«Рудный жылу желілері» ЖШС тұтынушылары үшін 2025-2029 жылдарға арналған орташа босату тарифтері 1 наурыздан бастап күшіне енеді
Қала және Қашар кентіндегі тұтынушылар үшін тарифтердің өсуі туралы «Рудный жылу желілері» ЖШС директоры Олег Абылкаиров дүйсенбі күні қала әкімі жанындағы кеңейтілген кеңесте хабарлады. Бұған дейін, 28 қаңтарда, газетімізде тиісті хабарландыру жарияланған болатын.
Тариф неге көтеріледі?
Кеңесті ашқан қала әкімі Виктор Ионенко Қазақстандағы көптеген коммуналдық кәсіпорындар тарифтерді көтеріп жатқанын атап өтті.
– Бұл сенімді жылу, су және электрмен жабдықтау жүйесін құрумен байланысты. Халыққа сапалы қызмет көрсету үшін осы шаралар қажет, – деді қала басшысы.
«Рудный жылу желілері» ЖШС директоры Олег Абылкаиров тарифтердің өсу себептерін түсіндірді.
– 2025 жылғы 9 қаңтардағы бұйрыққа сәйкес Қостанай облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департаменті Рудный және Қашар кенті тұтынушылары үшін 2025-2029 жылдарға арналған орташа босату тарифтерін бекітті. Тұтынушы санатына қарай сараланған тарифтер қазіргі уақытта бекіту кезеңінде және кейінірек жарияланады, – деді ол.
Оның айтуынша, Рудныйда қолданыстағы тарифтер басқа қалалармен салыстырғанда әлі де төмен.
Өңірдегі тарифтер салыстырмалы түрде қандай?
► Рудный – 3614,87 теңге
► Лисаковск – 6002,56 теңге
► Жітіқара – 5691,30 теңге
► Тобыл – 7530,37 теңге
► Қостанай – 4683,91 теңге
Виктор Ионенко тарифтің өсуі жылу желілерін жаңғыртуға тікелей байланысты екенін атап өтті.
– Соңғы екі жылда негізгі магистральдық жылу желілерінің тозуын азайттық. Енді кварталішілік желілерге назар аударамыз. Қала бойынша ірі қазба жұмыстары болмайды, негізінен, жеке сектордағы кіші диаметрлі құбырлар жөнделеді. Барлық сметалық құжаттар дайын, кейбір қаржыландыру көздері расталды, республикалық бюджеттен қосымша қаражат күтіп отырмыз. Мемлекеттік сатып алу конкурстары өтті, мердігерлер анықталды, – деді қала әкімі.
Жаңа тариф қандай болады?
Әкім 2020 жылы «ССКӨБ» АҚ-нан жылу желілері квазимемлекеттік секторға өткен кезде тариф 2400 теңге болғанын еске салды.
– Ол кезде Жітіқарада – 4579 теңге, Тобылда – 5600 теңге, Қостанайда – 4170 теңге еді. Барлық жылу кәсіпорындары бірдей жағдайда жұмыс істейді: газ бағасы, электр энергиясы тарифтері және басқа да шығындар шамамен бірдей. Бірақ Рудныйда тариф екі есе төмен болды. Бұл тепе-теңдіктің бұзылуына және кәсіпорынның шығынға ұшырауына әкелді. Соңғы екі жыл ішінде «ССГПО» шығындарды жапты. Бірақ 2024 жылы біз дербес жұмыс істей бастадық, ал жыл қорытындысы бойынша 1,5 миллиард теңге шығынға ұшырадық. 2020-2022 жылдары тариф айтарлықтай көтерілген жоқ, 2023 жылы 200 теңгеге ғана өсті. 2024 жылы 3600 теңгеге дейін көтердік, бірақ энергия тасымалдаушылар бағасының өсуіне ілесе алмай отырмыз. Сондықтан тарифті инвестицияға айырбастауымыз қажет. Жаңа тарифтік саясатта желілерді жөндеуге қаражат қарастырылған. 2025 жылдан бастап жөндеу жұмыстарын облыстық және республикалық бюджеттен қосымша трансферттерсіз жүргізуге көшуіміз керек. Жыл сайын 11-12 шақырым желіні ауыстыруға жоспар құрдық, – деді әкім.
Қазіргі уақытта жаңа сараланған тарифтер бекіту үшін Антимонополиялық комитетке жіберілді.
Тариф қаншаға өседі?
Қостанайдағы тариф – 4683 теңге. Рудный тарифі осы деңгейге жақындауы мүмкін.
– Біздің құбыр желісінің ұзындығы Қостанаймен салыстырғанда аса ерекшеленбейді. Шығындар да шамалас. Сондықтан жаңа тариф 4600-4900 теңге шамасында болады деп болжап отырмыз. Бұл екі бөлмелі пәтер үшін төлемнің шамамен 1000-1200 теңгеге көтерілуін білдіреді. Бірақ нақты қанша болатынын әлі айта алмаймыз, бұл реттеуші органның шешіміне байланысты, – деп түсіндірді Виктор Ионенко.
Жәнібек ҚАЛАБАЕВ,
суретті түсірген
Сұлтан СЕРТАЕВ