Рудныйда жасыл бастамалар кең өріс алуда

2025 жылы Рудный қаласында жасыл желекті күтіп-баптауға шамамен 170 миллион теңге бөлініп отыр. Бұл қаржы бірінші кезекте көшеттерді суару жұмыстарына жұмсалады. Қала әкімі Виктор Ионенконың айтуынша, енді басты мақсат — көп отырғызу емес, отырғызылған ағаштардың өсіп-жетілуін қамтамасыз ету.

21 сәуірде, «Барлық қазақстандық ағаш отырғызу күні» аясында қала басшысы мемлекеттік мекеме басшыларымен, мен коммуналдық қызмет өкілдерімен бірге «Достық» саябағына 70 түп ағаш отырғызды. Оның ішінде 50 қайың, 20 алма ағашы. Ағаш отырғызуға су «Рудный жылу желілері» ЖШС тарапынан қамтамасыз етілді.

Саябақ директоры Гүлнара Нұркенованың айтуынша, саябақ қызметкерлері көшеттерді өздері суарады:

— Техникалық суға арналған құбыр бар, 300 литрлік бөшкеміз де дайын. Кішкентай көшеттер жақсы бейімделеді. Биыл үлкендеу алма ағаштарын отырғыздық. Бар үміт — осы көшеттердің көктеп, көгеруінде.

Қаланың екі саябағында жергілікті бюджет есебінен гүл отырғызу жұмыстары да жоспарланған. Петуния, канна, барқытгүл және басқа да гүлдер қаланың көркін ашпақ.

— Жыл сайын көгалдандыруға үлкен үлес қосып келе жатқан «ССКӨБ» АҚ — бұл жұмысты экологиялық жауапкершілікпен атқарып отыр. Қалалық бюджет есебінен біз енді сапаға мән беруді шештік. 50-60 мың ағаш отырғызуға болады, бірақ оларды қалай сақтап қаламыз? — дейді қала әкімі Виктор Ионенко. — Биыл біз жапырақты ағаштарға көбірек көңіл бөліп жатырмыз. Қалаға көлеңке керек, ал бұл үшін биік әрі тығыз жапырақты ағаштар керек.

Қала тұрғындарынан бос жатқан жерлерге неге ағаш отырғызылмайды деген сұрақ жиі түседі. Алайда әкімнің айтуынша, көп жағдайда мұндай жерлерде жер асты инженерлік желілері — жылу құбырлары, газ, кәріз жүйелері өтеді. Мысалы, Ленин мен Гагарин көшелерінің қиылысындағы «Особняк» дүкенінің маңында дәл осындай жағдай. Бұл жерлерге бұталар отырғызылады. Себебі болашақта жөндеу жұмыстары қажет болған жағдайда, үлкен ағашты емес, бұтаны ғана құрбан етуге болады.

Қала бойынша көгалдандыруға 15 арнайы орын белгіленген. Кей жерлерде қураған немесе ескі ағаштардың орнына жаңалары отырғызылады. Қай жерде отырғызылса да, суару міндетті түрде жүргізіледі — бұл мақсатқа жоғарыда айтылғандай, 170 млн теңге бөлінген.

Сол күні «Рахат-2018» ЖШС қызметкерлері 100 түп пирамидалық терек, ал «Ковш» монументінен Б.Майлин ауданына апарар жол бойына 500 қайың отырғызды.

Жалпы, биыл Рудный қаласында 21 мың ағаш отырғызу жоспарланған. Соның ішінде шамамен 16 мыңын «ССКӨБ» АҚ өз қаражаты есебінен отырғызбақ. Сонымен қатар, пәтер иелері тұтынушылар кооперативі ұйымдарына 1200 көшет, ал білім беру мекемелеріне 240 көшет бөлінді.

Экологиялық бастамаларды қолдап жүрген «Мир через духовность» қоғамдық бірлестігі мен «Рудненский добряк» волонтерлік штабы да бұл шарадан тыс қалмады. Олар ССКӨБ-тің дайын өнім қоймасы жанында 500 түп сібір қарағайын отырғызды.

— Мемлекет, қоғам және бизнес бірігіп әрекет етсе, үлкен жетістіктерге жетуге болады. Бұл — соның дәлелі. Ағаш отырғызу арқылы табиғатқа ғана емес, болашаққа деген сеніміміз артады, — деді кәсіпкер, қоғамдық бірлестік өкілі Сергей Орлов.

Оның айтуынша, бұл жерде жердің құнарлығы мен ылғалдылығы жақсы — яғни көшеттердің тамыр жаюына барлық жағдай бар. Сонымен қатар, ССКӨБ қызметкерлері бұл ағаштарды тұрақты түрде суарып, күтім жасауды өз мойнына алған.

Вероника Мин жетекшілік ететін «Рудный мейірімділері» штабының волонтерлері де белсенділік танытты. Қарағай отырғызу жұмыстарына Рудный индустриялық университеті, тау-кен технологиялық колледжі, технология және сервис колледжі мен №11 мектептің оқушылары қатысты. Барлығы — 50-ден астам жас.

— Жастар бұл бастаманы қуана қолдады. Қолдарында қолғаптары мен құралдары бар. Көктемде, жазда күтім көрсетіледі. Бұрын да бірге отырып 1000-нан астам терек отырғызған болатынбыз, — дейді Вероника Мин.

Қаланың әрбір көшеті — болашақ ұрпаққа көлеңке мен таза ауа сыйлайтын үлкен еңбек жемісі. Көгалдандыру — тек әкімдік емес, барша қоғам болып атсалысатын ортақ іс.Соныдықтан, ьарша рудныйлықтарды көгалдандыру жұмыстарына белсене қатысуға шақырамыз!

 

Жәнібек ҚАЛАБАЕВ,

суретті түсірген автор

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *