Рудныйда қандастар мен өскелең ұрпақты біріктіретін жобалар жалғасуда

Абай Құнанбаев атындағы жалпы білім беретін мектебінде 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Бақыт біздің бойымызда» қоғамдық қоры ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті. Бұл жоба бірнеше жылдан бері қандастарды қоғамға әлеуметтік интеграциялау бағытында жүйелі түрде іске асып келеді.

Бұл жолы қор өкілдері мен белсенділер мектептің оқушыларымен кездесті. Танымдық дәріс, дөңгелек үстел форматында өткен шарада оқушылар ұлттық киімдермен келіп, түрлі этностардың салт-дәстүрлерін таныстырды. Шараға қатысушылар – қандас отбасылардан шыққан балалар да белсенділік танытты. Бұл өз кезегінде Қазақстан халқының бірлігін, көпұлтты ел ретіндегі ортақ мәдени мұрасын насихаттайтын маңызды алаңға айналды.

– Мұндай іс-шаралар балалардың бойында толеранттылықты, достық пен өзара түсіністікті қалыптастырады. Әртүрлі ұлт өкілдерінің бір шаңырақ астында тату өмір сүріп, ортақ құндылықтарды ұлықтауы – біздің басты мақтанышымыз. Біз тек дәріс оқып қана қоймай, ашық пікір алмасу арқылы өскелең ұрпақтың дүниетанымын кеңейтуді мақсат етеміз, – дейді қоғамдық қор жетекшісі Ирина Неживых.

Шара барысында ақын, ардагер, Сүндет Молдашев оқушылармен кездесіп, оларға қазақ халқының дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, ұлттық тәрбиенің мәні жайында тағылымды әңгіме өрбітті. Ол достық пен өзара құрметтің маңызын атап өтіп, көпұлтты қоғамда өмір сүрудің артықшылықтарын жастарға терең түсіндірді.

Сондай-ақ, кездесуге қатысқан мемлекеттік қызметтің ардагері, қалалық ардагерлер қозғалысының белсендісі Ләйлә Қапанова балаларға өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, азаматтық жауапкершілік пен отансүйгіштік жөнінде әсерлі ой айтты.

Ол өз сөзінде: «Тарихи Отанына оралған қандастарымыз үшін мұндай іс-шаралар бейімделу үдерісінде өте маңызды. Біз бір елде, ортақ шаңырақ астында тұрып жатырмыз. Ұрпақтар арасындағы байланысты үзбей, дәстүрлерімізді жалғастыру – баршамыздың міндетіміз», – деді.

Жиын соңында барлық қатысушылар ортақ дастархан басында бас қосып, шай үстінде ұлттық тағамдардан дәм татты. Қор өкілдері мұндай ортақ шай ішу рәсімінің бейбітшілік пен мейірімділікке негізделген ел бірлігінің символына айналғанын атап өтті.

— Жоба аясында алдағы уақытта да түрлі бағыттағы іс-шаралар жалғасын таппақ. Қазірдің өзінде бастауыш сынып оқушылары арасында «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» атты сурет байқауы өтіп жатыр. Балалар өз елін, туған жерін қалай елестететінін қағаз бетіне түсіріп, шығармашылық көзқарастарын ортаға салуда. Жеңімпаздарды мамыр айының соңында марапаттау жоспарланған. Сондай-ақ қыркүйек айында түрлі ұлт өкілдері қатысатын дәстүрлі отбасылық фестиваль өтеді,- деп атап өтті Ирина Неживых.

«Бақыт біздің бойымызда» қоғамдық қорының қызметі – еліміздегі ұлтаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған жарқын үлгі. Бұл бастама әсіресе тарихи Отанға оралған қандастарымыз үшін бейімделу жолында үлкен қолдау болуда.

 

Гүлім МҰРАТ,

суретті түсірген

Айбар БЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *