Рудныйда Халықаралық медбикелер күні ерекше құрметпен аталып өтті

Осы атаулы күнге орай Рудный қалалық көпсалалы ауруханасында салтанатты концерт ұйымдастырылып, оған орта буын медицина қызметкерлері шақырылды. Бүгінде аталмыш мекемеде 340 орта буын маман жұмыс істейді, оның 282-сі – медбике, қалғандары – акушер мен зертхана қызметкерлері. Бұл күн – дәрігерлердің алғашқы көмекшілері саналатын, диагностика мен жалпы медицинаның негізін құрайтын медбикелерге арналды.

Мерекелік кеш барысында медицина қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының Құрмет грамоталары 37 қызметкерге табысталды. Жиырма жылдан астам тәжірибесі бар Юлия Ильина да әріптестерін мерекемен құттықтап, мамандыққа қалай келгені жайлы бөлісті.

– Мен бұл ауруханада 2002 жылдан бері жұмыс істеймін, – дейді педиатрия бөлімінің аға медбикесі Юлия Ильина. – 2024 жылға дейін хирургия бөлімінде медбике болдым. Кейін мені аға медбике қызметіне шақырды. Хирургия – жүрекке жақын бөлім, ол сені ешқашан жібермейді. Бұл жұмыс мені сабырлы болуға, кез келген жағдайда жол табуға үйретті. Ең бастысы – адамды аямау, қайта оған жанашыр болу керек. Аяған кезде ол үмітін үзіп, күресуді қояды. Ал жанашырлық пен қолдау – нағыз ем. Науқастардың өмірі, тағдыры – бізге үлкен тәжірибе. Сондықтан медбикелерге тілейтінім – сабыр мен төзім. Қазір қиын кезең. Көп медбике мамандығын тастап кетті, кеткісі келетіндер де бар. Бірақ қалғандары – нағыз патриоттар. Олар кетпейді деп сенемін. Бастысы – олардың еңбегі әділ бағаланса екен,- деп атап өтті маман.

Бүгінде медбикелер үшін біліктілік санатын арттыруға арналған сертификаттар қайта беріліп жатыр. Бұл олардың кәсіби өсуіне, тәжірибе мен дағдысын шыңдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жалақыны да арттыруға жол ашады. Бұл – медицина саласының дамуына серпін беретін маңызды қадам.

– Медицина – бұл үнемі үйреніп, даму мен жаңалықты қабылдауды талап ететін сала. Біздің жұмысымызға заманауи технологиялар енгізіліп жатыр. Бұл – медбикелердің кәсіби тұрғыда дамуына, жұмысты жеңілдетуге көмектеседі. Ауыр халдегі науқастар жататын бөлімдерге функционалды төсектер мен өмірлік көрсеткіштерді бақылайтын мониторлар орнатылды. Бұл – медбикелер жұмысына үлкен қолдау. Зертханалар да заманауи құралдармен жабдықталған. Бұл нақты диагноз қоюға сеп болады. Ал болашақта медбикелердің еңбегін одан әрі оңтайландыру үшін қосымша құрылғылар қажет. Бізде ауыр науқастармен жұмыс істейтін бөлімдер бар. Оларға физикалық және моральдық тұрғыда қолдау қажет. Сол үшін жаңа жабдықтар алуға үміттіміз. Сонымен қатар, біз жас мамандарды асыға күтеміз. Бізге жаңа толқын керек, — дейді бас медбике Мария Апареева.

Адам баласы әрдайым қарапайым жылы сөзге, құрметке, жақсы қарым-қатынасқа зәру. Қалай қарым-қатынас жасасақ, соған сай жауап аламыз. Ал медицинада бұл қағида – басты ұстаным. Ақ халатты абзал жандарға алғысымыз шексіз!

 

Гүлім МҰРАТ,

суретті ұсынған Рудный қалалық көпсалалы

ауруханасы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *