Қала тұрғындары күнделікті түрлі мекемелерге, сауда нүктелеріне, мемлекеттік және жекеменшік қызмет көрсету орындарына жүгінеді. Осы тұрғыдан алғанда, көрнекі ақпарат құралдарының тілдік сауаттылығы мен заңнамалық талаптарға сәйкестігі — қоғамның тілдік мәдениеті мен мемлекеттілігінің көрсеткіші.
Осы бағытта қалада кезекті тілдік мониторинг жүргізілді. Іс-шараны Рудный қалалық әкімдігіне қарасты «Тілдерді оқыту орталығы» ұйымдастырды. Мониторингке орталық мамандары, сондай-ақ редакциясы тілшілері қатысты.
Олар Ленин көшесі 21 және Павел Корчагин көшесі 90, Космонавтов даңғылы 19 мекенжайларында орналасқан «Fix Price» сауда дүкендерінің әкімшілігімен кездесіп, көрнекі ақпараттың дұрыс рәсімделуіне, мәтіндердің мемлекеттік тілде сауатты жазылуына қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Орталықтың әдіскері Әсем Түменбаева бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде жүргізілетінін айтып өтті.
«Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында тексеру емес, түсіндіру, кеңес беру және көмек көрсету жұмыстарын басшылыққа аламыз. Басты мақсат — заң бұзушылықты жазалау емес, оны болдырмау. Әр нысандағы көрнекі ақпараттар мен жарнамалар Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 21-бабына және 2021 жылы күшіне енген ҚР Үкіметінің №729 қаулысымен бекітілген көрнекі ақпараттың орналасу тәртібі туралы талаптарға сай болуы тиіс», — дейді маман.
Сондай-ақ ол кәсіп иелерінің көбі талаптарды білмейтінін және түсіндіру жұмыстарының тиімділігі жоғары екенін жеткізді.
«Кәсіпкерлер мен ұйымдар көрнекі ақпарат пен жарнаманы орнатқанда тек дизайнға емес, заң талабына сай мазмұнына да назар аударуы тиіс. Мемлекеттік тілді дұрыс қолданбау – тек заң бұзушылық қана емес, қоғам алдындағы мәдени жауапкершілікті де көрсетеді. Кейбір мекемелерде мәтіндер тек орыс тілінде ғана берілген немесе мемлекеттік тілдегі аудармасы мағынасыз, қате. Мұндай жағдайларда біз нақты мысалдармен түсіндіріп, әдістемелік көмек көрсетеміз. Бұл жолы біз дүкен қызметкерлеріне арнайы әзірленген тілдік жадынамалар мен QR-коды арқылы қолжетімді тілашарларды ұсындық. Олар сауда, қызмет арналып дайындалған және күнделікті жұмыс барысында қолдануға өте ыңғайлы», — деді Әсем Абзалқызы.
Айта кетейік, орталықтың бастамасымен мұндай мониторинг жыл басынан бері 20-дан астам нысанда жүргізілді. Оның ішінде сауда үйлері, гүл дүкендері, дәріханалар, ХҚКО, кинотеатр, кітапхана, мұражай сияқты әлеуметтік нысандар бар.
Елімізде жарнама жасау, тарату, оларды орналастыру мәселесі ҚР «Жарнама туралы» Заңымен реттеледі. Негізгі мақсат – жөнсіз жарнамаға жол бермеу және оларға тыйым салу. Республика аумағында жарнама мемлекеттік тілде және орыс тілінде таратылатындықтан, жарнама мазмұнының бір тілден екінші тілге аудармасы оның негізгі мағынасын бұрмаламауы тиіс.
21-бап. Деректемелер мен көрнекi ақпарат тiлi
Деректемелер мен көрнекі ақпараттың мәтіндері орфография нормалары және мәтіннің теңтүпнұсқалы аудармасы сақтала отырып жазылады.
Мемлекеттiк органдардың мөрлерi мен мөртаңбаларының мәтiнiнде олардың атаулары мемлекеттiк тiлде жазылады.
Меншiк нысанына қарамастан, ұйымдардың мөрлерiнiң, мөртабандарының мәтiнi мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жазылады.
Мемлекеттік ұйымдардың бланкілері мемлекеттік тілде және орыс тілінде, қажет болған кезде басқа тілдерде де жазылады.
Мемлекеттік емес ұйымдардың бланкілері мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тілдерде де жазылады.
Мемлекеттік ұйымдардың маңдайшалары мемлекеттік тілде және орыс тілінде, қажет болған кезде басқа тілдерде де орналастырылады.
Мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшалары мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тілдерде де орналастырылады. Қазақстан Республикасында қорғалатын, мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшаларында пайдаланылатын тауар белгілері өзгермеген түрінде жазылады.
Маңдайшаны орналастыруға «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес маңдайшаларды орналастыру туралы хабарлама жіберілген жағдайда жол беріледі.
Хабарлама:
1) маңдайшаны республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, облыстық маңызы бар қалаларда орналастыру кезінде – республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына;
2) маңдайшаны аудандық маңызы бар қалаларда, ауылдарда, кенттерде орналастыру кезінде аудандардың жергілікті атқарушы органдарына жіберіледі.
Хабарлама маңдайша орналастырылатын болжамды күннен кемінде бес жұмыс күні бұрын жіберіледі.
Хабарламаға:
1) маңдайшаны орналастыру орны туралы ақпаратты қамтитын мәліметтер нысаны;
2) маңдайшаның эскизі қоса беріледі.
Жергілікті атқарушы органдар ұсынылған материалдарға жойылуы міндетті жазбаша уәжді ескертулер беруге құқылы.
Жергілікті атқарушы органдар ескертулер ұсынған жағдайда маңдайша ескертулер жойылған кезде ғана орналастырылуы мүмкін.
Жергілікті атқарушы органдар хабарламаны алған күннен бастап төрт жұмыс күні ішінде жауап бермеген жағдайда, өтініш беруші маңдайшаны өзі мәлімдеген мерзімдерде орналастыруға құқылы.
тiлдегi және орыс тiлiндегi аудармасымен қамтамасыз етiледi.
Деректемелер мен көрнекі ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттiк тiлде — сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде он жағына немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Қажеттiгiне қарай деректемелер мен көрнекі ақпараттың мәтiндерi қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн. Бұл жағдайда қарiп өлшемi нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптардан аспауға тиiс. Ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама мемлекеттiк тiлде, орыс және қажет болған жағдайда, басқа да тiлдерде берiледi.
Осы арқылы мамандар қала аумағындағы тілдік кеңістіктің заң аясында бірізденуіне және мемлекеттік тілдің қызмет ету аясын кеңейтуге үлес қосуда. Бұл — тек мемлекеттік мекемелердің ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Себебі сауатты әрі заңға сай рәсімделген жарнама мен көрнекі ақпарат — ел мәдениетінің, азаматтық жауапкершіліктің бір бөлшегі.
Мөлдір КӘДІРБЕК,
Суретті түсірген Айбар БЕРІК