Президенттік жастар кадр резерві – ел басқаруға ұмтылған жастар үшін үлкен мүмкіндік

Мемлекет тізгінін ұстауға жаңа буын дайын ба?

Президенттік жастар кадр резерві — елдің ертеңіне бейжай қарамайтын, кәсіби тұрғыда шыңдалған жас мамандарға арналған бастама. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен іске асырылып келе жатқан бұл жобаның аясында қазірдің өзінде жүздеген жас мемлекеттік қызметке араласып, ел басқару ісінде өз орнын тапты. Биыл төртінші рет ұйымдастырылатын іріктеу ерекше форматта өтпек. Әр салалық бағыт бойынша пропорционалды негізде үміткерлер таңдалып, үздіктер қатарынан көріну мүмкіндігі ұсынылады. Осы іріктеудің мәні мен мазмұны жайлы Рудный қаласы әкімінің аппараты басшысы Эльдар Мұханов айтып берді.

Президенттік жастар кадр резервінің мақсаты қандай? Бұл бастама қалай басталды?

− Бұл-елге адал қызмет еткісі келетін, білімі мен біліктілігі бар жастар үшін құрылған мүмкіндік алаңы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2019 жылдан бастап жүзеге асып келеді. Осы уақыт ішінде үш іріктеу өткізілді. Нақты айтсақ, 2019, 2021 және 2023 жылдары өткен іріктеулерге 60 мыңнан астам азамат ниет білдіріп, соның ішінде 400 адам резервке алынды. Қазір олардың 318-і,ияғни 80 пайызы мемлекеттік органдар мен түрлі ұйымдарда қызмет етіп жүр. Бұл жобаның тиімділігінің нақты көрсеткіші.

Биыл кезекті төртінші іріктеу жоспарланып отыр. Бұған дейінгі үміткерлерге қойылған талаптар осы жолы да сақталады. Алайда жаңа іріктеудің өзіндік ерекшеліктері бар.

Төртінші іріктеудің бұрынғы кезеңдерден басты айырмашылығы неде?

− Ең үлкен айырмашылығы- әрбір кезеңде салалық бағыттар бойынша теңгерімділік сақталады. Іріктеу алты бағытқа бөлініп өтеді: инфрақұрылым мен сауда, агроөнеркәсіп пен экология, сыртқы саясат пен инвестиция, экономика мен қаржы, цифрландыру, сондай-ақ әлеуметтік саясат пен азаматтық қоғам. Бұл тәсіл әр саланың мықты мамандарын жеке іріктеп, мемлекеттік басқару жүйесінде тепе-тең дамуға мүмкіндік береді.

Іріктеуге қойылатын талаптар қандай? Кімдер қатыса алады?

− Үміткердің жасы 35-тен аспауы тиіс, жоғары білімінің болуы міндетті және кемінде 5 жыл еңбек өтілі болуы керек. Қазақ тілін В1 деңгейінде меңгеруі де талап етіледі. Бұдан бөлек, қазіргі таңда Президент тағайындаған тұлғалар, саяси қызметшілер, «А» корпусының мемлекеттік қызметшілері мен бұрын резервке өткендер бұл іріктеуге қатыса алмайды.

Іріктеу кезеңдері туралы кеңірек айтып өтсеңіз. Жас үміткерлерді не күтіп тұр?

− Іріктеу алты кезеңнен тұрады. Алғашқы кезең: құжаттарды қабылдау, ол 1 маусымнан бастап бір айға созылады. Екінші кезең:мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау. Бұл кезең екі блоктан тұрады. Мәтінмен жұмыс және сандық логика. Үздіктер ғана үшінші кезеңге өтеді, онда үміткерлер нақты проблемаларды шешуге бағытталған ситуациялық эссе жазады. Төртінші кезең құзыреттерді бағалаудан тұрады. Нақтырақ айтсақассессмент-орталық пен кәсіби HR-сұхбат арқылы үміткерлердің көшбасшылық қасиеттері, ойлау қабілеті, уәждемесі айқындалады.Бесінші кезеңде сарапшылық комиссиямен әңгімелесу, бұл жерде кандидаттың тәжірибесі мен тұлғалық қасиеттері бағаланады.Соңғы алтыншы кезеңде Ұлттық комиссия үздік 50 кандидаттың есімін бекітеді.

Мемлекеттік қызмет жәй ғана жұмыс орны емес. Бұл сенім мен жауапкершілікті қатар арқалауға дайын жандардың жолы. Ал Президенттік жастар кадр резерві осы жолдың баспалдағы.

Эльдар Маратұлы, сіздің ойыңызша, бұл резерв жастарға не береді?

− Бұл өзіңді көрсетуге мүмкіндік. Егер жас маман өзінің білімі мен азаматтық ұстанымын көрсете алса, елге қызмет етудің жаңа сатысына көтеріледі. Көптеген резервшілер бүгінде жауапты қызметтер атқарып жүр. Бұл нағыз мотивация көзі. Сондықтан елдің болашағына алаңдайтын, кәсіби дамуға ұмтылатын әр жасты осы іріктеуге қатысуға шақырамын.

Қоғамды алға сүйрейтін күш — жігерлі де білімді жас буын. Президенттік жастар кадр резерві сол жастарды іріктеп, ел мүддесіне қызмет етуге жол ашатын маңызды жоба. Бұл бастама адал еңбек пен кәсібилікті бағалаудың үлгісі. Отан алдындағы жауапкершілікті сезінетін әрбір жас бұл мүмкіндікке мән беріп, өз орнын табуға тырысса, еліміздің ертеңі жарқын болмақ.

 

Сұхбаттасқан Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Даулет КУЛАТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *