жақсы ұстаз шәкіртімен мақтанады демекші оқушыларыңыздың жеткен жетістіктерін айтып өтсеңіз?

Оқушыларымыз қалалық, облыстық, тіпті республикалық деңгейде де жеңіспен оралып жүр. 2020 жылғы түлектеріміз, мысалы Пірназарова Лаура мен Әміржан Аружан облыстық, республикалық деңгейдегі пән олимпиадасының жүлдегерлері. 2021 жылы Амангелдиева Ару республикалық деңгейдегі пән олимпиадасының жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, оқушыларымыз Иният Ақерке мен Шахатова Асель республикалық деңгейде ғылыми жұмыстары бойынша жеңімпаз атанған. Бұл республикалық деңгейде, ал облыстық деңгейде жеңімпаз атанған оқушылар қаншама?! Жыл сайынғы жалпы білім беертін мектептер арасындағы рейтингте біздің білім ошағымыз үнемі алдыңғы орында көрініп, 1 орын иеленіп келеді.

Сіздің мектебіңізде шешілмей жатқан түйткілді мәселелер бар ма? Мәселен кадр жетіспеушілігі, мұғалімдер тапшылығы кездеседі ме ?

Кадр жетіспеушілігі байқалмайды. Ал басқа мәселелер бойынша айта кетсем, қазір қалада жалпы мемлекеттік тілде білім беретін 3 қана қазақ мектебі бар. Соның бірі біздің білім ордамыз, 1300 оқушы тәрбиелеп отырмыз. Әр сыныпта 28, 30 оқушыдан оқиды. Мұның барлығы білім сапасының жоғарылауына кедергі. Алайда алдағы қаланың даму жоспарында мемлекеттік тілде білім беретін мектеп ашылады деген жоспар бар. Осы жоспар іске асып, балаларымыз жайлы мектепте білім алады деген ойдамыз.

Жақында тағы бір жаңалық – мемлекеттік тілде оқытатын инклюзивті сынып ашылды. Орталықтың аяқ алысы қалай?

Бәріміз білетіндей 2020 жылы қала тарихында 17 мектепте орыс тілінде білім беретін инклюзия кабинеті ашылды. Сол себепті мемлекеттік тілде білім беретін мектепте де осындай сұраныс жасалған. 2 желтоқсан күні біз инклюзия кабинетінің шымылдығын аштық. Бүгінгі күні мүмкіндігі шектеулі 6 бала білім алуда. Оларға арнайы мамандар, яғни логопед, дефектолог сабақтарын беріп жатыр. Психологтар жекелей жұмыстарын жүргізуде. Біздің оқушыларымыз мүмкіндігі шектеулі болғанына қарамастан қолжетімді білім алуы қажет деп есептейміз. Біз арнайы білімді қажет ететін оқуышларды қабылдауға, білім беруге, арнайы кеңестер, ата аналармен жұмыс істеуге дайынбыз.

Түлектердің ҰБТ дайындығы қалай?

Жыл сайын оқушылардың қабылдауына, білім сапасы деңгейіңе қарай орта балл жинап жатырмыз. Мысалы, 2020-2021 оқу жылында түлектеріміз 92 орта баллды жинаса, 2021-2022 жж оқу жылы бұл көрсеткіш төмендеді. Биылғы түлектерімізді біз әр ай сайын тестілеуден өткізіп дайындап жатырмыз. Ұлттық бірыңғай тестілеу мектептің білім сапасының көрсеткішін көрсетеді. Сол үшін де жүйелі жұмысатр жүргізудеміз. Биылғы 11 сынып оқушыларынан да 92-95 орта баллды күтеміз. Ата-ананың да, мектептің де, мұғалімдердің де жұмыла кіріскен ортақ жұмысының нәтижесі болып табылады.

Мектептің жаңа оқу жылында алдыға қойған міндеттері?

Әр мектептің алдында өзіндік миссиясы, бағыты болады. Біз де педагогтардың кәсіби біліктілігін арттыра отырып, сапалы білім беруді көздейміз. Оқушылардың физикалық, зияткерлік, эмоционалдық, әлеуметтік дағдыларын қалыптастырамыз. Басқа білім ордалары секілді біздің де алға қойған бағытымыз айқын. Сол көздеген мақсатымызға жетеміз деген ойдамыз.

Сұхбат бергеніңізге рақмет. Еңбегіңізге таусылмас табыстар, жемісті де жеңісті күндер тілейміз!

Сіздерге де рақмет!!!

Арай МАРАТ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *