Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылы Қазақстанда 18,96 млн шаршы метр тұрғын үй салынды, бұл ел тәуелсіздігінің барлық жылдарындағы тұрғын үй құрылысындағы рекордтық көрсеткіш.
Рудный қаласында осы бағытта «2023–2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасын» іске асыру мақсатында бос тұрған көпқабатты үйлерді қалпына келтіру қарқынды жүріп жатыр. Бұл қала келбетінің жақсаруына ықпал етіп, баспана кезегінде тұрған азаматтардың көптен күткен қоныс тойын тойлауына мүмкіндік береді. Алдағы уақытта тағы бірнеше тұрғын үйдің құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстары жоспарлануда.
Бүгінгі таңда баспана алу кезегінде 4199 адам тұр. Жыл басынан бері 150 адам кезектен шығарылды. Рудный қалалық әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімі мамандарының айтуынша, бұл жұмыс жаңа үйлер пайдалануға берілген сайын жалғасын табады. Кезектің жылжуы әрбір санат бойынша пропорционалды түрде жүзеге асырылады.
Осы тақырыпқа байланысты өткен баспасөз брифингінде Рудный қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінің бас маманы Айнұра Қабенова мен тұрғын үй инспекциясы секторының меңгерушісі Радмира Уразбекова атқарылып жатқан жұмыстар туралы толық ақпарат берді.
КІМДЕР БАСПАНА АЛУ КЕЗЕГІНЕ ТҰРА АЛАДЫ?
- мүгедек балаларды тәрбиелеп
отырған отбасылар
- көпбалалы отбасылар
- жетім балалар
- бюджеттік сала қызметкерлері
- толық емес отбасылар
- қандастар
- зейнеткерлер
- бірінші және екінші топтағы
мүмкіндігі шектеулі азаматтар
Кезектен шығару Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Егер адамның меншігінде баспана болса немесе ол тұрақты тұруға басқа өңірге немесе елге көшсе, кезектен шығарылады. Сондай-ақ, мүгедектік тобының өзгеруі сияқты әлеуметтік мәртебенің өзгеруі де кезектен шығаруға негіз бола алады.
Бөлім мамандары азаматтардың кезектегі мәліметтерін өзектендіру үшін инвентаризация (тексеру) жүргізеді. Бұл жұмыс негізінен телефон қоңыраулары және SMS хабарламалар арқылы жүзеге асырылады. Былтырғы жылы осындай тексеріс нәтижесінде 1000-нан астам адам кезектен шығарылды. Егер азамат өзінің кезек нөмірімен келіспесе, ол сот арқылы кезекке қайта тұруға өтініш бере алады.
Қазіргі уақытта баспана кезегінде тұрған бюджеттік сала қызметкерлерінің саны 800 адам шамасында. Тұрғын үй бөлу кезінде әрбір санатқа белгілі бір пайыздық үлес беріледі.
Егер кезекке тұрған азамат ұсынылған пәтерден бас тартса, ол кезекте қала береді. Басты себептер:
- пәтер ауданының кішкентай болуы
- үйдің орналасқан жерінің қолайсыздығы (мектеп, балабақша алыс болуы)
Егер тұрғын үйді нашар жағдайда ұстаса, антисанитарияға жол берсе, заңсыз қоныстанса, немесе жалдамалы пәтерді қараусыз қалдырса, әкімдік оны жалға беру шартын бұзғаны үшін шығарып жіберуі мүмкін.
Бөлім мамандары жылына 1-2 рет тұрғын үйлерге тексеру жүргізіп, жалға алушылардың шарттарды сақтауын бақылайды. Ай сайынғы жалдау ақысы 3000-15 000 теңге аралығында.
2023 жылғы 4 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің “Нұрлы жер” бағдарламасы аясында салынған үйлерді жекешелендіру туралы” Жарлығы шықты. Осыған байланысты, азаматтар белгілі бір шарттарды орындау арқылы өздерінің жалға алып отырған пәтерлерін сатып ала алады.
Қазіргі таңда бастапқы тұрғын үйдің 1 шаршы метрі 350 000 теңгені құрайды. Алайда, бұрын салынған үйлердің амортизациясы ескерілгендіктен, олардың бағасы төмен болуы мүмкін.
Бұрын жекешелендіру үшін 30% бастапқы жарна талап етілсе, қазір бұл көрсеткіш 10%-ға дейін төмендеді. Қалған соманы 10 жылға бөліп төлеуге болады.
Жекешелендіру үшін азамат не істеуі керек?
Егер тұрғын 5-7 жыл бұрын жалға алған пәтерін жекешелендіруді жоспарласа, онда:
- Тұрғын үй қатынастары бөліміне барып, кеңес алу.
- Қажетті құжаттарды жинау.
- Өтінімді арнайы сайт арқылы тапсыру.
- Құжаттарды комиссия қарастырады.
- Комиссия шешіміне сәйкес жекешелендіру сомасы анықталады.
Бөлім мамандары кез келген сұрақ бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығының 4-қабаты, 414-кабинетіне келуге болатынын айтады.
Кезек қалай жылжиды?
Кейбір азаматтар кезектің неге баяу жылжитынын сұрап жатады. Мамандардың айтуынша, жақында пайдалануға берілген үйлердің құжаттарын рәсімдеу енді басталды. Кезек екі апта ішінде жаңартылып, жүйеде өзгерістер көрсетіледі.
Өзінің кезек нөмірін kezekte.kz сайтынан тексеруге болады. Ол үшін жеке мәліметтерді енгізу жеткілікті.
Келесі қандай үйлер пайдалануға беріледі?
Пионерская, 29 мекенжайында жақын арада қоныстандыру басталады.
19-ықшамауданда 3 жаңа тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оларды 2-3 ай ішінде тапсыру жоспарлануда.
Пионерская көшесіндегі үйде 18 пәтер бар:
- 2 бөлмелі пәтерлер
- 3 бөлмелі пәтерлер (70-80 м²)
Бұл үйлер көпбалалы және толық емес отбасыларға, жетім балаларға беріледі.
Марите, 39 мекенжайындағы үй қазір құрылыс бөлімінің балансында тұр. Ол тұрғын үй қатынастары бөліміне толық берілгеннен кейін ғана жекешелендіруге болады. Соңғы 5 жыл ішінде ешқандай мүлкі болмаған азаматтар ғана кезекке тұруға құқылы.
Айбар БЕРІК,
суреттітүсірген
Милена ПОТОРОЧИНА