Рудныйда балалардың қабілеттерін дамытуға арналған жаңа бағыттар ашылуда
Рудный қаласының балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық және даму сарайы жас тұрғындар үшін есігін ашып, балалардың қабілеттері мен таланттарын дамытуға арналған түрлі үйірмелер мен секцияларды ұсынады.
2022 жылдан бастап орталық үйірмелеріне балаларды қабылдау «Миндаль» электрондық жүйесін енгізудің арқасында одан да жеңілдей түсті. Енді баланы тіркеу үшін көптеген кабинеттерге барудың қажеті жоқ, мемлекеттік порталға тіркелу, баланың электрондық фотосын тіркеу, өтініш беріп, медициналық анықтама қоса салу жеткілікті. Одан кейін баланың жасына, қызығушылықтары мен қабілеттеріне байланысты үйірмені таңдауға болады. Бұл әсіресе бос емес ата-аналар үшін маңызды, баланың дамуы үшін ең қолайлы бағытты тез әрі ыңғайлы таңдауға мүмкіндік береді.
Оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі директордың орынбасары Светлана Колоколкинаның айтуынша, «Миндаль» жүйесі тек жазылу үдерісін жеңілдетіп қана қоймай, сондай-ақ жазылған балалардың санын жедел бақылауға көмектеседі, бұл әсіресе оқу жылының басында өте маңызды.
— Қазіргі уақытта орталықта тегін негізде әртүрлі бағыттар бойынша оқытатын 34 үйірме жұмыс жасайды. Олардың ішінде би өнері, вокал, лего-құрастыру және басқа да сирек кездесетін пәндер бар. Оқу жылы 15 қыркүйекте басталады. Осы уақытқа дейін топтарды аша алуымыз үшін стандартты талаптарға сәйкес қабылдау жүргізілуде. Ата-аналардың ыңғайлылығы үшін қабылдау жыл бойы жүргізіледі. Яғни, егер сіз балаңызды қыркүйекте жазып үлгермесеңіз, құжаттарды кез келген басқа күні тапсыра аласыз. Балаларды қабылдау бес жастан он сегіз жасқа дейін жүзеге асырылады. «Миндаль» порталымен жұмыс істеу тиімді, әрі оңай. Бірақ, қиындықтар туындап жатса қабылдау бөлімінің хатшысы көмек көретуге дайын,-дейді ол.
Бүгінгі таңда үйірмелер мен секцияларға 782 бала қабылданған және жазылу әлі де жалғасуда. Көптеген отбасылар оқу жылы басталғаннан кейін кестені анықтайды, сондықтан тәрбиеленушілердің саны күн сайын артуда.
Биыл Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық және даму сарайы жұмысында жаңа бағыттар бар. Ең маңызды жаңалықтардың бірі – әлеуметтік-педагогикалық бағыт аясында ашылған психологиялық көмек пен қолдау үйірмесі.
— Жаңа «Гармония» үйірмесінің ерекшелігі – балалар мен ата-аналардың бірлескен жаттығуларын қамтиды, ол сәбилердің өзін-өзі тануы мен өзін-өзі дамытуына бағытталған. Психологиялық қолдау мен эмоциялық интеллектті қалыптастыру – баланың дамуындағы маңызды аспектілер, және енді олар біздің мекемеде қол жетімді. Сонымен қатар, бізге жақында жас педагог келді, ол балаларды мектепке дайындау үшін арнайы құрылған «АБВГД» білім үйірмесін ашады. Өз жұмысында ол балаларға оқу іс-әрекетінің сәтті басталуы үшін қажетті негізгі білімді меңгеруге көмектесетін заманауи әдістерді қолданатын болады. Бұл тек балалардың зияткерлік қабілеттерін дамытып қана қоймай, оларда оқу процесіне деген қызығушылықты қалыптастырады, — деп атап өтті Светлана Колоколкина.
Тұрақты сабақтардан басқа, мекеме қабырғасында жиі әртүрлі іс-шаралар өткізіледі: концерттер, көрмелер, жарыстар және фестивальдер. Олар балаларға өздерін көрсетуге, жетістіктерін көрсетуге және танылуға мүмкіндік береді. Осылайша, орталық тек оқыту орны ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік белсенділік және қарым-қатынас алаңына айналады.
Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық және даму сарайы жеткен жетістіктерімен тоқтап қалмайды. Мекеменің жоспарларында – үйірмелер тізімін кеңейту және білім беру мен шығармашылықтағы заманауи үрдістерге бағытталған жаңа бағыттарды ашу бар. Басшылық педагогтардың біліктілігін арттыру, жаңа мамандарды тарту және оқытудың инновациялық әдістерін енгізу бойынша белсенді жұмыс жасауда.
Осылайша, ұйым Рудный қаласындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған қосымша білім беру мен шығармашылықтың басты орталықтарының бірі болып қала береді. Үйірмелердегі сабақтар балаларға тек білім мен дағдылар алуға ғана емес, сондай-ақ жаңа достарды табу, қарым-қатынас қабілеттерін дамыту және өзіне деген сенімділікті арттыруға көмектеседі. Ал ата-аналар балалардың уақытты пайдалы және сенімді қолда өткізетініне алаңдамаса болады.
Асем БАЙКАНОВА,
суретті түсірген Султан СЕРТАЕВ