Рудныйда тіл саясаты қандай қарқын алуда?

Қазақ, ағылшын, орыс және неміс тілдерін меңгеруге ынталы рудныйлық тыңдаушылардың қатары күннен-күнге артып келеді. Рудный қаласындағы тілдерді оқыту орталығы жай ғана курстар өткізетін мекеме емес. Бұл тілді білім ретінде ғана емес, қарым-қатынас құралы, мәдени мұра, азаматтық жауапкершілік деп танитын ортаның айнасы. Мемлекеттік тілмен қатар, ағылшын, орыс және неміс тілдерін меңгеруге ниеттілер қатары да аз емес. Арнайы клубтар, QR-әдістемелер, қоғамдық іс-шаралар бәрі де тілді өмірге енгізудің нақты қадамдары.

Қазіргі таңда мұнда 1000-нан аса тыңдаушы төрт тілді меңгеруде. Тыңдаушылардың қатарында мемлекеттік қызметкерлер, зейнет жасындағы тұрғындар, өз бетімен ізденушілер де бар. Бұл орталықтың баршаға қолжетімді әрі жан-жақты бағытталғанының айқын дәлелі.
Сабақтар аптасына екі рет, офлайн форматта өтеді. Жоспар тыңдаушылардың күн тәртібіне сәйкестендіріліп құрылады. Онлайн оқыту тәжірибесі тоқтатылды, себебі практикалық тұрғыда нәтиже төмен болған.

«Офлайн сабақ кезінде мұғаліммен тікелей қарым-қатынас жасау, сұрақ қою, түсінбеген жерін нақтылау мүмкіндігі жоғары. Бұл – тіл үйренуде шешуші фактор», — дейді орталық басшысы Жанат Досубаева.

Қазақ тілі үш жылдық бағдарлама арқылы оқытылады. Ағылшын, орыс және неміс тілдері екі жыл ішінде меңгеріледі. Бағдарламаның соңында емтихан тапсырылады, ал оқу барысындағы ілгерілеу аралық бақылау, KazTest диагностикалық тесті арқылы анықталады.

«KazRetro»- тіл арқылы байланыс кеңістігі

Зейнет жасындағы тыңдаушыларға арналған “KazRetro” клубы — қалалық белсенді ұзақ өмір сүру орталығының бастамасымен 2023 жылы ашылды. Бұл клуб – тіл үйренумен қатар, қарым-қатынас, достық, екінші тыныс орталығы.

Клубта қазақ және ағылшын тілдеріне арналған бірнеше топ жұмыс істейді. Сабақтар аптасына екі рет өтеді, ал ұстаз Лаура Жанбырбаева әр тыңдаушының қажеттілігіне қарай жеке тәсіл қолданады.

«Олар өте ынталы. Сабақ өткізіліп жатқан күндері демалыс, мереке екеніне қарамай, қатысуға тырысады. Жазда да оқудан бас тартпай, жазғы демалыссыз жалғастыруды өтінгендері болды. Бұл біз үшін үлкен құрмет», — деп Жанат Досубаева ризашылығын білдірді.

Айман Калеева есімді тыңдаушы клубта жүріп, бұрын-соңды еркін қолдана алмаған қазақ тілінде ойын жеткізуді үйреніп келеді:

«Қанша қазақ болсам да, әдеби тілді білмейтінім ішімді тырнап тұратын. KazRetro клубына келіп, сөздік қорымды дамыттым. Ең бастысы ойымды қазақ тілінде еркін жеткізе алатын болдым. Бұл мен үшін үлкен жеңіс».

Татьяна Мороз есімді тағы бір тыңдаушы:

«Әкем қазақ тілінде еркін сөйлейтін. Мен де бала кезімде біраз үйрендім, бірақ жеткіліксіз болыпты. Қазір жасым үлкен болса да, қазақ тілін меңгергім келеді. Себебі бұл – елімнің тілі».

Курс қатысушылары арасында тіл үйренуді жеке парызы санайтын жандар аз емес. Солардың бірі – Алина есімді балабақшада музыкалық жетекші болып жұмыс істейтін жас маман.

«Мен қазақ тілін үйрене бастағаныма бір жылдай болды. Басында қиындау болды, әсіресе грамматикалық құрылымдар мен етістіктер. Бірақ лексика мен сөйлеу үлгілері оңай берілді. Күрделі сәттерде тастап кеткім келген. Бірақ балалармен қазақша сөйлесу – менің арманым еді. Сол арман мені алға жетеледі»,- дейді ол.

Алина үшін «Аман болыңыз» деген тіркес ерекше ыстық. «Бұл – мейірімділік пен жақсылық тілейтін сөз. Осындай қарапайым сөздердің өзінде бір үлкен мәдениет жатыр», — дейді ол.

«Қорықпай, ұялмай сөйлеу керек. Күн сайын аз-аздан үйрену – үлкен нәтижеге апарады. Әр жаңа сөз – мен үшін жеке жеңіс», — деп тәжірибесінен түйгенін бөлісті.

Тіл үйрету – тек әдістеме емес, жүректен жүрекке жол тартқан іс. Рудный қалалық тілдерді оқыту орталығы осындай миссияны арқалап жүрген мекеме. Мұнда әр тыңдаушы өз арманына, өз тіліне, өз болашағына қадам басып келеді.

«KazRetro клубы» және барша тыңдаушылардың шынайы ұмтылысы – бұл тілдің тек заңмен емес, жеке жанмен де өмір сүретінін дәлелдейді. Қазақ тілі мен өзге де тілдер формалдылықтан емес, өмірдің тынысынан басталғанда ғана қоғамның шынайы сөйлеу тілі бола алады. Болашақта орталық тыңдаушыларының саны артып, тіл орталығының жұмысы әлі де қарқын аларына сенеміз.

Жанарай НҰРМАХАНБЕТ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *