Рудныйда Тілдер күніне арналған «Тіл – ұлттың жаны» мерекелік іс-шарасы өтті

Рудный қаласы әкімдігінің «Қалалық тілдерді оқыту орталығы» КММ 5 қыркүйек — Қазақстан халқының Тілдер күні мен Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай «Тіл – ұлттың жаны» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырды.

Іс-шараға «KEGOC» АҚ Сарыбай ЖЭТ филиалының қызметкерлері қатысып, өз білімдерімен бөлісті. Бұл шара бірнеше кезеңнен тұрды, атап айтқанда: «Ойлы сұрақ — жедел жауап», «Адасқан сөздер», «Мықты болсаң, тауып көр», «Жасырынған мақал», «Қызықты ұйқастар», және «Ұлыларды ұлықтау». Әр кезең қатысушылардың білімдерін сынап, қазақ тілін жетілдіруге бағытталды.

«Іс-шараның негізгі мақсаты — қатысушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлау, қазақ тілін өзге ұлттар арасында дамыту және насихаттау, сондай-ақ қазақ мәдениеті мен дәстүрін дәріптеу болды. Сонымен қатар, бұл шара көпұлтты мемлекеттің тұтастығын, ынтымағын қалыптастыруға бағытталды», – деп атап өтті орталық басшысы Жанат Досубаева.

Іс-шара барысында қатысушылар өздерінің терең білімдерін, тапқырлығын және ой ұшқырлығын танытты.

– Қазақ тілінің дамуы мен насихатталуы, сондай-ақ ұлттың бірлігін нығайтуда осындай іс-шаралардың маңызы зор, – дейді қатысушылар.

Бұл мерекелік іс-шараның өткізілуі тек қатысушылардың көңілін көтеріп қана қоймай, олардың қазақ тілін үйренуге және ұлттық құндылықтарды бағалауға деген ынтасын арттырды. Әр кезеңде белсенділік танытқан қатысушыларға іс-шара соңында алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

 

Гүлім МҰРАТ,

суретті ұсынған қалалық тілдерді оқыту орталығы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *