Мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айы келіп жетті. Он екі айдың сұлтаны саналатын бұл кезеңде жұртшылық ауыз бекітіп, 30 күн ораза ұстайды. Пітір садақа мөлшері қанша? Ораза кімдерге парыз? Денсаулыққа зиян тимес үшін қалай тамақтану керек? Қасиетті айдың қадірі мен ауыз бекітетін ағайынның арасында жиі кездесетін сауалдарға жауап алу мақсатында «Нұр» мешітінің наиб имамы Әл-Фараби Телғарамен тілдескен едік.
Рамазан – тәрбие мен тағылым, мейірім мен кешірім айы. Барша мұсылман осы берекелі айды асыға күтеді. Бұл уақытта адамдар сауапты іске, мұқтаж жандарға қол ұшын созуға, үлкендердің батасы мен алғысын алуға ұмтылады.
«Рамазан айы балиғат жасқа толған мұсылмандарға парыз болып саналады. Оразаны «мен мұсылманмын» деп иман келтірген адам ұстау міндетті. Әрине, біріншіден, бұл Алла разылығы үшін ұсталатын ораза. Алайда, денсаулығына байланысты ораза ұстай алмайтын жандар, сапарға жолға шыққан жолаушылар болса, Рамазан айынан босатылады. Ұмытып ішіп-жеу оразаны бұзбайды. Бірақ ұмытқан адам есіне түскен кезде жеуді дереу тоқтатуы керек», — деді «Нұр» мешітінің наиб имамы Әл-Фараби Телғара.
Биылғы ораза 29 күнге созылып, 20 сәуірде аяқталады. 21 сәуірде Ораза айт басталады. 17 сәуірден 18 сәуірге дейін Қадір түні, ал 21 сәуірде – Ораза Айт. «Нұр» мешітінің наиб имамы биылғы жылы пітір садақа мөлшері жан басына 535 теңге болып бекітілгенін мәлімдеді. Айта кету керек, садақадан түскен қаражат мешіттің керек-жабдығына, сонымен қатар жетім-жесірлердің, тұрмысы төмен жандардың мұқтажына жұмсалатын болады.
«Пітір садақаны ең абзалы мешітке беру керек. Егер келе алмайтындай жағдай болса, мобильді қосымшалар арқылы төлей алады. Онда Рудный қалалық «Нұр» мешітін таңдауыңыз қажет. Ең бірінші батырмасында Қостанай облысы деп басталады, одан кейін Рудный қаласы, үшіншісінде садақаның түрі көрсетілген. Пітір садақасы өз уақытында, яғни, Рамазан айының бірінші күнінен бастап соңғы күні айт намазына дейін беріледі», – деді наиб имам.
Қасиетті айда мешітте атқарылатын жұмыстардың саны артқан. Соның бірі – Рамазан айындағы өткізілетін дәрістер. Ерлер үшін күн сайын дәстүрлі исламды оқыту курстары сағат 18:00-де, әйелдер үшін сағат 14:00-ден кейін 16:00-ге дейін, балалар мен жасөспірімдер үшін сенбі және жексенбі күндері түскі екіде жүргізіледі.
«Шариғат бойынша ораза ұстау балиғат жасы ер адамға 13-15 жастың аралығы, қыз балаға 8-13 жастың аралығы. Ең бірінші, ораза ұстаушы бала ата-анасының рұқсатын алуы қажет. Оқушы мектепке барғаннан кейін міндетті түрде сабаққа зиян тимейтіндей ораза ұстауы керек. Оразаны сылтауратып сабаққа бармау, кешігу, сабақтың үстінде ұйықтау — мұсылманға жат нәрсе. Оразаның ең жеңілі тамақтан тыйылу болса, негізгі мақсаты — өзің тәрбиелеу. Сондықтан, жақсы жағынан көрсету, сабағын барынша қалдырмай оқу – баланың міндеті», — деді Әл-Фараби Телғара.
Сондай-ақ, Оразада мұсылмандардың ас ішу режимі өзгеретіні хақ. Әр мұсылман асқазанға күш түсірмей, денсаулыққа пайдалы өткізу үшін тамақтану рационына баса назар аударған жөн.
«Таңғы сәресі уақытына асқазанға жеңіл келетін және күн ұзаққа бойға күш-қуат беретін тамақ жеген абзал. Ал, кешке ауызашар уақытында түнгі мезгіл болғандықтан жеңіл тамақ тұтыну қажет. Тәртіп бойынша, ауызышарда сумен немесе құрмамен ауыз ашады. Кейін кешкі намаз оқып болған соң асқа отырады» — деді наиб имам.
Рудный тұрғындары күнделікті ауызашар мен сәресі бітетін уақытты www.muftiyat.kz сайтында анықтауға болады. Немесе арнайы мешітке келіп біле алады.
Жанат Бекетова, қала тұрғыны:
Қасиетті Рамазан айы Алланың мейірімі төгіліп, сауаптар еселеніп жазылатын шарапаты мен шапағаты мол ай. Баршамызды мүбарак Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Биыл Алла амандығын беріп, 5-ші мәрте ораза ұстаудамын. Рамазан айында ораза ұстау – мұсылман адамның мойнындағы бес парыздың бірі. Ендеше, барша мұсылман бауырлар, ұстаған оразаларыңыз бен жасаған әрбір жақсы амалдарыңыз қабыл болғай. Әумин!
Арай Марат