Мәдениет – ұлттың рухани байлығы, халықтың жүрегінен шыққан сыр мен саздың, өнер мен өнегенің тоғысқан тұғыры. Бұл саланың қызметкерлері – сахнада жарқырап көрінетін әншілер мен бишілер ғана емес, олардың әр қадамын үйлестіріп, ұжымдық рухты көтеріп жүрген ұйымдастырушылар, әдіскерлер, техникалық мамандар.
21 мамыр – Қазақстанда Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні ретінде аталып өтеді. Бұл күн – шығармашылық иелерінің еңбегіне бас иіп, олардың қоғамға қосқан үлесін бағалайтын ерекше күн.
Қала әкімі Виктор Ионенко мәдениет саласының өкілдеріне жүрекжарды лебізін білдіріп, олардың тынымсыз еңбегін ерекше атап өтті:
– Мәдениет – бұл жай ғана ән мен би емес. Бұл – ұлттың айнасы, қоғамның ішкі дүниесін бейнелейтін күш. Сіздер – балаларымыздың бойына сұлулықты, ізгілікті дарытатын жандарсыздар. Сахнада өнер көрсетіп қана қоймай, болашақ буынды тәрбиелеп, елдің ертеңіне жол салып жүрсіздер. Қалада өтетін әрбір мереке, концерт, қоғамдық шара сіздердің табанды еңбектеріңіздің арқасында жүзеге асады.
Салтанатты жиында бірқатар сала мамандары қалалық әкімнің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Мария Петропавловская – хореограф-педагог, «Грация» би ұжымының көркемдік жетекшісі. Ол 2014 жылдан бері «Орбита» бос уақытты ұйымдастыру орталығында еңбек етеді. Қазіргі таңда оның жетекшілігімен 8 топ жұмыс істейді, 100-ден астам бала бишілік өнерге баулынуда.
– Мен үшін би – өмірдің ажырамас бөлшегі. Бұл тек қимыл қозғалыс қана емес, бұл – тәрбие, ерік-жігер, сахна мәдениеті. Біз қалалық, республикалық, халықаралық деңгейдегі байқауларға үздіксіз қатысамыз. Жеңістеріміз аз емес – гран-при, дипломдар, ақшалай сыйлықтар – балалардың еңбегінің өтеуі. Қазір мен декреттік демалыстамын, бірақ қыркүйекте сүйікті оқушыларыммен қайта қауышамын. Олар мені күтіп жүр, – дейді Мария Валерьевна.
Алтынкен Күшекбаев – «Алые паруса» халық шығармашылығы үйінің бөлім меңгерушісі, тәжірибелі вокалист. Оның мәдениет саласындағы еңбек өтілі – 19 жыл. Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов атындағы ауылынан шыққан, еңбек жолын осы өңірде бастап, кейін облыстық халық шығармашылығы орталығында, Айыртау ауданының мәдениет үйінде директорлық қызмет атқарған. Қазіргі таңда Рудный қаласында шығармашылық жұмысын жалғастырып келеді.
– Бала кезімізден сахнаға ынтық болдық. Ән айтып, байқауларға қатыстық. Менің қалыптасуыма ұстаздарым зор үлес қосты. Мәдениет саласы – үздіксіз ізденісті талап ететін сала. Бұл жерден жалыққан адамды көрмейсіз – себебі біз елмен, халықпен жұмыс істейміз, олардың қуанышы мен рухани сұранысына қызмет етеміз. Қазір отбасым түгел Рудныйда тұрады. Бұл қаланы туған өлкемдей жақсы көріп кеттім, – дейді Алтынкен Шашубаұлы.
Сонымен қатар, марапатталғандардың арасында«Қалалық мәдениет және демалыс паркі» ШЖҚ МКК директоры Гүлнара Нұркенова, «Алые паруса» халық шығармашылығы үйінің әдіскері Татьяна Абраменко және «Қалалық мәдениет және демалыс паркі» ШЖҚ МКК шаруашылық меңгерушісі Тиллагүл Құрманбаева.
Мәдениет – ұлттың рухани тірегі. Сол тіректі күнделікті тіршілігімен нық ұстап тұрған барша сала мамандарына алғыс айту – әр азаматтың парызы. Олардың арқасында Рудный қаласында өнердің оты өшпей, мәдени өмірі жанданып тұр.
Гүлім МҰРАТ,
суретті түсірген
Айбар БЕРІК